$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Кеңес үкіметінің елесінен арылатын уақыт баяғыда келді»: Петропавлда қала атауын өзгерту жөнінде петиция жарияланды

Петропавл 1925 жылы ресми түрде Қызылжар деп аталғаны туралы тарихи құжаттар бар

«Кеңес үкіметінің елесінен арылатын уақыт баяғыда келді»: Петропавлда қала атауын өзгерту жөнінде петиция жарияланды
Фото: wikipedia.org

Петропавл қаласының атауын өзгертіп, Қызылжар деп атау жөнінде петиция жарияланды. Бұл ұсынысты 19 мыңға жуық адам қолдаса, 12 мыңнан астамы қарсылық танытқан. Қол жинау әлі де жалғасуда. Қазір әлеуметтік желілерде петиция қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Көпшілік пікірі қақ жарылды. Бірі «Петропавлдың тарихи атауын қайтаруды созбаққа салудың қажеті жоқ» десе, екінші тарап оған уақыт керегін айтады. Солтүстік Қазақстан облысының орталығын Қызылжар деп атауға үзілді-кесілді қарсылық танытып жатқандар да бар.

Петропавл атауын «Қызылжар» деп өзгертуді қолдайтындардың бірі – Солтүстік Қазақстан тұрғыны Закиржан Мамлютов. Ол Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің бұған қарсылық танытуға қақысы жоқ деп есептейді.

«Барлық қоғамда проблемалар бар және бола береді. Көпшілік қала атауын ауыстыру жөнінде сөз қозғаса, оған жұмсалатын шығынды сылтау етеді. Біз дамыған 30 елдің қатарына кірсек те, алдымыздан басқа проблемалар шыға береді. Өйткені халықтың бір бөлігінің тұрмысы келесіден төмен болады. Бұл өмір заңдылығы. Тарихи мұраға, және оны жасаушы тұлғаларға деген құрмет бірінші орында болуы керек. Ол экономикадан да саясаттан да алда тұрады.

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асты. Бірақ әлі күнге дейін кей азаматтар қазақ халқы өз үйінде тұрып, жер-су, елді мекен атауларын өз қалауынша өзгерте алмайды деп есептейді. Бұл ақылға сыйымсыз. Бұл біреудің иелігіндегі жер теліміне барып, құрылысты «олай сал, былай салма» деп орынсыз тұстан бұйрық берген секілді елестейді. Кеңес үкіметінің елесінен арылатын уақыт баяғыда келген. «Кеңес үкіметі салды, оның атауын өзгерту сіздердің шаруаларыңыз емес» деп қарсы пікір білдіретіндер де бар. Кешіріңіздер, Кеңес үкіметі салса, Қазақстанның қаржысына, қазақ жеріне салды. Осы жерден қаншама пайдалы қазбалар өндіріліп, елге инвестиция ретінде қайта оралды. Мен қазақ емеспін. Мен татар ұлтының өкілімін. Дегенмен өз пікірімді білдіруге құқығым бар», - дейді ол.

Закиржан Мамлютовтың ата-бабасы 200 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда тұрып жатқан көрінеді.

«Біз қазақ жерінде тұрып жатқан диаспорамыз. Ресейде де талай атау өзгертілді. Бірақ ешкім диаспоралардың пікірін сұраған жоқ. Бізде де солай болуы керек. Қазақ өз жерін қалай атаса да, өз еркі. Қазақстандағы әр диаспораның өз тарихи Отаны бар. Егер ел басына күн туса, олар өз елдеріне көшіп кете алады. Қазақтарға басқа барар жер жоқ. Себебі олар осы жердің қожайыны. Сондықтан қожайынның шешіміне араласудың қажеті жоқ. Біз мұнда қанша тұрсақ та, елдің иесі – қазақ халқы», - дейді Закиржан Мамлютов.

Петропавл 1925 жылы ресми түрде Қызылжар деп аталғаны туралы тарихи құжаттар бар.

18 шілдеде Ақмола губерниялық атқару комитеті (Қызылжар аталған губернияның сол кездегі орталығы) төралқасының Петропавлды ресми түрде Қызылжар деп атау туралы қаулы қабылдауы және оны ҚР ОАК бекітіп, 19 қыркүйекте өз қаулысын шығаруы негіз болған. Бірақ Мәскеуге жолданған құжаттар жауапсыз қалған.

«Соңғы кездері Петропавл және Павлодар қалаларының атауын өзгерту жөнінде ұсыныстар айтылып, қол жиналып жатыр. Саясатта өте абай болған дұрыс. Әрине, мен Петропавл атауының өзгеріп, Қызылжар болғанын қалаймын. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына 30 жылдан асты.  1990 жылы республикадағы тұңғыш тәуелсіз басылым «Қызылжар» газетін шығардық. Өз халқымызға және өзге ұлт өкілдеріне түсінікті болсын дегем мақсатпен 2 тілде шығардық.  Мақсаты – ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, тарихын, мәдениетін насихаттау. Сол басылымның алғашқы санында Петропавлдың тарихи атауы Қызылжар екенін дәлделдеп бердік. 2010 жылы осы атауға байланысты үлкен қоғамдық дүмпу туды. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменов бұл мәселені үлкен саяси мінберде көтерді. Сол тұста қоғам екіге жарылды. Көшеде жұртшылық қызыл лента, көк лента тақты. Қазіргі кезде қаланың тарихи атауын қайтару – ерте. 1990 жылы Президент жарлығымен өзгертіп жіберсек, ештеңе болмас еді. Сол ұрымтал сәтті өткізіп алдық», - дейді журналист Өмір Есқали.

«Қазақстан халқы Петропавл қаласының атауын өзгертуді талап етеді. Қазақстанның болашағына немқұрайлы қарамайтын халық Қазақстанның барлық қалаларының атауы қазақша аталғанын талап етеміз. Егер сіз еліміздің патриоты болсаңыз, осы өтінішке қол қойыңыз», - делінген 7 сәуір күні жарияланған петицияда. Авторы - Ерсұлтан Нұрғалиев. Өмір Есқалидің пікірінше қаланың атауын өзгерту –  Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси жағдайдың ушығуына алып келуі мүмкін. Өтйкені теріскей халқының басым бөлігін өзге ұлт өкілдері құрайды.

«Қазір Украина мен Ресей арасындағы жағдай бұл үміт отына су құйды. Бұл өзгерісті кемі 5-10 жылға шегеріп тастады. Қол жинап жатқан сырттағы ағайындардың  ниетін түсінемін. Бірақ қалыптасқан саяи ахуалмен санаспасқа болмайды. Қызылжар – желдің өтінде, шекараның бетінде тұр. Саяси, демографиялық жағдай өте күрделі. Өңірдегі 575 мың адамның 200 мыңы өзіміздің ағайындар. Оның жартысына жуығы ғана ана тілін біледі. Жеме-жемге келген уақытта бұл болмайтын дүние. Ертең өзге ұл өкілдері де петиция жинайды. Петиция түгіл, Президент Жарлығымен өзгертудің мүмкіндігі жоқ. Осындай жағдайда Мемлекет басшысы ондай қадамға бармайды. Менің пікіріме күйінетіндер де болар, бірақ менің байламым осы.

Атауын өзгерткен жағдайда да, орыстар көшеге шығып кетеді. Экономикамыздың 70-80 пайызы Ресейге тәуелді. «Солтүстік Қазақстан – Ресейдің жері» деп аузына келген пікірді айтып жүргендер де бар. Оларға құрғап тұрған шөпке сіріңке тастағандай боламыз. Олар соны күтіп отыр. Бәріне уақыт төреші. Сондықтан Петропавл атауы дәл қазір өзгермейді. Асықсақ та аптықпайық. Саяси салқынқандылық керек. Мен петицияға үзілді-кесілді қарсымын. Ол халық арасындағы дүрдазардықты күшейтеді. Дәл қазіргі уақытта Петропавл атауын өзгерту аспандағы айға қол созумен бірдей», - дейді журналист Өмір Есқали.

Серіктес жаңалықтары