Халық санағы: Қазынаға қол салған «төрттік» қайда жүр?
Туыстары Анар Мешімбаеваның қайда жүргенін айтып берді
Қазақстанда ұлттық халық санағы 2020 жылы 1-30 қазан аралығында өтеді. «Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігі Статистика комитетінен тура бір жыл мерзім қалған ауқымды науқанға дайындық барысын сұрап білді.
«Онлайн» санақ
Он жыл ішінде ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып кеткені сонша, кезекті ұлттық санақ үшін sanaq.gov.kz арнайы сайты іске қосылмақ. Бұл бұрынғыдай үй-үйді аралайтындар саны азаяды дегенді білдірсе керек. Ресурсты кез келген адам тәулік бойы ыңғайлы уақытта өз бетімен қолдана береді. Респондент зерттеуге қашан қатысу керектігін өзі шешеді, өзі туралы мәліметті өзі толтырып шығады.
«Мәліметтерді толтыруды уақытша тоқтату және респондент үшін «интервьюер эффектісінің» болмауы, егер интервьюердің көңіл-күйі болмаса немесе адамдардың белгілі бір түрін қабылдамаса, интервьюердің жеке әсері жойылады. Мұның бәрі алынған мәліметтердің толықтығына әсер етеді. Және интвервьюердің жаппай аралап шығу және планшеттік компьютер арқылы сауалнама жүргізу әдісі де қолданылады»,- делінген комитеттің ресми жауабында.
Санаққа бөлінген қаржы тоғыз есе көп
Алдағы жылы өтетін санаққа 9 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Бұл осыдан он жыл бұрын бөлініп, жартысынан көбі тоналған бюджет қаржысынан тоғыз есе көп. Статистика комитетінің өкілдері сұратылған қаражатты Парламент Мәжілісінің мақұлдағанын, қазір ол Сенатта талқыланып жатқанын айтады.
Әлемдік тәжірибеде халықтың мобильділігі төмен кезеңде санақ жүреді. Ол – күз бен қыс айлары. Жазда еңбек демалысы, оқушылардың каникулға шығуы және далалық жұмыстардың қызған уақыты болғандықтан науқан күздің соңғы айлары немесе қыс ортасында жүргізіледі.
ТМД Мемлекеттерінің Басшылары Кеңесінің 2016 жылғы отырысында аймақтағы мемлекеттерде кезекті халық санағын 2019 жылғы қазаннан бастап 2020 жылғы қазан аралығында жүргізу туралы шешім қабылданған. Сондықтан Қазақстан үкіметі бұл шараны келесі жылдың соңына белгілеп отыр.
Тәуелсіздік жылдарындағы халық санағы
Тәуелсіздік алған соң Қазақстанда халық санағы 1999 және 2009 жылдары екі рет өткізілді. Алғашқы санақ қортындысы бойынша қазақстандықтардың саны 14 981 281 адамды, ал 2009 жылғы өткізілген санақ нәтижесі бойынша халқымыздың саны 16 009 597 адамға жеткен.
Біріккен Ұлттар ұйымының 1950-2100 жылдар аралығындағы Азия мемлекеттерінде халық санының өсу көрсеткіші төменде арнайы графикамен көрсетілген. «Youtube» желісінде биыл 2 қазанда жарияланған бейнероликте Қазақстандағы халық санының да өсімі бейнеленген. Осындағы деректерге қарағанда 1960 жылы қазақ жеріндегі халықтың саны 9 млн 519 мың адам, 1970 жылы- 12 млн 825 мың, 1980 жылы- 14 млн 643 мың, 2000 жылы- 15 млн 021 мың, ал 2010 жылы- 16 млн. 043 мыңға дейін артқаны кестемен көрсетілген. Ал осындағы болжамдарға қарағанда 2100 жылы Қазақстанда халық саны 27 млн. 913 мыңға жетуі мүмкін. Мұндағы халық саны өсімінің болжамдары Өзбекстанда 42 млн, ал көрші Қырғыз еліндегі 10 млн. адамға жететінін байқауға болады. Азия құрлығында халықтың күрт өсуі жағынан Үндістан алғашқы орында тұр. Мұнда 2100 жылы тұрғындар саны 1 млрд 450 млн адамға жетпек. Картада Қытайдағы халықтың саны керісінше 400 млн адамға кеміп, 1 млрд адамға тұрақтайды деп беріліпті.
«Статистер ісі»
2009 жылы халық санағына деп бөлінген мемлекет қаражаты талан-таражға түскен болатын. Айтулы науқанға жұмсалуы тиіс қазына қаржысын ат төбеліндей топтың бөліске салғаны көп ұзамай әшкере болды. Елдегі халық санын түгендеуге бөлінген 1 млрд 144 млн теңгенің жартысынан көбі ұрланған еді. Тергеу қазынаға қол салған «төрттікті» көп ұзамай анықтап, үшеуін бір жылдың ішінде түрмеге отырғызды. Олар кәсіпкер Серік Тұржанов, Статистика агенттігі төрағасының орынбасарлары Нұғман Баянов пен Бірлік Меңдібаев болатын. Алғашқысы 9 жыл, ал соңғы екеуі 6 жылдан жаза арқалады. Ал басты фигурант араға 4 жыл салып қашып жүрген жерінен ұсталып, елге қайтарылды. Статистика агенттігінің сол кездегі басшысы Анар Мешімбаева 700 млн теңгенің қайда жұмсалғанын түсіндіріп бере алмаған. Мәскеуде ұсталған күдікті бұл қылмыстан басын алып қашты. Бірақ тергеу органдары оны мемлекет мүлкін жымқырғаны үшін ақыры 7 жылға соттады.
Анар Мешімбаева 5 жыл Алматы облысындағы «Жауғашты» әйелдер колониясында отырып, 2018 жылы бостандыққа шықты. «Киік» фирмасының құрылтайшысы, «Қазкосмос» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Серік Тұржанов 7 жылын түрмеде өткізді. Осы «атышулы санақшылар ісі» бойынша қамалған Баянов пен Меңдібаев та жазаларын толықтай өтеп, қапастан босап шыққан.
«Санақшылардың» түрмеден кейінгі өмірі
Ашық дереккөздерінде бұл екі азаматтың кейінгі тағдыры туралы ақпараттар жоқ. Желіден олардың сот кезіндегі фото суреттерін ғана кездестіруге болады. Есесіне бұрынғы кәсіпкер, халық санағы үшін бланк шығарып беру үшін тендер ұтып алған «Киік» компаниясының құрылтайшысы жаңадан өмір бастап, өз ортасына бейімделген. Қазынадан қаржы ұрлады деп айыпталған азамат соңғы жылдары «Facebook» желісінде өте белсенді. Парақшасына жүктелген фото суреттер мен бейнетүсірілімдерге қарап, салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды жиі насихаттайтынын байқауға болады.
Скандинавиялық жүру тәсілі және жаттығу залындағы тынымсыз еңбектенудің арқасында Серік Тұржанов 160 килограммнан екі есеге дейін арықтағанын мақтан етіп жазады. Жасы елу алтыға келген ол спорттың арқасында 80 келіге арықтағанын өзгелерге үлгі етеді. Түрлі марафондарға қатысып, жүлделі орындарға ие болатыны туралы ақпараттарды үзбей жариялап отырады.
Анар Мешімбаева 2009 жылғы санақ нәтижесіне бүкіл халықтың күдігін күшейткен топтың жетекшісі. Кейбір сарапшылар тоналған қаржының қалғанымен жүргізілген есептің қортындысына сенбеді. Бұл оқиға материалдықтан гөрі елдің моральдық құқығын аяққа таптау деп бағаланды. Ақырында ресми органдар халық санағын өтті деп таныды.
Кесілген жеті жыл жазаның 5 жылын өтеп шыққан Мешімбаева қазір қайда? Ол түрмеден 2018 жылы 5 ақпанда босатылған. Нұрсұлтан Назарбаевтың атына рақымшылық сұрап хат жазған соң, бостандыққа екі жыл ерте жіберілген. Ашық дереккөздерінде санақшы әйелдің бір қызы бары айтылады. Анар Мешімбаева «В Мир Добра» атты қозғалыс құрып, қызымен бірге түрлі жобаларды жүзеге асыратыны белгілі болды. 2018 жылы шілдеде тұсауы кесілген жобаның мақсаты — көршілерді жақындастыру. Бір аулада, бір шағын ауданда тұратын адамдардың бір-біріне көмек қолын созуын ұйымдастырады.
Ол екі жыл пробациялық бақылауда, тұратын аумағынан тысқарыға кетуге болмайды. Сондықтан қозғалыстың арнайы сайтында көршілермен жұмыс істейтін идея ойлап тапқанын жазады. Оның үстіне қазына қаражатын ұрлады деп айыпталған әйелге сот бес жыл мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салған болатын.
Анар Мешімбаеваның туыстары оның қазір жағдайы қалыпты, Өскемен мен Алматы арасында қатынап, өз тіршілігін жасап жүргенін айтты.
«Өзі жақсы деп естимін, хабарласпағаныма көп болды. Қазір Алматы мен Өскемен арасында жүр, шығыста әке-шешесі тұрады. Өзіміз Анарға байланысты талай әңгімені естідік қой, енді басын арашалап алды. Ол адал адам еді, ұрынып қалды ғой», - дейді дереккөз.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы