$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Құдайға шүкір, жағдайлары жақсы»: Шымкентте кілең ауқаттылар мектепке баратын көшені жауып тастаған

Әкімдік бұл жағдайдан хабардар болса да түк істей алмай отыр

«Құдайға шүкір, жағдайлары жақсы»: Шымкентте кілең ауқаттылар мектепке баратын көшені жауып тастаған

Шымкентте бір көшенің ауқатты тұрғындары оқушылардың мектепке баратын жолын шлагбауммен жауып тастаған. Бастауыш сыныпта оқитын 160-қа жуық баланы уақытылы мектепке жеткізе алмаған қарапайым ата-аналар бұл бассыздыққа қарсы шығып отыр. Алайда, жергілікті әкімдік проблеманы шеше алмай отыр деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімдігінің мәліметінше, Алтын айдар көшесінің бойында 17 үй бар. Ондағы тұрғындар бөгде көліктердің осы көшеден өтуіне шектеу қойған. Оған шағымданған өзге тұрғындардың айтуынша, бұл үйлерде өңшең ауқатты адамдар тұрады. Олар жолды жабуға әкімдіктен рұқсат та алмаған. Әкімдік қызметкерлерінің де бұл бай-бағландарға «тісі батпай» отырған сыңайлы.

«Шлагбаумды осы көшенің тұрғындары өздері бірігіп орнатқан. Оны 4 күн бұрын қойған. Құдайға шүкір, жағдайлары жақсы адамдар тұрады. Жауапты маманымның айтуынша, көшенің ұзындығы 350 метр. Бұған қарсы шыққандар – өзге жақтан келетін ата-аналар. Бастауыш мектептке 156 бала оқиды. Олар балаларын мектепке дейін машинамен апарамыз деп отыр. Көшенің тұрғындар өздерінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында шлагбаум қойған», - деді Шымкент қалалық Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев.

Басқа шағынаудандардан келетін балалар шлагбаум қойылғандықтан мектепке жаяу баруға мәжбүр. Әкімдіктің сөзінше, жолдың бойында тротуар да жоқ. Дәл осы аудандағы тағы бір көшеге топтасқан байлар шлагбаум қойып, халыққа ортақ жолды тауып тастапты. Аумақтың тәртібіне жауапты әкімдік көшені қалауынша оқшаулап жатқандарға қатысты ешкім ресми шағым түсірмегендіктен, бөгет жасамадық деп ақталды.

«Көшеде жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Асфальт толықтай төселмеген. Өйткені алдағы уақытта коммуналдық құбырлар тартылады. Оған дейін тротуар, жол түспейді. Мектептің маңына қауіпсіздік жол белгілері қойлымаған. Бүгінгі жиынға жауапты басқармалардың барлық өкілдерін шақырып отырмыз. Төтенше жағдайлар басқармасының мамандарымен және аудандық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесе кеше Алтын айдар көшесінің тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Құзырлы органдардың өкілдерін сол жерге тағы жинаймыз. Мектептің директоры Айман Сейітқызында шақырдық. Тағы бір көшеде осындай рұқсатсыз шлагбаум қойылған. Ол жақта алты үй бар, оларға қатысты жағдайды анықтап, шара қабылдаймыз», - деді аудан әкімінің орынбасары.

Серіктес жаңалықтары