Мәнізоров туралы сұрақтан қашқан Бас прокурордың орынбасары киімін ұмытып кетті
Бүгін Мәжіліс отырысына қатысқан Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Алматы облысының әкімі Бағдат Мәнізоровқа қатысты шешім шыққанын айтты
Бұл сұрақтың жауабын алу үшін журналистер Марат Ахметжановты далаға дейін қуып барды. Журналистерден «қашқан» ол парламент ғимаратының киім ілгішіне сәл кідіріп, сырт киімін алғысы келгендей болды. Ақыры, көлігіне дейін киімсіз жүгіріп кетті.
Марат Ахметжановтың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі Бас прокуратурамен келіспей, неше рет арыз жазса да өздері біледі. Шектеу жоқ. Бірақ, Бас прокуратура Мәнізоров заңсыз ұсталды деген позициясынан таймай, шешімін өзгертпейтін көрінеді.
Айта кетейік, Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Мәнізоровтың «қамалғаны» туралы ақпарат 26 қыркүйек күні тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов 2 қазанда Мәнізоровтың ірі көлемде алаяқтық жасаған деген күдікке ілінгенін ресми мәлімдеді. Ал, 30 қазанда Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Бағдат Мәнізоровтың жұмысқа шыққанын хабарлады.
30 қазанда Мәжілістің жалпы отырысынан соң Бас прокуратура өкілі Мәнізоровтың ісінде қылмыс құрамы жоқ екенін, сондықтан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің өзін жазаға тарту керек екенін айтқан болатын. Ал, Агенттік ішіндегі бірінші тергеу департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов Бас прокуратураның шешімімен келіспейтінін мәлімдеді.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан