$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.12.2019, 11:30
Қоғам

Әйелінің инстаграмда отыратынын білмейміз – Олжас Бектенов Қанат Сұлтанбек туралы

Ақша жымқырды деген күдікпен іздеуде жүрген Қанат Сұлтанбектің туыстары тергелмейтіні белгілі болды 

«Астана LRT» құрылысында ақша жымқырды деген күдікпен интерполдың іздеуіндегі Қанат Сұлтанбектің туған-туыстары тергелмейді. Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мәліметінше, Астана LRT құрылысын жүргізу кезінде сол кездегі елорда әкімінің орынбасары болған Қанат Сұлтанбек бірнеше адаммен сыбайласа отырып, миллиардтаған қаражатты жымқырған.

Олжас Бектеновтің айтуынша, оны іздеу жұмыстары құпия негізде жүреді, нәтижесі шықса, БАҚ өкілдеріне хабар беріледі. Бұған дейін Азаттық рухы жазғандай, Қанат Сұлтанбектің әйелі – Шолпан Сұлтанбек инстаграмм әлеуметтік желісінде блог жүргізеді және локациясын көрсетіп отырады. Алайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұдан бейхабар болып шықты.

Оқи отырыңыз:Түрме орнына Нью-Йорк: бұрын істі болған қазақстандықтар қайда жүр? 

Бүгін Олжас Бектенов «Қанат Сұлтанбектің әйелі инстаграмда емен-еркін тіркеліп, күнде локациясын ұсынып отыратынын білесіздер ме?» деген сұраққа, «жоқ» деп жауап берді. Жалпы, Олжас Бектеновтен білгеніміз, тергеу Қанат Сұлтанбекті туған-туысы арқылы іздеу амалын қолданады, бірақ, кімнің қалай сұралатыны құпия.

«Іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта алмаймын, жасырын түрде жүріп жатыр. Нәтижесі болғанда өздеріңізге жеткіземіз», - деді ол.

Ал, Қанат Сұлтанбектің әкесі – «Алматыгорстрой» компаниясының директоры Таңатар Сұлтанбектің тергелмейтіні белгілі болды. «Неге оны тергейміз? Әкесінің қатысы қанша?» дейді сұраққа сұрақпен жауап берген Олжас Бектенов. Дегенмен ол, Қанат Сұлтанбекті іздеуде «туысқандарынан пікір алу тәсілдері қолданады» деді.

Естеріңізге сала кетейік, Қанат Сұлтанбектің Қазақстандағы соңғы қызмет орны – қорғаныс саласында техника шығарып, сатып алып, сататын «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ басқармасы еді (төраға орынбасары). Осы қызметтен кете сала, оны ірі көлемде пара алды деп, айыптаған. Ол алған 1 млрд теңге көлеміндегі пара бірнеше жыл ішінде, әсіресе, елордада әкім орынбасары болған кезде жиналған. Ең қызығы, бірнеше қызметте жүріп, өте қомақты көлемде пара алды деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айрылған Қ.Сұлтанбеков сот жазасынан 2 млрд теңге айыппұл төлеп құтылды. «Бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған үш баласының барын және тергеу органдарымен келісімге келгенін ескере отырып, сот оның жазасын 2,14 млрд теңгеге ауыстырады» делінген еді. Ол 2017 жылдың қарашасында сотталған. Сол жылдың 11 желтоқсанында мемлекетке келтірген залалы үшін айыппұлының алғашқы бөлігі ретінде 959 млн теңгені төлейді. Ал, 2018 жылдың 5-6 ақпанында қалған 1 млрд 180 млн теңге көлеміндегі қаржыны бес траншпен төлеген.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары