Бір жылда 80 мыңнан астам деструктивті материал жойылды: елімізде радикалды контентпен күрес қалай жүргізіледі?
Мамандардың айтуынша, лаңкестер интернетте уағыз жүргізуді барынша меңгеріп алған
Алматылық Жаннұр Исаева (аты-жөні өзгертілді) әлеуметтік желі арқылы жат ағым өкілінің арбауына түсіп, хиджаб киіп кете жаздаған. Редакция тілшісімен телефон арқылы тілдескен бойжеткен басынан өткен хикаясын қысқаша баяндап берді.
«2019 жылы мен 3-ші курс студенті едім. Бір күні ВКонтакте желісінен маған сымбатты жігіт «танысуға бола ма?» деп хат жазды. Әрине, жауап бермес бұрын мен оның парақшасына кіріп, фотосын қарадым. Өзінің бір ғана суреті тұр екен, қалғаны ислам туралы жазбалар. Бірден иманды жігіт сияқты деген ой келді. Сонымен вируталды жігітпен таныстығымыз 2-3 күн өтпей махаббатқа ұласты. Ол менің жан-дүниемді діни уағыздарымен, әдемі әңгімелерімен жаулап алды. Онымен хат жазысқаннан кейін, өзі жіберген түрлі сілтемелер арқылы уағыздар тыңдай бастадым. Құрбыларыммен қыдырып, шай ішкенде де үнемі телефонда отыратын едім. Жігіт Оралда тұратын, егер мен келіссем, келіп некемізді қидыруға дайын екенін айтты», - деді кейіпкеріміз.
Жаннұр оралдық жігітпен бір айдан аса интернет арқылы араласамын деп құрбыларынан алыстап, тұйықталып кеткенін айтады.
«Мен қыздармен ешқайда шықпайтын болдым. Үйде де ата-анамның әрекеттері ұнамайтын жағдайға жетті, ыңғайы келсе бөлмеме барып уағыз тыңдайтынмын. Осылайша мен тұйықталып кеттім. Маған не жасасам да «күнә» сияқты болып көрініп тұратын. Автобуста да еркектердің көзіне тура қарай алмайтын болдым. Интернеттегі жігітім не айтса да, не жазса да бәрін дұрыс деп қабылдайтынмын. Араластығымызға бір ай болғанда мен хиджаб киемін деп шештім. Ол егер ата-анам қарсылық танытар болса, Оралға алып кететінін айтты. Неге екенін сол кездері бойымды бір батылдық сезімі билейтін. Содан хиджаб кию туралы шешімімді ата-анама айттым, әрине олар қатты таңғалды. Анам «өзің біл» дегенімен, әкем қатты ашуланды», - деді бойжеткен.
Айтуынша, бойжеткеннің әкеcі Алматыдағы экономикалық университеттің бірінде оқытушы болып жұмыс істейді. Қызының мұндай шешіміне алаңдаған ол бірден мешіт имамдарына барып кеңес сұраған.
«Әкем маған да, анама да айтпай мешіт имамына барыпты. Ол кісі әкемнің күдігін естіген соң, анаммен бірге медреседе сабақ беретін бір апайға барыңдар деп жөн сілтепті. Анам мені медреседегі апайға алдап алып барды. Бірақ ұстазбен сөйлескеннен кейін, өзімнің мұндай қадамға дайын емес екенімді түсіндім. Жалпы, интернет деген мықты күш, мен аз болғанда оралдық жігітпен некемді қидыруға дайын едім. Діни уағыздардың мені елітіп кеткені соншалық, маған сол кездері арғы дүниедегі өмір ғана маңызды көрінетін. Үйдегі ұл-қызыңыздың смартфонына кімдер жазып жатқанын қарап, қадағаламасаңыздар, балаңыз оп-оңай өзге идеологияның құрбанына айналып кетуі ықтимал», - дейді ол.
Бір жылда 73 мыңнан астам детструктивті контент бұғатталған
ҚР АҚДМ дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежановтың айтуынша, 2021 жылдың басынан бері 80 мыңнан астам деструктивті материалдар жойылып, 300-ден астам жарияланым бұғатталды. Мемлекеттік органдар Интернетте және әлеуметтік желілерде экстремистік материалдарды анықтау және бұғаттау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізеді.
Алайда, мұндай заңсыз материалдар желілерде әлі де орын алуда. Әлемнің барлық елдері тыйым салынған материалдарды таратумен белсенді күресіп, бұғаттап жатыр. Бірақ бір уақытта барлық контентті толықтай бұғаттап, өшіріп тастау мүмкін емес. Себебі радикалдардың өзі оларды күн сайын желіге құйып отыр.
Тек 2020 жылы ғана Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі интернеттегі 73 мыңнан астам деструктивті материалдарды анықтап, бұғаттады.
Интернеттегі заңсыз материалдарды жоюға тыйым салуды шектейтін тағы бір фактор – оны шетелдік домендердің сайттарында, сондай-ақ қызметі шет мемлекеттердің заңдарымен реттелетін шетелдік видео хостинг және әлеуметтік желілерде орналастыру.
«Шет мемлекеттердің хостингтерінде құқыққа қарсы ақпаратты орналастыру қазақстандық заңнама, оның ішінде қабылданған сот шешімдері бойынша деструктивті материалдарды жоюды толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Қазақстан аумағында олардың сілтемелерін бұғаттағанымызбен, VPN арқылы қажет контентке қол жеткізе алады. Одан бөлек, әлемнің көптеген елдерінің заңнамаларында экстремизм мен терроризм ұғымдары әртүрлі түсіндіріледі, заңсыз экстремистік және террористік ұйымдардың бірыңғай тізімдері түзілмеген. Сол себепті радикалды контент материалдарын бұғаттау және жою бойынша бірыңғай жұмыс жүргізуге мүмкіндік аз. Бірақ Қазақстанда радикалды шетелдік онлайн-платформалардың өкілдіктері мен кеңселерінің болмауы олардың экстремизм мен терроризмді насихаттау саласындағы ақпараттық трендтердің тақырыбын жақсы білетін жергілікті мамандарды жалдауына мүмкіндік бермейді, яғни, материалдардың сапалы модерациясы жоқ», - деді Серікбол Билялов.
Сарапшы экстремизм мен терроризм саласындағы жаңа үрдістердің болуы көптеген елдердің үкіметтерін радикалды материалдардың, әсіресе әлеуметтік желілердің мониторингі мен оларды жоюға қойылатын талаптарды қатаңдатуға итермелеуде деп отыр.
«Атап айтқанда, лаңкестік әрекеттер жасау кезінде Facebook, YouTube және басқа да әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығу арқылы лаңкестік әрекеттерді жариялау жаңа үрдістердің бірі болды. Мысалы, Тулузада бейбіт адамдар мен балаларды атып өлтірген 23 жастағы Тулуза атқышы Монтобан камерада болып жатқанның бәрін түсірді.
2019 жылы террористер Кристчерч қаласындағы мешіт шіркеушілеріне шабуыл жасады, шабуылшылардың бірі Брентон Таррант Facebook-те бейбіт тұрғындарды атуды тікелей эфирде жүргізді. Билік теракт пропагандасының алдын алу үшін Facebook-тегі бейнелердің 1,2 миллионнан астам көшірмесін жедел жоюға мәжбүр болды. 2020 жылы Францияда мұғалім Самуэль Пати өлтірілгеннен кейін, қылмыскер Twitter-дегі аккаунтында кесілген бастың суретін жариялады, осыдан кейін парақша бұғатталды. Осылайша, экстремизм мен терроризм саласындағы тыйым салу шараларының өзі жеткіліксіз, бірақ онсыз да жасай алмайтынын түсіну қажет, бұл сөзсіз желідегі құқыққа қайшы контенттің орасан зор ауқымына алып келеді», - деді Билялов.
БАҚ өз беттерінде терроризм мәселесін қалай жариялауы керек?
Нұр-сұлтан қаласының Орталық атқару комитеті Жастар еріктілер қозғалысының белсендісі және дінтанушы Наурыз Ғайнижамал БАҚ өкілдерін террористер туралы материал жазғанда абай болуға шақырды.
«Халықты таңғалдыру – ақпаратты адамның есінде қалатындай етіп жеткізудің бір тәсілі. Көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары терроризм проблемасын айтамыз деп отырып, керісінше, террористік ұйымдар мен олардың көшбасшыларына деген қызығушылықты арттырады. БАҚ қызметкерлері сенсация іздеп, оқырмандарды қызықтыра отырып, лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырушылар мен оның қанды орындаушыларының «батырлығын» көпке көрсетіп, террористер өміріне қызығушылықты арттырады. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты діни экстремизм мен терроризм қатерін іс жүзінде 100% жою мүмкін емес, осының әсерінен интернет – әлеужеліге қолжетімділігі бар кез келген жанның радикалды идеологиясын жеткізуіне мүмкіндік беретін ғаламдық қауіпке айналды. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін терроризм қаупі басқа елдермен салыстырғанда төмен деңгейде, бұған уәкілетті мемлекеттік органдардың баяндамалары мен әлемдік рейтингте Қазақстан позициясының жылдан жылға жақсарып келе жатқаны дәлел бола алады. Аталған жетістіктер құқық қорғау және күш құрылымдарының, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың кәсіи міндеттерін тиімді ұйымдастыруынсыз мүмкін болмас еді. Интернеттен шыққан радикализм идеологиясын насихаттау жастарға үлкен қауіп төндіретінін түсіну қажет. Мұндай мазмұндағы контенттердің барлығын бұғаттау мүмкін емес болғандықтан, қосымша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда Дін істері жөніндегі өңірлік басқармалар мен Дін проблемаларын зерттеу орталықтары халық арасында діни экстремизмнің алдын алу, Интернет және әлеуметтік желілерден діни білім алу қаупін түсіндіру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша үлкен жұмыс жүргізуде», - деді ол.