Жемқорлық, сапасыз білім, нашар дәрігер – Экономикалық зерттеулер институты Қазақстандағы негізгі проблемалар тізімін жасады
Экономикалық зерттеулер институты «Миссия -2030» атты семинар нәтижелерімен бөлісті
Нақтырақ айтсақ, аталмыш институт «Тұрақты даму мақсаттары» бойынша елдің түрлі аймақтарында ойын түрінде өткізілген «Миссия -2030» атты семинар қорытындысын шығарды. Зерттеу көрсеткендей, көпшілікті ең алдымен денсаулық пен әл-ауқат мәселесі мазалайды. Одан кейін лайықты жұмыс пен ауылдардың, қалалардың дамуын маңызды деп біледі.
«Azattyq Ruhy» институттың басқарма басшысының орынбасары Шахарбану Жақыпованың баяндамасындағы деректермен бөліседі. Төменде аталатын проблемалар БҰҰ-ның 2015 саммитінде қабылданған «Тұрақты даму мақсаттары» құжатына сәйкес, 2030 жылға дейін шешілуі тиіс. Бағдарлама 17 бағыттан, 169 міндеттен және 242 индикатордан тұрады.
Мысалы, семинарға қатысушылардың пікірінше білім саласына қатысты мына мәселелер күн тәртібінен түспей тұр:
-барлық деңгейдегі білім берудің сапасыздығы
-сыныптардағы оқушылар санының шектен тыс көптігі
- мұғалімдер статусының төмендігі, жалақысының аздығы
«Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» бағытына сәйкес, жергілікті жерлердегі халық төмендегі проблемаларды алға тартады:
-өндірістік тауарлар бағасының қымбаттығы
-күнкөріс деңгейінің төмендігі
-халықтың табысының диспропорциясы
Қалалар мен тұрғылықты мекендердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету туралы іскерлік ойындарға қатысушылар мына мәселелерді шешуді ұсынған:
-Қоқыс шығару мәселесі, қатты қоқыстарды бөлек тастау, қайта өңдеу проблемалары
-Қалалардың жасылдандырылмауы
- Қоғамдық көліктер жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауы
Бұл проблемаларды, әсіресе, өндіріс ошақтары орналасқан Шығыс Қазақстан, Қарағанды және мұнай өндірілетін батыс аймақтардың өкілдері айтқан.
Семинарға қатысушылар пікірінше, орнықты дамудың «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» бағыты бойынша келесі пробемалар күн тәртібінен түспей тұр:
Жолдардың сапасыздығы
Ауылдардың көлік және инженерлік инфрақұрылымдармен қамтылмауы
Ғылымның инновациялық бағытының дамымауы
«Тұрақты даму мақсаттары» бағдарламасының «Таза су және санитария» бағытында мынадай мәселелер шешілуі тиіс
-ластануды азайту арқылы ауызсудың сапасын жақсарту
-тазаланбаған ағын сулардың көлемін азайтып, оларды қайта пайдалануды қауіпсіз ету
- су инфрақұрылымын реттеу
Ал «әділдік орнату» бойынша еліміздің 8 аймағында төмендегідей проблемалар бар екенін айқындалып отыр:
Жемқорлық, бюрократия
Адамдар құқығының қорғалмауы
Әділ соттың жоқтығы
Сондай-ақ, солтүстік өңірлердің халқы өңірден жұмыс күшінің кетуіне жол бермеу үшін жастар саясатының тиімділігін арттыру мәселесіне назар аудару керектігін тоқталған.
«Семинарлар қорытындысы халықтың өз менталитетімен жұмыс істеу керектігін көрсетті. Жергілікті тұрғындарды өз қалаларының проблемалары алаңдатпайды. Мәдени даму, жастар тәрбиесі, мәдени өмір салтын қалыптастыру керек. Сонымен бірге, іскерлік ойындарға қатысушылар ел мемлекет тарапына жасалып жатқан жұмыстардан да хабардар еместігін айтты», - дейді ол.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан