Төрт түлік малды сақтандыру үшін қанша қаражат кетеді?
Қолданыстағы заң бойынша шаруа ең кемі 30 бас малын сақтандыра алады
Былтыр Қазақстанда қуаңшылықтан мал қырылса, биыл көктем келе батыс өңірді су басып, халықтың күн көріп отырған төрт түлігі өлді. Былтыр жергілікті билік Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Аралда қырылған малдан қауіпті инфекция табылған жоқ деп өтемақы төлеуден жалтарса, биыл Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев сақтандырылмаған соң суға кеткен малға өтемақы берілмейді деп мәлім етті.
Azattyq Rýhy тілшісі шаруалар ірі қара малын, жылқысын, қойы мен құсын қалай және қандай қаражатқа сақтандыра алады, есептеп көрді.
Қорадағы малыңызды Qoldau-ға тіркеңіз
2020 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы кешенін сақтандырудың жаңа, ерікті жүйесі іске қосылып, шаруалар 30 бастан жоғары ірі қарасын сақтандыруға мүмкіндік алды. Ол үшін шаруаға интернеттен Qoldau.kz сайтын тауып, жеке кабинет ашу керек. Кейін оператордың ережелерімен келісіп, электронды цифрлы қолтаңбаңыз арқылы сайтқа кіресіз. Сайтқа жеке тұлға, заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркеле аласыз. Сайт ашылған екі жылдан бері оған 245 мың адам тіркелген. Бұл әрине, Қазақстандағы ауыл халқына шаққанда өте аз көрсеткіш.
«Қуаңшылық – табиғи апат емес»
Сайттағы сақтандыру ережесіне сай, сіз тек кейбір жағдайда ғана сақтандырған малыңызға өтемақы ала аласыз. Айта кетейік, мал шаруашылығын сақтандыру жүйесін әзірлегендер, бұл ретте негізгі жауапты орган – ауыл шаруашылығы министрлігі қуаңшылықты табиғи апатқа қоспаған.
Бірақ АШМ-ға қарасты Ауыл шаруашылығын қолдау қоры Қазақстанның климатына жат құбылыс – тайфун циклонынан бола мал қырылса, өтемақы төленетінін ереже бекіткен.
Сонымен, осы және өзге қандай жағдайда малыңызға өтемақы ала аласыз? Тізімі төмендегідей:
- Жұқпалы ауру тараса;
- Инвазиялық (паразиттер) ауру тараса;
- Жұқпалы емес ауру жұқтырса;
- Оқыс оқиға болса;
- Қауіпті табиғи апаттар болса;
- Өрт болса;
Үшінші тараптан жасалған қастандық болса;
Бұл ретте жоба авторлары мал жарылыстан өлсе, найзағай түсіп немесе тоқ соғып өлсе, малдың басынан күн өтсе немесе үсіп өлсе, бір нәрсеге оралып, қылқынып өлсе, жыртқыш аңдар өлтірсе, улы жәндік шағып немесе улы зат жеп өлсе, мал арыққа құлап өлсе, оны оқыс оқиғаға жатқызып, өтемақы төлейді.
Ал су тасқыны, цунами, сел, құйын, дауыл жел, циклон (тайфун), шторм, бұршақ табиғи апат болып саналады.
Үшінші тараптың қастандығына әдейі жасалған қастандық, бұзақылық, ұрлық, малды қыру фактілері қосылған.
Отыз малды сақтандыру үшін қанша қаражат керек?
Сонымен, қорадағы немесе шаруашылықтағы малыңыздың қырылуына осы фактілер себеп болса, малыңызды сақтандырған жағдайда сіз толық өтемақы ала аласыз. Ең бастысы, сайтқа тіркелген кезде малыңызды сақтандыратын аумақты дұрыс жазу керек. Өйткені сақтандырудың екі түрі бар, біріншісі – өзіңіз тұратын аумақта инфекциялық ауру табылса, екіншісі – сіздің аумағыңыздан тыс 5 шақырым жерде инфекция табылса төленетін сақтандыру.
Олардың үстемақысы да әртүрлі: мәселен, бірінші өнім бойынша үстемақы 1.54%-2.31% тарифпен, екінші жағдайдағы сақтандыруға берілетін өтемақы 3.08%-4.62% тарифпен есептеледі. Ең бастысы, сіз кемі 30 бас малды сақтандыра аласыз. Әр бастың құны кемі 100 мың теңгемен есептеледі.
Мәселен, сіз 30 сиырыңыздың әрқайсысын 300 мың теңгеге бағаладыңыз делік. Жүйенің ережесіне сәйкес, 30-99 ірі қараны сақтандырған адамға сақтандыру пайызы 2.31% тарифімен есептеледі. Сонда, 30 ірі қараның әрқайсысын 300 мың теңге деп бағаласаңыз, олар жоғарыда атаған себептерге байланысты қырылса, сіз 9 млн теңге көлемінде өтемақы аласыз. Ал осы өтемақыны алу үшін сіз 30 бас малға осы 9 млн теңгенің 2.31%-ын сақтандыру ретінде төлеу керексіз, яғни, сақтандыру компаниясына 207 мың теңге төлейсіз. Қазір мемлекет сақтандырудың 80 пайызын субсидиялайды, сіз cол субсидияға қол жеткізе алсаңыз 30 бас малыңыз үшін сақтандыруға төлейтін ең ақырғы сома 41 мың теңге болады.
Айта кетейік, күні кеше ғана тиісті бұйрыққа өзгеріс еніп, мемлекет бұрынғы 50 пайыз субсидияның көлемін 80 пайызға дейін өсірді.