«БІТТІ». Мәнізоров туралы сұраққа ең қысқа жауап
2019 жылдың күзінде басталған, «саяси интригаға» толы Алматы облысының әкімі Бағдат Мәнізоровқа қатысты іс аяқталған

Бүгін Сенатта Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Бағдат Мәнізоров туралы сұраққа бірауыз сөзбен жауап беріп, нүкте қойды.
«Мәнізоровқа қатысты іс бітті ме?» деген журналистер сұрағына Марат Ахметжанов «Бітті» деп нүкте қойды.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың күзінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысының әкімі Бағдат Мәнізоровтың үстінен арыз түсті деп, оны қолға түсірген болатын. Көп ұзамай, Бас прокуратура Мәнізоровты «сүттен ақ, судан таза» деп, тергеуден де, қамаудан да босатып алған. Тіпті, оны заңсыз қолға түсірді деп, Алик Шпекбаевтың (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы – авт) бірнеше қызметкеріне қатысты қызметтік амал қолдану керек деп, Агенттікке талап жолдаған. Шпекбаевтың командасы кері шегіне салған жоқ, Бас прокуратураға Мәнізоровтың үстінен түскен арыздар негізді деп әрі өз қызметкерлері дұрыс әрекет етті деп, кері арыз жолдаған.
Ақыры, екі құзырлы органның текетіресінде Мәнізоров «жеңімпаз» болып отыр. Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов оған қатысты іс аяқталғанын мәлім етіп отыр. Мәнізоров қазір өз қызметінде – Алматы облысының әкімі Баталовтың орынбасары.
Айта кетейік, бірнеше апта бұрын Мәжілісте осы Марат Ахметжанов журналистердің Бағдат Мәнізоров туралы сұрағынан қашып, далаға сырт киімін киместен шығып кеткен болатын.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан