Бүгін, 02:44
Әлем

Ыстанбұлда көшенің ортасында жүрген арыстан тұрғындардың зәресін ұшырды

Мамандар жануарды іздестіріп, тұрғындарға үйлерінен шықпауға кеңес берді.\

Ыстанбұлда көшенің ортасында жүрген арыстан тұрғындардың зәресін ұшырды
Фото: istockphoto.com

Ыстанбұлдың Сарыер ауданында арыстанның пайда болғаны туралы хабардан кейін іздестіру операциясы басталды. Мамандар жануарды тауып, ұстауға әрекеттеніп жатқанда, жергілікті тұрғындарға үйлерінен шықпау ескертілді,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy Türkiye Today басылымына сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, іздеу жұмыстарын жүргізуге Ускумрукөй ауданынан 112 жедел қызметіне түскен қоңырау себеп болған. Куәгер арыстан көргенін хабарлаған. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексерген мамандар жануарды байқап, алдын ала оны ұрғашы арыстан деп анықтаған.

Табиғатты қорғау қызметі мен жандармерия өкілдері аумақты алғаш тексергенде нәтиже болмаған. Кейін жылу камераларының көмегімен жануардың орманды жерде жүргені анықталды. Осыдан соң оны ұстау операциясы басталды.

Сарыер ауданының әкімі Октай Аксу тұрғындарға сақтық шараларын сақтауды ескертті.

«Азаматтардан өз қауіпсіздігі үшін және мамандардың жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында үйлерінен шықпауды сұраймыз», – деді ол.

Жандармерия да іздестіру жұмыстары аяқталғанша тұрғындарды абай болуға шақырды. Аумақты тексеру кезінде мамандар жылу камераларын пайдаланып, болжам бойынша ұрғашы арыстанның орналасқан жерін анықтаған.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, Бардакчи іздестіру барысын бақылап, операцияға қатысушыларға қолдау көрсеткен.

Сарыер ауданы Ыстанбұлдың Еуропа бөлігінде, Босфор бұғазының маңында орналасқан. Мұнда тұрғын үйлер орман алқаптарымен шектеседі. Түркияның жабайы табиғатында арыстанның пайда болуы – өте сирек кездесетін жағдай.