Ұлттық банк 7 мыңнан астам адамның ипотекалық қарызын азайтпақ
Ипотекалық қарыздың нақты қанша пайызы азайтылатыны әзірге белгісіз
Ұлттық банк 7 мыңнан астам адамның ипотекалық қарызын азайтпақ. Несиеге алған баспанасы банктің иелігіне өтіп кеткен борышкерлер де көмексіз қалмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Теңгенің құлдырауы кесірінен үй-жайсыз қалғандарды қолдаудың кезекті бағдарламасы келесі жылдың қаңтарынан бастап іске асырыла бастайды.
Әлеуметтік әлсіз топқа жататын 7 мың 355 борышкердің қарызы азайтылады. Ұлттық банк кезінде несиесін төлей алмай, үйі банк меншігіне өтіп кеткен азаматтарға да қолдау көрсетпек. Бұл жағдайда, кейін сатып алу құқығымен борышкерге баспанасы өзіне қайтарылуы мүмкін. Бірақ шешімді екінші деңгейлі банктер өзі қабылдайды. Яғни, әрбір борышкердің мәселесі жеке қаралады. Жаңа бағдарлама 1-қаңтардан бастап іске асырылады. Дегенмен борышкерлер ипотека алған банктеріне 10-ынан кейін баруы керек. Қандай құжат қажеттігін банктердің өзі айтады.
Ипотекалық қарыздың нақты қанша пайызы азайтылатыны әзірге белгісіз. Ұлттық Банк оны банктердің өз қарауына қалдырып отыр.