Мәнізоров ісі: Бас прокуратура мен Жемқорлыққа қарсы агенттік арасында «соғыс» басталды ма?
Іс қозғаған Агенттік өкілдері прокуратураның шешімімен келіспейтіндерін айтып отыр
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың ұсталып, артынша қайта еркіндікке шығуы – соңғы бірнеше күнде қазақстандық қоғамда қызу талқыға түскен негізгі тақырыптардың бірі.
Бір қарағанда әкім орынбасарына қатысты қатардағы іс болғанымен, қазір республиканың күштік құрылымдары арасында Мәнізоров үшін көзге көрінбейтін «соғыс» басталғандай.
Екі тұрғынның арызынан кейін әкім орынбасарын ұстаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оның үстінен қылмыстық іс қозғап қойған еді. Бірақ, еліміздің Бас прокуратурасы кенеттен алдымен қылмыстық істі сұратып алды, кейін қылмыс құрамы жоқ деген себеппен оны мүлде жауып тастады. Осылайша, Бағдат Мәнізоров кешеден бастап қайта қызметіне кірісті.
30 қазанда Мәжілістің жалпы отырысынан соң Бас прокуратура өкілі Мәнізоровтың ісінде қылмыс құрамы жоқ екенін, сондықтан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің өзін жазаға тарту керек екенін айтқан болатын.
Бүгін аталған Агенттік ішіндегі бірінші тергеу департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов Бас прокуратураның шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Олар тиісті арызды Бас прокуратураға жөнелткен. «Ал, қызметкерлерімізді жазалаймыз ба, жоқ па, ол жағын өзіміз шешеміз» дейді.
Бас прокуратура айып тағып отырған Агенттік қызметкерлерінің бәрі орталық аппаратта жұмыс істейтіні белгілі болды.
«Бас прокуратура бізге қызметкерлерді жазалау туралы хат жіберді. Қазір Агенттік басшылығы оны қарап жатыр. Ол арыз қаншалықты негізді екенін және қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданыла ма, жоқ па, агенттік басшылығы шешеді. Олар Орталық аппараттың қызметкерлері. Нақты неше адам екенін айта алмаймын, құпия», - деді бірінші тергеу департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов.
Айта кетейік, Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Мәнізоровтың «қамалғаны» туралы ақпарат 26 қыркүйек күні тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов 2 қазанда Мәнізоровтың ірі көлемде алаяқтық жасаған деген күдікке ілінгенін ресми мәлімдеді. Ал, 30 қазанда Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Бағдат Мәнізоровтың жұмысқа шыққанын хабарлады.