Белгілі ақын Ауыт Мұқибектің үстінен балдызы «зорламақ болды» деп шағымданды
Ақынның өзі мұны қып-қызыл жала деп отыр

Ақын, қоғам қайраткері, жуырда ғана Президент қолынан «Құрмет» орденін алған Ауыт Мұқибекті зорлық жасамақ болды деп балдызы шағымданды. Жас қыз бұл туралы өзінің Instagram-парақшасында жазған. Алайда, Azattyq Ruhy тілшісіне пікір білдірген ақынның өзі мұны қып-қызыл жала деп отыр.
26 наурыз күні әлеуметтік желіде Ақниет есімді қыз жездесінен азғындық көргенін, ер адамның Қазақстанға танымал тұлға екенін жазды.
«Осы уақытқа дейін үйінде тұрған тәтемнің күйеуі үйде ешкім жоқ кезде мені күштеп сүйді. Жексенбі, 20 наурыз күні жүгіріп келгеннен кейін үйге кірдім. Тәтем дүкенге барамын деп шығып кетті. Үйде оның күйеуі мен бес жасар қызы қалды. Бір кезде жездем мені құшақтап, кешірім сұрады. Кейде ұрсысып қалатынымыз бар еді, соған болар деп, «уайымдамаңыз жезде» дедім. Кенет, ол мені қатты құшақтап, күштеп сүйе бастады», - дейді Ақниет.
Жазба авторының айтуынша, жездесі оның киімін шешуге тырысқан. Оны итергісі келгенімен, агрессиясынан қорқып, қашудың амалын ойлаған.
«Ең жиіркеніштісі, менімен алысып жатқанда, президенттің қолынан алған «Құрмет» орденін көрсетіп әлек болды. Мен бұдан арыға шыдамай, күш-жігерімді жинап, бұл істі көпшілікке айтуды жөн санадым», - дейді қыз.
Оның жазбасы әлеуметтік желіде тез тарап, Ақниеттің желідегі достары оған тиіскен адамның аты-жөнін сұрады.
Бір тәулік өткен соң Ақниет оған қырындаған жездесінің аты-жөні Ауыт Мұқибек екенін жария етті.
«Мен бұдан былай үнсіз қала алмаймын және жақындарыммен де бұрынғыдай, яғни түк болмағандай араласа алмаймын. Бұл кісінің аты – Ауыт Мұхибек. Интернеттен іздеп көріңіздер», - деп жазды түнде Ақниет.
Azattyq Ruhy тілшісінің қоңырауына жауап берген Ауыт Мұхибек Ақниеттің жазғандарын жала деп отыр. Ақынның айтуынша, балдызы оның үстінен Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық полиция бөліміне арыз жазған.
«Кешке барамын (полиция бөліміне – авт.), - деді Ауыт Мұхибек телефон арқылы. – Жалпы ол қыз менің әйелімнің туған әпкесінің қызы. Бұрыннан біздің үйде жүреді, яғни, астанаға келсе, біздікіне тоқтайды. Оның шығармашылығын жақсы көремін. Айтып отырғандары өтірік. Ол қыздың қылықтары соңғы кезде маған ұнамай жүрген, қандай қылықтары екенін айтпаймын бірақ. Содан, әйеліме ақырын оның жүріс-тұрысы ұнамай жүргенін айтқанмын. Бұрын да бәлкім айқайлап, ұрсқаным бар шығар, соның бәріне өкпеледі ме, кім біледі?».
Ал, дәл сол күні оқиға туралы айтқан ақын балдызы Ақниетті бұрын қалай еркелетіп, құшақтаса, сол күні де дәл солай еркелеткенін айтады.
«Менің бауырымның да қызы бар. Өзімнің де төрт жасар қызым бар. Мен оларды қызғандырып, Ақниетті құшақтап, «мынау менің қызым» дегенде, бауырымның қызы «жоқ, сенің қызың мен» деп қызғанатын. Сол күні де компьютердің жанында отырғанда солай қызғандырмақ болдым», - дейді Ауыт Мұхибек.
Ауыт Мұхибек жазба шыққаннан бері Ақниетпен сөйлеспегенін, бірақ, оның ата-анасы қазір Ауыт Мұхибектің үйінде екенін, барлығы Ақниетке «қой» деп жатқанын айтады.
«Бүгін кешке полиция бөліміне барып, арызбен танысамын, Мүмкін сол жерде Ақниетпен сөйлесемін», - деді ол.
Біз Ақниеттіңі өзіне хат жазып, сұхбат алғымыз келетінін айттық. Жазба авторы әзірге жауап берген жоқ.
Ауыт Мұхитбектің расымен де кішкентай Раяна деген қызы бар. Сонымен қатар, Ауыт Мұхитбек 18 наурыз, жұма күні шынымен Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алған.
Ауыт Мұхитбек ҚХР-да дүниеге келген. Ақын, бірқатар басылымдарда жұмыс істеген.