Дженсен Хуанг атышулы отставкасынан 11 күн өткен соң Nvidia басшысы қызметіне қайта оралды
Бұған дейін оның отставкасына шетелдік барлау қызметімен ықтимал байланыс туралы ақпарат пен жеке өміріне қатысты жанжал себеп болған еді
Америкалық Nvidia компаниясының директорлар кеңесі Дженсен Хуангты президент, бас атқарушы директор және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтеріне бірауыздан қайта тағайындады. Компания бұл туралы 23 қарашада хабарлады. Шешім дереу күшіне енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дауыс берер алдында директорлар кеңесінің мүшелері Хуангпен бірнеше рет кездесіп, бірқатар мәселені талқылаған. Кездесулерден кейін олар оның ашықтығы мен Nvidia компаниясын басқару қабілетіне қанағаттанған.
Шешім қабылдау кезінде директорлар кеңесі АҚШ үкіметінің жоғары лауазымды өкілдерінің пікірін де ескерген. Олардың бағалауына сүйене отырып, кеңес Хуангтың қызметіне қайта оралуы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмейді деген қорытындыға келген.
«Директорлар кеңесі Дженсеннің Nvidia компаниясын басқаруға лайықты адам екеніне және оның қызметіне қайта оралуы акционерлеріміздің, қызметкерлеріміздің, серіктестеріміз бен клиенттеріміздің мүддесіне сай келетініне сенімді. Біз Дженсенге толық сенім артамыз және оның компания басшылығына қайта кірісуін асыға күтеміз», – деді директорлар кеңесінің төрағасы Харви Джонс.
Джонс директорлар кеңесінің төрағасы қызметін сақтап қалады. Ол сондай-ақ Nvidia компаниясының қаржы директоры қызметін атқара жүріп, уақытша бас атқарушы директор міндетін де қатар атқарған Колетт Кресске атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.
«Nvidia компаниясына қайта оралып, жаңа индустриялық революция басталған кезеңде әлемдегі ең маңызды технологиялық компаниялардың бірін басқару мен үшін үлкен мәртебе. Бұл жауапкершілікті терең кішіпейілділікпен және жаңа жігермен қабылдаймын. Осы үдеріс барысында сенім білдіріп, мәселені жан-жақты қарастырған Nvidia директорлар кеңесіне алғыс айтамын. Әсіресе директорлар кеңесінің төрағасы Харви Джонсқа басшылық жасағаны үшін, сондай-ақ осы кезеңде Nvidia компаниясының жұмысын үйлестірген Колетт Кресс пен бүкіл басқарушы топқа ризашылығымды білдіремін. Қызметкерлерімізге, акционерлерімізге, сала көшбасшыларына және әлемдегі серіктестерімізге көрсеткен ерекше қолдауы үшін алғыс айтамын. Ең алдымен, отбасымның сүйіспеншілігі мен қолдауы үшін ризамын. Жұмысқа қайта кірісуді асыға күтемін», – деді Дженсен Хуанг.
Бұған дейін компания баспасөзде Хуанг шетелдік барлау қызметтерінің нысанасына айналғаны туралы ақпарат тарағанын хабарлаған еді. Осыған байланысты директорлар кеңесі тек тәуелсіз директорлардан тұратын арнайы комитет құрып, тергеу жүргізуді тапсырды. Комитет жұмысқа көмектесу үшін тәуелсіз заңгер жалдаған.
Директорлар кеңесі тергеу толық аяқталатынын тағы да мәлімдеді. Хуанг бұл жұмысты толығымен қолдайтынын және комитетпен ынтымақтасуға дайын екенін жеткізген.
Бұдан бөлек, директорлар кеңесі Ұлттық қауіпсіздік және экспорттық бақылау жөніндегі комитет құрды. Оның құрамына тек тәуелсіз директорлар кірді. Комитет сауда талаптарының сақталуын және ұлттық қауіпсіздікке төнетін тәуекелдерді бақылаумен айналысады.
Қазір комитет ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша тәжірибесі бар заңгер іздеп жатыр. Ол өз кезегінде осы саладағы сарапшыларды кеңесші ретінде тартады.
Сонымен қатар Nvidia компаниясы нормативтік талаптардың сақталуына жауап беретін жаңа лауазым – комплаенс жөніндегі директор қызметіне үміткер іздеуді бастады. Ол компанияның барлық бөлімшесінде заңнамалық және өзге де міндетті талаптардың орындалуын қадағалап, тағайындаулар және корпоративтік басқару жөніндегі комитетке есеп береді.
Nvidia мемлекеттік органдар жүргізіп жатқан тергеулермен және олардың сұрауларымен ынтымақтастықты жалғастырады.
Дженсен Хуангтың отставкасына себеп болған жанжал
Еске салайық, Nvidia директорлар кеңесі 12 қарашада Дженсен Хуангтың қызметінен кететінін жариялаған еді. Алайда компанияның ресми хабарламасында отставканың себептері көрсетілмеді.
Хуангтың қызметінен кетуіне дейін әлемдік БАҚ назарын аударған жанжал болған. Reuters агенттігінің мәліметінше, Nvidia басшысының Қытай барлау қызметімен байланысы бар деген күдікке ілінген кәсіпкер Элис Хуангпен жеке қарым-қатынасы туралы ақпарат тарағаннан кейін тергеу басталған.
Дженсен Хуанг әйеліне опасыздық жасағанын мойындағанымен, әлгі әйелдің Қытай билігімен болжамды байланыстары туралы білмегенін мәлімдеген. Nvidia басшысы әйелі Лоримен ажырасқан жағдайда 80 миллиард доллардан астам қаржысынан айырылуы мүмкін екені де хабарланған.
The New York Times басылымы Хуангтың Nvidia компаниясының денсаулық сақтау бағыты бойынша вице-президенті қызметін атқарған Кимберли Пауэллмен де некеден тыс қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат жариялағаннан кейін жағдай күрделене түсті.
Жанжал аясында Nvidia директорлар кеңесі шетелдік ықтимал араласуға қатысты тәуелсіз тергеу бастады. Reuters агенттігінің компания басшылығы төңірегіндегі дағдарыстың өрбуіне арналған материалында тергеу АҚШ-тың жасанды интеллект чиптерін Қытайға жеткізу және экспорттық шектеулерді айналып өту мүмкіндігі мәселелерін де қамтығаны айтылды.
АҚШ Өкілдер палатасының үш комитетінің төрағасы Nvidia басшысы Дженсен Хуангты өнеркәсіптік тыңшылықтан қорғану үшін компания қандай шаралар қабылдап жатқанын түсіндіру мақсатында жабық брифингке шақырған.
11 қарашада директорлар кеңесі Хуангтың алдағы қызметіне қатысты мәселені талқылап, 12 қарашада компания оның қызметтен кететінін жариялады. Дегенмен ресми мәлімдемеде отставканың себептері ашып көрсетілмеді.
Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Дженсен Хуангтың Nvidia компаниясынан кетуіне қатысты пікір білдіріп, оны келемеждеген. Ол америкалық корпорацияның директорлар кеңесін қолдап, бұрынғы топ-менеджердің үйленуін кепілдігі жоқ сәтсіз мәмілемен мысқылдап салыстырған.
Отставкадан бірнеше күн өткен соң Nvidia компаниясының бұрынғы басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Дженсен Хуангтың бас директор қызметіне қайта оралғысы келетіні белгілі болды. Оның жақтастары қызметіне қайта тағайындалуына қолдау білдіріп, акционерлер мұрагерді таңдауға асықпауға шақырған. Ал АҚШ билігі компания басшылығын ауыстыруды талап еткен.
23 қазанда Дженсен Хуанг Астанада өткен AI Month форумының арнайы қонағы болды. Ол Қазақстанды Physical AI – физикалық әлеммен өзара әрекеттесетін жасанды интеллект саласындағы әлемдік орталыққа айналдыруды ұсынған.
