$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстандық дәрігерлер елде туберкулезді жұқтыру анағұрлым азайғанын мәлімдеді

Өлім көрсеткіші 700 пайызға азайған

Қазақстандық дәрігерлер елде туберкулезді жұқтыру анағұрлым азайғанын мәлімдеді

Қазақстан туберкулез дертімен күресте аймақтағы елдер арасында жетекші орынға шықты. Мұндай жетістікке туберкулезді анықтау мен емдеудің заманауи жылдам әдістерін енгізудің арқасында қол жеткен. Соңғы жылдары Кох таяқшасының таралуы және сырқаттану мен өлім-жітім көрсеткіштері тұрақты түрде төмендегені байқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бүгін дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні. Осыған орай Алматы қаласындағы С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады. Конференцияның мақсаты – туберкулезбен байланысты жаңа тәуекелдерге қарсы тұру және 2035 жылға дейін туберкулез індетін жою жөніндегі халықаралық ENDTB стратегиясының түпкі мақсатына қол жеткізу үшін туберкулез бағдарламасы бойынша барлық серіктестермен туберкулезді анықтау, диагностика жасау, алдын алу және емдеу бойынша барлық түйткілді мәселені талқылау.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда туберкулезді анықтау мен емдеудің заманауи жылдам әдістерін енгізудің арқасында туберкулезбен сырқаттану мен өлім-жітім көрсеткіштері тұрақты түрде төмендеп келеді. Мәселен, 2021 жылы туберкулезбен ауыру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 35,9 құрады. 2012 жылғы 100 мың адамға шаққанда 81,7 көрсеткішімен салыстырғанда туберкулезбен ауыру 2,3 есеге азайды. 2021 жылы туберкулезден болған өлім-жітім көрсеткіші 1,7 құрап, 2012 жылғы 100 мың адамға шаққанда 7,4 көрсеткішімен салыстырғанда 4,4 есеге азайды», - дейді ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Қасенова.

Туберкулезбен күресте Қазақстанның туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламасы халықаралық ұйымдармен, әріптестермен тығыз қарым-қатынас орната алды. Жиынға қатысқан USAID-тың Орталық Азиядағы өңірлік миссиясының директоры Лоуренс Харди Қазақстанның туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламасы таңданарлық жетістіктерге қол жеткізгенін мәлімдеді. Бүгінге дейін елде туберкулезбен ауыру көрсеткіші 250 пайызға, ал өлім көрсеткіші 700 пайызға азайған. ЮСАИД өкілі Қазақстанға алдағы уақытта да туберкулезбен, әсіресе дәріге төзімді туберкулезбен күресте көмектесетінін айтты.

ҚР ҰФҒО директоры Мәлік Әденов жиналғандарды туберкулездің эпидемологиялық ахуалымен таныстырды. Ол COVID-19 індетінің тигізген салдарына қарамастан 2020-2021 жылдары туберкулезбен ауыру көрсеткішін төмендетуге қол жеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, туберкулезден көз жұмғандар саны өскен жоқ. Дегенмен, әлі де өзекті мәселелер бар. Қазақстан әзірге дәріге төзімді туберкулез ауыртпалығынан арылмаған 30 елдің қатарында тұр.

«Қазақстанда туберкулезді емдеу тегін. Туберкулезді ерте анықтау, диагностика жасаудың ең озық технологиялары қолданылады. Алайда, туберкулез індетін жеңудің төте жолы – халықтың туберкулез туралы жан-жақты хабардар болғаны. Бұл ауру туралы жалған, жаңсақ пікірлер азайған сайын туберкулезді ерте анықтау, яғни оны сәтті емдеу де жеңілдей түседі», - дейді Мәлік Әденов.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#туберкулез