Білім министрлігі университеттерді соттың шешімінсіз-ақ жабуды жоспарлап отыр
Асхат Аймағамбетов жабылған университеттердің студенттері зардап шекпеуі керектігін айтты
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің пайымынша, университет ашуға лицензия беретін министрлік болғандықтан, ол лицензияны кері қайтару да олардың құзіретінде болуы керек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгін бұл шешімді сот шығарады. Сондықтан, біз тиісті норма қабылдағымыз келеді. Жуық арада ол норманы қабылдаймыз деп үміттенемін. Яғни, мемлекеттік орган ретінде университеттердің жұмысына лицензия беретін біз, сондықтан, лицензияны кері қайтаратын уәкілетті орган да біз болуымыз керек», - дейді Аймағамбетов Мәжіліс отырысынан соң журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Бірақ, министр бұл жағдай бойынша ешбір студент зардап шекпеу керек деп есептейді.
«Түсінесіздер ме, бізде жоғары оқу орындары өте көп, ал талапқа сай емес оқу орындары жабылуы керек. Бірақ, студенттердің басқа оқу орындарына ауысуы мәселесін қарап жатырмыз, лицензиядан айырылған оқу орындары студенттерге зиянын тигізбеу керек», - деді Аймағамбетов.
Естеріңізге сала кетейік, бүған дейін Білім және ғылым министрлігі лицензиясы бір айға тоқтатылған университеттердің тізімін жариялаған болатын.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов лицензиясы тоқтатылған оқу орнының атын атады
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан