8 жасар баланы өлтірген кім? Ақмола облысының тұрғыны ұлының кінәсіз екенін 13 жылдан бері дәлелдей алмай жүр
Кейуана тергеу кезінде азаптау фактілері болғанын айтады
2009 жылдың ақпан айында Көкшетау қаласында 8 жасар бала қылмыскердің қолынан қаза тапты. Педофил оны зорлап, артынша азаптап өлтірген. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, жергілікті сот Мейрамбек Жакимов есімді азаматты 24 жылға бас бостандығынан айырған. Алайда, сотталушының анасы Бәтіш Жакимова соттың әділетсіз өткенін айтып, редакциядан көмек сұрады. Ол бұған дейін көптеген есіктің табалдырығын тоздырып, ұлының кінәсіз екенін дәлелдей алмаған. Айтуынша, баланы өлтірген басқа адам екенін бүкіл ауыл білсе де, оған нақты дәлелдер болса да құзырлы органдар, сот Мейрамбекті кінәлі қылған.
«Журналистерден көмек сұрамасаңыз, тергеуші Нұрымов оңдырмайды...»
2009 жылдың 6 наурызында Жакимовтердің отбасына Халық санағын жүргізіп жүрген 3 азамат келіп, үй иелерімен сөйлескен. Ал артынша Мейрамбектен әлдекімнің үйін көрсетіп жіберуін сұраған екен. Сол сыртқа шыққаннан Мейрамбек үйіне қайта оралмаған. Анасының айтуынша, оның ұлын тәртіп сақшылары сол күні қамауға алған.
«Сол күні түнгі екілер шамасында есік алдына бір газель тоқтады. Ішінен формадағылар түсті. Сосын олар ұлымның адам өліміне қатысты күдікті екенін айтты. Содан бүкіл үйдің ішін тас-талқан етіп тінтіп шықты. Өздері ішіп алған, бәрі мас. Сөйтіп үймізден 5 қап затты жинап кетті. Шкафтың ішіндегі курткаларды, киімдерді, шалбар бәрін алып кетті. Екінші күні таңертең бөлімшеге барсам, «қылмыскерді ұстадық» деп бәрі мәз болып жүр. Сондағы бір қызметкер «апа жақсы адвокат тауып, журналистерді шақырып көмек сұрамасаңыз, Нұрымов (тергеуші – авт.) оңдырмайды» деді. Сол айтқанындай оңдырмады баламды, 24 жылға соттап жіберді», - дейді Бәтіш Жакимова.
Арада 13 жыл өтсе де, Бәтіш Жакимова ұлының кінәсіз екеніне сенімді. Өйткені мәйітке жүргізілген сараптамадан Мейрамбек Жакимовтың ДНҚ-сы анықталмаған екен. Кейуананың қолында бұдан бөлек өзге де айғақтары жетерлік.
«Қылмысты мойындату үшін азаптады...»
Бәтіш апаның айтуынша, ұлы Мейрамбекке қылмысты мойындатқызу үшін азаптау әрекеттері жасалған көрінеді.
«6 наурызда сағат күндізгі төрттен бастап, түнгі бірге дейін полицейлер азаптады: 220 вольт тоқпен 2 рет ұрып, суық су құйды, жедел уәкіл Мейрамбектің денесіне темекі сөндірді, темекі түтінімен тұншықтырды, басына целлофан кигізген, учаскелік полиция қызметкері басын металл пластинкамен ұрған, арақ ішіп алған 9 полицей шаршағанша бокс қолғаптарымен ұрып-соққан. 7 наурызда түнгі 1:36-да ІІБ-да түсірлген бейнежазбада адвокат Әлібеков мас күйінде отыр. Ал таңертең 12:10-да түсірілген екінші видеода ол есін жиған. Полицейлер Мейрамбекті кінәні күштеп өзіне алуға мәжбүр етті. Атбасар қаласындағы ЕЦ 166/4 қызметкерлерімен 8 жылдан кейін (21.08.2017 ж.) берілген медициналық анықтамада күйік пен азаптаудың қалған іздері көрсетілген», - дейді Мейрамбек Жакимовтың анасы Бәтіш Жакимова.
Сараптама не дейді?
Үйді тінту барысында құқық қорғау қызметкерлері Жакимовтың 7 киімін алып шыққан. Оның ішінде 4 күртеше болған. Барлығы да сараптамаға жіберілген.
Мейрамбекті тергеу абақтысына жеткізіп, ұзақ уақыт «тергегеннен» кейін, полицейлер жігіттің үстіне әлдекімнің киімін кидірген екен.
Бәтіш Жакимованың айтуынша, Мейрамбектің үстіндегі күртеше өзінікі емес, ол қылмыскердікі болуы мүмкін. Сырт киім Мейрамбекке тар екені де байқалады.
Сараптамаға Мейрамбектің үйінен алынған киімдермен қатар полицейлер күштеп кигізген күртешесі жіберілген. Сараптама нәтижесінде соңғысынан өлген 8 жасар баланың ДНҚ-сы мен тағы бір адамның ДНҚ-сы анықталған. Алайда, ол ДНҚ Мейрамбекке тиесілі емес болып шыққан.
Сонымен қатар, Бәтіш Жакимованың айтуынша, сот отырысы кезінде қаза тапқан 8 жасар Сергей Нориннің оқиға орнындағы суретінің орнына үлкен ер кісінің фотосы көрсетілген. Алайда, судья оған да көз жұма қараған екен.
8 жасар баланы кім өлтіруі мүмкін?
Бәтіш Жакимованың айтуынша, Сергей Норинді Б. есімді жергілікті азамат өлтірген болуы мүмкін. Бұлай деуге оның азаматтық некеде тұрған әйелінің құқық қорғау органдарына 2010 жылы берген түсініктемесі дәлел болып отыр. Онда келіншек жолдасының қылмыстық оқиғаға қатысы бар екенін жазған.
«17 ақпанда біз Б. екеуміз ауруханаға бардық. Дәрігердің тексерісінен кейін ол кетіп қалған болатын. Мен оған хабарласқанымда «Бірлік шағын ауданына кел» деді. Мен аялдамаға жеткен кезімде, сол маңайда 8-10 жастағы бала жүрді. Б. онымен сөйлесіп, оны аялдаманың артқы тұсындағы қираған ғимарат жаққа алып кетті. Содан Б. үйге ертесіне бір-ақ келді. Оның жанында екі досы болды», - деп жазылған әлгі әйелдің арызында.
Сондай-ақ, келіншектің адвокатқа берген сұхбатында жолдасының кей әрекеттері айтылған.
«Үйге келгеннен кейін ол өзінің киімдерін өртей бастады. Аяқ киімін және күртешесін өртеді. Одан кейін полицейлер келіп, оны алып кетті. Ол маған «полиция мен туралы сұрайтын болса, сол күні менімен бірге жүрді деп айт» деді. Бірақ менен ешкім ештеңе сұраған жоқ. Осыдан кейін ол түнімен ұйықтамайтынды шығарды, үнемі көзі қызарып жүретін. Жанында біреу жүрген сияқты өзімен өзі сөйлесіп, сандырақтайды. Бірде түн ортасында ұйықтап жатып «сен неге өлмейсің, сені әлі қанша рет кірпішпен ұру керек» деп сөйледі», - дейді келіншек.
Бұдан бөлек, сот отырысына куәгер ретінде жергілікті мектептің екі оқушысы шақырылған екен. Бәтіш Жакимованың сөзінше, оқушы қыздар Мейрамбек Жакимовты танымайтындарын айтқан. Есесіне Б. есімді азаматтың жүзі таныс екендерін жеткізген. Нақтырақ айтқанда, ол қыздарды қараусыз қалған ғимаратқа алдап апармақ болған екен.
«2008 жылдың желтоқсан айында мен сабақтан қайтып келе жатқан кезімде «Васильковский» аялдамасында тоқтап тұрдым. Менің жаныма азиаттық сипаттағы ер азамат келді. Ол маған қолындағы тиындарды ұсынып, «ақша керек пе?» деп сұрады. Мен «жоқ» дедім. Сол сәтте аялдамаға әйел адам келіп қалды. Ал ер адам №17 мектеп жаққа қашып кетті», - дейді оқушы қыз адвокатқа берген жауабында.
Екінші оқушы қыз да дәл осындай оқиғаның желісін баяндаған.
«Сабақтан соң автобуспен қайтып бара жатқан кезімде жүргізуші аялдаманы өтіп кетіп, сәл алыстау тоқтады. Автобустан түскеннен кейін жолдың бойында бойы шамамен 170 см болатын ер адамды көрдім. Ол менің артымнан жүре бастады. Мен оны байқағаннан кейін тездетіп жүре бастадым. Бір кезде қуып жетіп, менің күртешемнен ұстап алып тоқтатты. Маған ұялы телефон және ақша ұсынды. Мен «жоқ» деп едім, маған «жүр отырып танысайық» деп мені өндірістік аймаққа сүйремек болды. Мен қолымдағы таспен оны бір ұрып, қаша жөнелдім», - дейді екінші оқушы.
Жакимовтың адвокаты оқушылар айтып отырған ер адамның нақты кім екенін анықтау үшін Б-ның суретін көрсеткен екен. Олар оны бірден таныған. Алайда, судья мұндай айғақтарға назар аудармаған.
Сонымен қатар, 2015 жылы Мейрамбек Жакипов туберкулезбен сырқаттануына байланысты Степногорск қаласындағы ЕЦ 166/2 мекемесіне емделуге жіберілген. Сол жылдың 22 шілдесінде ауруынан айыққаннан кейін кері қайтарылған. Жолда ол өзге сотталғандармен танысып, әңгіме барысында аталған қылмысқа қатысты тың деректі естиді. Бұл туралы Мейрамбек өзінің түсініктемесінде жазған.
«Бір вагон ішінде мен бұрын соңды танымайтын өзге сотталғандармен келдім. Олардың арасындағы жазасын өтеуші Сабиров Нариман есімді Қырғызстан республикасының азаматы болды. Айтуынша, ол 2009 жылдың 16 ақпанында Қырғызстаннан Көкшетауға Б. есімді азаматтан марихуана сатып алуға келген. Екеуі автовокзалда жолыққан. Ертесіне 17 ақпан күні олар тауарды алу үшін қараусыз қалған ғимаратқа барады. Жол бойынан ойын баласын көріп қалып, тиісе бастаған. Сабиров уақытша сыртқа шығып кетіп, қайта оралған кезде баланы жартылай жалаңаш күйінде көрген. Бетонның үтінде жатқан баланы Б ұрып тастаған. Өз кезегінде Б. «бала бізді көрді, ол бәрін айтып қоюы мүмкін» деген. Содан Сабиров та қолына кірпіш алып, баланың жүрегі тоқтағанша ұрған», - деп жазылған Мейрамбек Жакимовтың құқық қорғау органына жазған түсініктемесінде.
Мейрамбек Жакимовтың бүгінгі жағдайы
13 жыл бойы түрмеде отырған апталдай азаматтың бүгінде денсаулығы сыр бере бастаған. Анасының айтуынша, 2017 жылғы 21 тамызда Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы В.З.Жұмақановтың тапсырмасы бойынша комиссия құрылып, Жакимов Мейрамбек дәрігердің тексерісінен өткен.
«Атбасар қаласындағы ЕЦ 166/4 мекемесінде жазасын өтеп жатқан ұлыма дене тексерісі жүргізілді. Тексеру актісінде тізесіндегі ауруы анықталды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ҒЗИ-да тізеге хирургиялық операция жасалды. Ауруханадан шыққаннан кейін ол 2 ай бойы Атбасар қалалық ЕЦ 166/4 мекемесінің санитарлық бөліміне жатуға тиіс еді, бірақ 23 күн өткен соң, ол жалпы аймаққа ауыстырылды (пандемияға байланысты), онда ол 3 күн бойы асханаға бара алмады, аш жатты. Қызметкерлер жүйелі түрде менің ұлымның адамдық қадір-қасиетін қорлады, моральдық қысым көрсетті», - дейді анасы.
Бәтіш Жакимова соңғы рет ұлымен осы жылдың 16 ақпанында жолыққан. Айтуынша, Мейрамбектің денесінде көгерген жерлері көп. Сондай-ақ, ол ұлының бірнеше мәрте өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын айтты. Алайда, ешқандай қылмысқы іс қозғалмаған.
«Ұлым маған өзін-өзі өлтіру әрекеттері мен күні жазылған қағазды көрсетті. Балам маған: “егер мені өлтірсе, онда менің өліміме EЦ 166/4 қызметкерлері кінәлі болады” деді. Балам үшін қорқамын», - дейді Бәтіш Жакимова.
Azattyq Rýhy тілшісі ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметіне Мейрамбек Жакиомвопен сұхбаттасу туралы хат жолдады. Әзірге ресми жауап келген жоқ.