«Куәгер болған»: Ақмола облысында дәрігер өз-өзіне қол жұмсады

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр

«Куәгер болған»: Ақмола облысында дәрігер өз-өзіне қол жұмсады
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында Есіл аудандық ауруханасының 38 жастағы дәрігерінің өліміне байланысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Instagram желісіндегі nayza_kokshe парақшасында медицина қызметкерінің қайтыс болғаны туралы ақпарат жарияланды. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел еңбек демалысынан енді оралған. Жарияланымда оның қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде өтіп, қайғылы оқиға алдында Экономикалық тергеу департаментіне шақырылғаны да айтылған. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Ақмола облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Алдын ала мәлімет бойынша, Есіл ауданының 38 жастағы тұрғыны өзіне қол жұмсаған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда», – деді олиция.

Ведомство өкілдері Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу барысы туралы өзге ақпарат жарияланбайтынын атап өтті.