Алматы тергеушілері кәсіпкерді тапаншамен қорқытқан экс-полицейдің ісін қысқартып, жылы жауып тастаған – адвокат
Ерлі-зайыпты кәсіпкер үш жылдан бері әділдік іздеп келеді
Алматылық кәсіпкерді экс-полицей бопсалаған. Редакцияға шағым айтып келген кәсіпкер әйелдің сөзінше, отставкадағы майор елдің көзінше оның кеудесіне тапанша тіреп, сұраған ақшаны тауып бермейтін болса атып тастайтынын ашық айтқан. Суық қаруланған майор шеніндегі әйел үйдің ішіндегі кинотеатр, теледидар, ыдыс-аяқтың бәрін қиратып тастаған көрінеді. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері күдіктіні бөлімшеге жеткізгенмен, ондағы тергеушілер тапаншаны иесіне қайтарып бере салған дейді шағымданушы. Бұл оқиғадан бері үш жылға жуық уақыт өтсе де, тергеу сол қалпы сотқа жетпеген. Керісінше, қылымыстық істі тергеушілер екі рет қысқартып тастаған деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Алатау аудандық полиция басқармасының тергеушісі Бекзат Маратов біздің арызымызды қарамай, ісімізді жүргізбей отыр. Ол біздің ақшамызды бермей жүрген экс-полицей Сәуле Мамажановаға жақтасып отыр. Тергеуші «сендерге қарсы куәгер болам» деді. Құқық қорғау органында жұмыс істейтін адамның істі бұра тартуға, куәгер болуға қандай қақысы бар? Тергеуші қылмыскерді қорғап отыр. Олар бұл іске мүдделі. Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Өмірсеріков те құрғақ сөзбен шығарып салады. Түсінгенім, олар таныстықты алға тартып, қылмыскерді қорғап отыр», - деді шағымданған кәсіпкер Роза Әділбекова.
Роза Әділбекова
Розаның сөзінше, ол өзіне тапанша кезенген әйелмен бұрыннан таныс болған. Айтуынша, экс-полицей базардағы саудагерлерді «қорғап», ол қызметі үшін жаңа жыл қарсаңында мың доллардан алып отырған. Одан бөлек, жер учаскесін алып берем деген уәдемен тағы да миллиондап ақша алған көрінеді.
«2007 жылы осы Сәуле Мамажанова бізге Шамалған ауылынан үш жер учаскесін алып берем деп 10 мың доллар алған. 2014 жылы ұлымды полицияға жұмысқа тұрғызам деп 4 мың доллар алды. 2017 жылы пайызсыз несие алып берем деп 550 мың теңгені тағы алды. Мал шаруашылығымен айналыса бастағанда, «инвестор сендерге пайызсыз ақша береді, Қарағанды облысындағы инвестордан 100 мың долларды пайызсыз шығарып береміз» деді. Біз оның уәделеріне сеніп келдік. Сәуле бұрын Қаскелеңде полицияда жұмыс істеп жүріп, майор шенімен зейнетке шықты. Біз Барахолка базарында пиротехника саттық. Бізге жан-жақтан келетін тексерушілерге тиіскізбей, қорғаймын деп бір мың доллардан алып отырды. Біз осылай отшашуларды сатумен айналыстық. Кейін біз оған «жерің керек емес, ақшамызды қайтар» дегенде ол өзімізді қорқыта бастады. Мамажанова 2020 жылдың 2 қаңтарында үйіме келіп, кеудеме тапанша тіреп, ақша сұрады. «Алатау ауданының полициясы мен соты қолымда, ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда, ештеңе істей алмайсыңдар» деді. Оның айтқаны рас болып шықты. Қанша арыздансақ та ісіміз алға баспады. Шындықты таппадық, әділдік жоқ екен», - дейді кәсіпкер әйел.
Аталған оқиғадан соң ҚР ҚК 389-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру басталған. Бірақ тергеушілер істі екі рет қыстартып тастапты. Ауданның прокуроры Масақбаев істің қысқартылуы заңсыз деп 2021 жылдың қарашасында арнайы қаулы да шығарған. Бірақ одан бері жарты жылға жуық уақыт өтсе де тергеу жүргізілмеген. Керісінше, сол аралықта тапанша тақаған әйел жәбірленушілерді азаматтық іс бойынша сотқа беріп, жеңіп шыққан.
«Тергеушілер Мамажанованы, яғни бұрынғы әріптестерін жақтап отыр. Мамажанова алдап бас-аяғы бізден 22 мың доллар алыпты. Одан бөлек, жыл сайын пиротехника сататын мезгілде «крышавать» етем деп бір мың доллардан алып кететін. Осылай 19 жыл бізден ақша алып отырды. Сонда тек біздің отбасымыз оған қырық мың доллардан аса ақша беріппіз. Біз сияқты ол жерде алты адам пиротехника сатты. Олардың бәрінен ақша жинап кететін. Ойыншық сататын саудагерлерді де «крышавать» етіп келді. Сот үстінде судьяға атын атап, «сен» деп құрбысындай сөйлеседі. Бұл таныстық және жемқорлық деп санаймын. Егер мен кінәлі, айыпты болсам сотталайын, дайынмын. Болмаса тергеу мен сот істің ақ-қарасын анықтасын. Неге біз осыншама қорлық көріп, жапа шегуіміз керек?
