130 бапты әкімшілік жазаға ауыстыру туралы жұмыс жүріп жатыр – Бас прокурордың орынбасары

130 бап қашан өзгереді?

130 бапты әкімшілік жазаға ауыстыру туралы жұмыс жүріп жатыр – Бас прокурордың орынбасары

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 130 бабын (жала жабу) ізгілендіріп, жазаны қылмыстық жазадан әкімшілік жазаға ауыстыру бағытында жұмыстар басталды. Бұл туралы бүгін Сенатта Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті.

Айта кетейік, Марат Ахметжанов Сенатқа «кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық заңнаманы жетілдіру» бойынша бірқатар өзгерістерді таныстырып келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 130 бапты ізгілендіру туралы ұлттық сенім кеңесінің жуырдағы отырысында айтқан тапсырмасы бұл заң жобасына енбейді.

 «Жоқ, ол (Президент тапсырмасы - авт) қаралып жатыр. Президент Ұлттық сенім кеңесінде  тікелей тапсырма берді, оны қоғам болып талқылауда. Президенттің тапсырмасын орындау барысында заңның осы бабын ізгілендіру ретінде жұмыстар жасалып жатыр. Редакциясы жасалды, бұл бапты әкімшілік кодекске ауыстыру бағытында жұмыстар жасалып жатыр», - дейді Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, Президент әкімшілігі  бұл өзгерісті әзірге ешқандай органға тапсырмаған.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.