Бюджеттен 250 млрд теңге бөлінген: Қарағанды мен Балқаш арасындағы 2020 жылы бітуі тиіс жол әлі аяқталған жоқ
«ҚазАвтоЖол» Қарағанды мен Балқаш арасындағы жолды төрт жылдан бері жөндей алмай келеді
«ҚазАвтоЖол» 363 км жолдың құрылысын әлі күнге аяқтай алмай келеді. «Балқаш-Қарағанды» арасын жалғайтын жолға бюджеттен қаржы бөлінініп, жоба басталғанда ұлттық компанияның басшылары республикалық маңызы бар жолды 2020 жылы-ақ пайдалануға береміз деп мәлімдеген. Алайда одан бері төрт жыл өткенмен, жолдағы жұмыстардың тек тең жартысы ғана аяқталыпты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Тіптен республикалық маңызы бар құрылыстың жұмыстары былтыр күзде тоқтап қалғаны белглі болды. Ал әу баста ел қазынасынан бөленген 250 млрд теңгеге жол салып береміз деген компаниялар уәдесінен айнып қалыпты.
«Балқаш-Қарағанды» автожолы орталық-оңтүстік дәлізін қайта жаңарту бойынша маңызды құрылыс жұмыстарына жатады. 2018 жылы жасалған келісімшартта құрылыстың құны 248,2 млрд теңге деп көрсетілген. Қолданыстағы III техникалық санатты жолдың құрылысы аяқталғанда I «Б» техникалық санатқа сәйкес болуы керек еді. Алайда «Екатеринбург – Алматы» арасын жалғайтын жолдың дәл осы «Қарағанды-Балқаш» учаскесі толыққанды қашан іске қосылатыны белгісіз.
«Ең қиын жұмысы – топырақ төсеу мен көпірлер. Топырақ төсеу жұмысы 95% аяқталды. Мердігер компаниялар ұлттық оператордан тағы қаржы сұрап жатыр. Құрылысты қайта жобалап, қосымша қаржы керек дейді олар. Өйткені құрылыс материалдары қатты қымбаттап кетті. Қайта қаржыландырудың жасалуын немесе бұрынғы шартпен қалуын Нұр-Сұлтандағы басшылар мен министрлік шешеді. Біз тек жобаны орындаушы, қадағалаушымыз. Қараша айынан бері құрылыс жұмыстары тоқтап тұр, компаниялар күтіп ұстау жұмыстарымен айналысты. Астанадағы басшылар жуырда ары қарай жалғасады деп отыр», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Сырым Хамзин.
Былтырға дейін қаражаттың 104,8 млрд теңгесі жұмсалып қойған. Жоба 8 учаскеге бөлінген. Жобаны бас мердігер ретінде «ҚазГерСтрой» БК» ЖШС мен «CITIC Construction Co LTD» компаниялары ұтып алғанмен, олар жұмысты ондаған қосалқы мердігер мекемеге тапсырыпты.
«Бүгінгі таңда «Қарағанды-Балқаш» жобасы бойынша 28 900,04 мың м3 жер төсемінің құрылысы, 216 км жолға қосымша қабатын орнату, төменгі-жоғарғы қабатының құрылысы, 290 дана су өткізу құбыры орнатылды. Жоспардағы 11 көпірдің 6-ауы салынды. Ауыл шаруашылығы техникасының өтуіне арналған 32 жол өтпесінің 20-сы салынды. 2 көлік жолайрығының қазір Балқаш қаласында 1-еуі салынды. «Қарағанды-Балқаш» учаскесіндегі жаңа асфальтбетон бойынша 211,13 км, қолданыстағы жол бойынша – 132,35 км, жағалау бойынша – 9 км, айналма жол бойынша – 8,72 км көлік қозғалысы ашылған», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалынан.
Ұлттық компания басшыларының сөзіне сенсек, жұмыс сапасы бойынша өрескел бұзушылықтар мен ақаулар анықталмаған. Олар жоба толыққанды 2023 жылы аяқталады деп отыр. Бірақ әу баста өздері «Қарағанды-Балқаш» автожолының құрылысы 2020 жылы пайдалануға беріледі деп мәлімдеген еді.