Үстіме бензин ұйып, өзімді өртегім де келді. Өйткені азаматтық соттан жеңілдік. Оған керісінше мен қарыз болып шықтым. Олар Ұлжан шағын ауданындағы үйімді, дүкенімді, жерімді, Жамбыл облысындағы қожалығымды тартып алмақ. Барлығын кепілге қойып тастады. «Керек болса үйлеріңді тартып алып, далада қалдырам» деген. Осылай рейдерлікпен айналысып жатыр. Судьямен сотта бір бірімен шай ішіп отырғандай сөйлеседі. Қарсы тарап судьяға «Жанеля, саған рақмет» дейді ашықтан ашық. Президенттің әділ сот туралы айтып жатқандарына бұл Алатау ауданының тергеушілері де, судьялары да пысқырмайды. Бұлардың ең сорақы әрекеті, сот жүріп жатқанда заңсыз істерін жабу үшін, өздерінінң мүдделеріне оң шешім шығаруға мүмкіндік жоқ екенін біліп, соттың үстінде қылмыстық істің құжаттарын қалалық прокуратураға алып кетіп, өзгертіп алып келген. Оны істеген Алатау аудандық прокуратурасының кураторы Самат деген жігіт», - деді шағымданған кәсіпкер Талғат Шарипов.
Талғат Шарипов
Бұрынғы танысынан зәбір көрдік деген отбасы қатарынан екі адвокат жалдаған. Тәркіленбеген тапаншаны тек прокурордың қаулысынан кейін ғана тергеуші қайта алдыртқан. Сонымен қатар, Алатау ауданының прокуроры Масақбаевтың қаулысында істі өзінің өндірісіне алмаған, қос тараптан жауап алуға құқығы жоқ бөгде тергеушінің араласқаны да анық жазылыпты. Адвокаттың пікірінше, көптің көзінше кәсіпкер әйелдің кеудесіне тапанша тақаған майорға бір ғана емес, қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалуы керек. Жәбірленуші тарап Мамажанова ақша бопсалады десе, іс құжаттарында керісінше экс-полицейдің кәсіпкерден «қарызын» сұрап келгені жазылған.
«Іс ҚР ҚК 389-бабының (Өзінше билік ету) 3-тармағыменен қозғалған. Бұл жерде Мамажанованың іс- әрекеттері ҚК 192 немесе 194, яғни тонау немесе бопсалау баптары бойынша саралану керек. Біріншіден, Мамажанова тұрғын үйге заңсыз енген, екіншіден, сол уйдегі дүние мүлікті қиратқан. Үшіншіден, кеудесіне тапанша тақап, өлтірем деп қорқытқан. Қызық жері, жаңағы қару 2020 жылдың 2 қаңтарында айғақ зат ретінде алынып, 20-сы күні суық қару ретінде есепке алынған. Тапанша аудандық немесе қалалық тергеу бөлімінде сақталу керек еді. Алайда, қылмыстың құралы болған тапанша Мамажановаға қайтарылып берілген. Бұл заңсыздық. Осы іске байланысы бар жәбірленуші мен күдіктіден 2 қаңтар күні жауап алынғанмен, тергеуші оны 3 қаңтарда деп көрсеткен. Ал ол күні екеуі де полицияға мүлдем бармаған. Тергеушілер қылмыстық істі заңсыз қысқартқан. Қазір үшінші жылға кетіп, бүгінгі күнге дейін созбаланып отыр. Бұл іс бойынша мүдделі тұлғалар бар. Қылмыстық іс қысқара сала Мамажанова жәбірленушіге айналып, Роза Әділбековадан 15 мың АҚШ долларын қайтаруды сұрап азаматтық сотқа арызданған. Алатау ауданының судьясы Нұрсейітова көпе көрнеу бұрмаланған құжаттар бойынша шешім шығарған. Алатау аудандық сотының шешімі заңсыз. Себебі, судья Нұрсейітова ҚР процессуалдық кодекстің, Жоғарғы Соттың қаулысын өрескел бұзған. Прокурор тергеудің, беттестірудің, құжаттардың тіркелуіндегі заңсыздықтарды анықтаған. ҚР ҚК 111 және 113 баптарында, ЖС қаулыларында бұндайға жол берілсе, дәлелдемелердің жоққа шығарылатыны анық айтылған. Процессуалды кодексінің 30-бабы, азаматтық істер жүргізу кодексінің 14-бабы өрескел бұзылған. Сонымен қатар, заңның 199 және 212-баптары да бұзылып отыр. Тергеушілер құжатқа қол қоймаса да, ол іс қағаздарына тіркелген», - деді жәбірленушілердің адвокаты Мұрат Қалымбетов.
Қылмыстық істі толық тергеу қашан аяқталатыны белгісіз болғанмен, азаматтық іс бойынша қос тарап осымен үшінші рет тағы соттаспақ. Ал, Алматы қалалық Полиция департаменті бұл даулы іске қатысты кейінірек ақпарат беретінін айтты.