Жұмыссыз қалған Bek Air қызметкерлері наразылық білдірді

Azattyq Rýhy

Лицензиясы уақытша тоқтатылған компанияның қызметкерлері ақысыз демалысқа кеткен еді

«Бек Эйр» әуекомпаниясынан тағы да дау шықты. Бұл жолы мекеме қызметкерлері жұмыссыз қалғандарын айтып, құзырлы органдардан көмек сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.

300-ден астам маман апат болған күннен бері ақысыз демалысқа жіберілген. Басшылары компания жұмысы комиссия шешімі шықпайынша басталмайтынын айтқан.   

Пилот, бортсерік, инструктор, инженер мен есепші. Бұлардың бәрі Жаңа жыл қарсаңында апатқа ұшыраған «Бек Эйр» әуе компаниясының қызметкерлері. Авиация саласында кемі 3 жылдан 15 жылға дейін тәжірбиесі бар мамандар қайғылы жағдай болғалы бері жұмыссыз жүр. Өйткені, мекеменің ұшу сертификаты тоқтатылған, ал қызметкерлері ақысыз демалысқа жіберілген.

«Мен авиция саласында 13 жылдай қызмет етіп келемін. Әріптестерім 5 жыл, 7 жыл, 10 жылдық тәжірибесі бар кісілер. Менің өзім көпбалалы отбасының жалғыз асыраушысымын. Әріптестерімнің бәрінің ипотекасы, несиелері бар. Жалғызбасты аналар да бар», – деді «Bek Аir» әуе компаниясының бортсерік инструкторы Тұрсын Ахметов.

«Бек Эйр» мекемесінде 400-ке тарта қызметкер тіркелген. Компания басшылығы комиссия шешімі шыққанша оларды амалсыздан ақысыз демалысқа жібердік дейді. Жұмыссыз қалғандар арасында желтоқсандағы қайғылы жағдай кезінде жанқиярлықпен жолаушыларды құтқарған бортсерік Мұрат Сахов та бар.  

«Осы апатқа дейін де басқа компанияларда қаншама апат орын алды. Бірақ соған қарамастан жұмыс  істеп жатыр ғой. Ал неге сонда тек біздің лицензияны тартып алған, соны түсінбеймін», – дейді «Bek air» әуе компаниясының бортсерігі Мұрат Сахов.

«Қазір қоғамда біз туралы неше түрлі пікірлер айтылып жатыр. Даттап, балағаттайтындар да бар. Әріптестерімнің атынан айтатыным, біз де сіздер секілді қарапайым адамдармыз. Авиация саласында қанша жылдық тәжірибесі бар маман болсақ та, жұмыссыз қалып отырмыз. Бала-шаға, несие бар,   қаражат мәселесі бізді де қинап тұр», – дейді екінші пилот Алмас Найзабеков.

Ал компания басшысы министрлік жауабын күтіп отырғанын айтты.

«Бек Эйр» компаниясы ұшу сертификатынан айырылғандықтан мекемедегі барлық жұмысты тоқтатуға тура келді. Сондықтан барлық қызметкерлеріміз амалсыз ақысыз демалысқа жіберілді. Енді бұл жағдайдың қашанға дейін жалғасатынын нақты білмейміз. Өткен аптада министрлікке хат жолдадық, әзірше жауап келмеді», – деді «Bek air» әуе компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов.

Жыл басталғалы жұмыссыз, табыссыз қалған компания қызметкерлері енді не істейтіндерін білмей дал. Жантүршігерлік апатқа қатысты бірнеше болжам айтылғанымен, ресми нақты себеп әлі анықталған жоқ. Тергеу, тексеру жұмыстарымен арнайы құрылған үкіметтік комиссия айналысып жатыр.
 

‡àãðóçêà...
Сұхбат
Абайдың 45 сұрағына белгілі режиссер, жазушы Ермек Тұрсынов жауап берді
«Абайдың 45 сұрағы» жобасының кезекті қонағы - филолог, абайтанушы Омар Жәлел
Ирактан Қазақстанға қайтарылған 14 баланы ортаға бейімдеу жұмыстарымен айналысып жатқан психолог мамандармен сұхбат