«Екідегі інімді жетектеп, сегіз айлық бауырымды көтеріп шықтым»: БҚО-да 9 жасар батыр екі баланы өрттен құтқарды

Оқиға қыстың күні болған 

Батыс Қазақстан облысы Аралтөбе ауылында тұратын 9 жасар Бейбарыс Тілекберген бауырларын ажал аузынан алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «7 арнаға» сілтеме жасай отырып.

Оқиға биыл қыста, ақпан айында болған. Ата-анасы жұмысқа кеткен Бейбарыс үйде екі кішкентай балаға бас-көз болып қалған. Бір кезде электр сымдарынан ақау шығып,  тұтана бастайды. Үйдің іші қызыл жалынға оранып, көк түтін болады. Батыр бала еш ойланбастан бауырларын құтқаруды ойлайды. Ол жанып жатқан пәтерден екі кішкентай сәбиді алып шыққан.

«Өзім де қатты қорықтым. Біз дәлізге шыққанда үй лаулап жанып жатты. Екі жасар інімді жетектеп, ал сегіз айлық бауырымды көтеріп, сыртқа алып шықтым», - дейді Бейбарыс Тілекберген.

Батыр бала мектепте де үздік оқиды, аудандық және облыстық олимпиадалардың жүлдегері. Мұғалімдері оның білімді, зерек оқушы екенін айтады. Оның бес бауыры бар, өзі отбасындағы екінші бала.

Өрттің салдарынан көпбалалы отбасының үйі мен дүние-мүлкі толықтай жанып кеткен. Қазіргі олар уақытша коммуналдық пәтерде тұрып жатыр. Зардап шеккендерге ауыл тұрғындары мен жанашыр азаматтар көмек көрсетіп жатыр. Сондай-ақ отбасына қолдау білдіру үшін арнайы қор ашылған.

 

Мақалада
#өрт #балалар