Кәсібімді маска тігуден бастадым - елордалық әлеуметтік кәсіпкер

Әсел Оршыбекова

Аягөз Шнейдер - мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтамасыз етуге ықпал етіп жүрген кәсіпкер

Кәсібімді маска тігуден бастадым - елордалық әлеуметтік кәсіпкер
Фото: Inform.kz

Елордалық 48 жастағы Аягөз Шнейдер бүгінде әлеуметтік кәсіпкер ретінде өз ісін дөңгелеткендің бірі. Ол пандемия басталар алдында денсаулығына байланысты төсек тартып жатып қалып, екінші топтағы мүгедек атанған. Алайда, еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында бүгінде қайта аяғына тұрып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтамасыз етуге ықпал етіп жүрген жайы бар. 

Аягөз Шнейдердің екі жоғары білімі бар. Біріншісі агрономия саласымен, екіншісі бухгалтериямен байланысты. Біраз жылдар кеңсе қызметкері болып жұмыс істеген. Нақтырақ айтқанда қойма меңгерушісі, шаруашылық бөлім басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған. Алайда екінші топтағы мүгедектік берілген уақытта оның кеңседегі орнын үйіндегі төсегіне алмастыруына тура келген. 

Десе де қиындыққа еш мойымайтын келіншек үйде құр отырмай, қолына ине-жіп алып, пандемия кезінде маска тігуге кіріскен. 

«Дәл сол уақытта мен көп жүре алмайтынмын, көбіне жататынмын. Ол кезде мата да болған жоқ. Өйткені барлық дүкендер жабылып қалды. Тек дәріханалар ғана жұмыс істеп тұрды. Ұлым барып 2 метр дәке алып келді. Содан өзіме және балаларыма маска тіктім. Содан кейін көршілерім сұрай бастады. Әлеуметтік желілерде маскалардың жетіспеушілігі туралы көптеген жаңалықтар болды. Сосын мен еріктілерге жазып, оларға маска тігіп бере алатынымды айттым. Көп ұзамай дәріханалар да тапсырыс бере бастады.  Осылайша сол кезде біз күніне 500 маскадан тігіп жүрдік. Бас аяғы сол кездері біз 10 мыңға жуық маска тіккен екенбіз», - дейді Аягөз Шнейдер. 

Карантин жеңілдетіліп, медициналық жабдықтардың жетіспеушілігі азайғаннан кейін Аягөз Азнабайқызы тігін тігу кәсібін жалғастыруды көздейді. Осы мақсатта ол Атамекен ҰКП «Бизнес бастау» бағдарламасын оқып, оны бітіргеннен кейін 500 мың теңге көлемінде грант иеленген. Берілген ақшаға бірден тігін машинасын алуды көздеген. 

Сонымен қатар, ол бұл ісін кәсіби түрде өрбіту мақсатында жергілікті әкімдіктен көмек сұраған.  

 «Содан мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың алдына екі мәрте бардым. «Мен жұмыс істейтін адаммын, үйде отыра алмаймын. Маған жәрдем беріңіз» деп базынамды айттым. Өз мамандығым бойынша жұмыс істей алмайтыным белгілі болды. Содан әкім қолымнан не келетінін сұрады. Мен осындай бір тігін цехын ашқым келетінін айттым. Әкімдік маған серіктестік тауып беріп, кәсібімді дөңгелетуге ықпал етті»,- дейді ол.

Орталықты ашқаннан кейін кәсіпкер жұмысшыларды іздей бастаған. Бұл ретте де ол мемлекеттік органның көмегіне жүгінгенін жеткізді. 

«Мен қалалық әкімдікке қарасты Жұмыспен қамту орталығына барып, сол жақтан қажетті жұмысшыларды іздестіре бастадым. Ондағы мамандар маған тігіншілерді тауып берді. Олардың көбі мүмкіндігі шектеулі жандар. Арасында тіпті Қарағандыдан келген бір қызымыз да болды», - дейді кәсіпкер.

Тігінші тапсырыстардың бағасын да тым шарықтатпауға тырысады. Айтуынша, қазіргі уақытта тұтынушыларға қолжетімді баға керек. 

«Өзге тігін шеберханаларына бәсекелес болу үшін біз бағаны арзандау етіп қойдық. Сондықтан да бізге келетін адамдар саны аз емес. Бұл кәсіптің ары қарай дөңгелеуіне мүмкіндік береді», - дейді Аягөз Шнейдер. 

Тігін шеберханасына тапсырыстар жан-жақтан келеді. Кей азамататтарға мұнда жеңілдіктер де қарастырылған.

«Осы маңайдағы адамдар көптеп келеді. Егер де тапсырыс берушілердің арасында мүгедек жандар және қарт кісілер болса, біз оларға тегін қызмет көрсететін де кездеріміз болады. Өйткені маған әжем үнемі адамдарға жақсылық жасаудан ешқашан шаршамау керектігін үйретті. Мен сол кісінің тәрбиесін көріп өстіп, осы ательенің атын да сол кісінің құрметіне орай «Жібек» деп қойдым», - дейді тігінші. 

Жалпы тігін ательесі ашылғалы бері мұнда жұмысқа орналасқысы келетіндер қатары күн сайын артып келеді екен. Олардың басым бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандар. Осыған орай Аягөз Шнейдер жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп тағы бір жобаны қолға алмақ.

«Көбіне жас мүгедек жандардың ата-аналары балаларын жұмысқа алуды өтінеді. Өкінішке қарай мен барлығын бірдей жұмысқа ала алмаймын. Цех кішкентай, мұндағы жұмысшылар саны шектеулі. Десе де ары ойланып, бері ойланып, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен бірлесіп бізге тағы бір орын тауып берілді. Яғни ол жерде біз ерекше жастарды тігін тігуге үйретеміз. Оқу тегін болады. Жалпы сөздің шыны керек, ерекше адамдармен көбісі жұмыс істегілері келмейді. Оларды оқытатын мамандар да өте аз. Оның үстіне тігінші мамандығын бітіріп, алайда денсаулығына байланысты жұмыс таба алмағандар көп. Соларға қолдау көрсетіп, демеу болсақ деген ниетіміз бар», - дейді Аягөз Шнейдер.

Кәсіпкер Үкіметтен ақша емес, мүмкіндіктер сұрау керектігін айтады. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын тауып беру олардың қоғаммен тең дәрежеде тілдесуіне сеп болмақ. 

«Мен Үкіметтен маған ақша емес, жұмыс сұрадым. Бізге қаражат табатын мүмкіндіктер керек. Сондықтан да мұндай орталықтардың пайдасы көп. Қазірдің өзінде елордада бір ғана ауданның өзінде 85 жас бала осындай кезекте тұр. Олар осындай жерде білім алып, жұмыс істегілері келеді. Бұдан бөлек, орталықтағы жұмысшыларға мейрам күндері әкімдік тарапынан азық-түлік себеті таратылады.

Кәсіпкер келіншек бүгінде билікке алақан жайып, масылдыққа салынған әйелдерге назы бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, біздің елде әлеуметтік қолдау мәселесі тиісті деңгейде орындалып жатыр. 

 «Біріншіден кез келген тығырықтан шығатын жолды табуға болады. Екіншіден «қолымнан келмейд» дейтіндер шындап келгенде, еңбектенуге ниеті жоқ жандар. Мәселен осы жердің жөндеу жұмыстарын өзімнің ұлдарым және қайын жұртым жасады. Олар жөндеу жұмыстарымен айналысатын мамандар емес. Десе де қалай жасау керектігін интернеттен көріп, жасап шықты. Баланы ана өзі үшін туады. Мәселен алты баламды мен өзім үшін тудым, біреу үшін емес. Үкімет оларды асырауға міндетті емес. Оларға онсыз да тегін білім, тегін медициналық көмек қарастырылған», - дейді ол.

Аягөз Шнейдер өзінің білімін жетілдіру мақсатында түрлі курстарды да оқуға құштар. Ол бір жылдың ішінде сегіз сертификат алған екен.

«Адам әрдайым даму үстінде болуы керек деп ойлаймын. Әлеуметтік кәсіпкерлікті оқыдым, «Coca-Cola Белестерi» жобасына қатыстым. Сонымен қатар Astana Hub технологиялық паркінің екі сертифактын алдым. Тағы да бірнеше сертификаттарым бар. Ізденуге, білім алуға әрдайым уақыт табуға болады, бастысы ниет болу керек», - дейді Аягөз Шнейдер.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.