Аймағамбетов лицензиясы тоқтатылған оқу орнының атын атады
Егер университет жабылса студенттер қайда барады?
Бүгін Білім және ғылым министрі «қара тізімге» ілігіп, жабылудың аз-ақ алдында тұрған жоғарғы оқу орындарындағы өрескел кемшіліктерді тізді. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, алдымен лицензиясы бір айға тоқтатылған оқу орындарының материалдық техникалық базасы нашар, ұстаздар санының жетіспеушілігі мен сабақтың өтуіне қатысты да сұрақтар бар. Сонымен қатар министр есігіне қара құлып салынғалы тұрған оқу орнының тек біреуінің ғана атын атады.
«Ол - Шымкент аймақтық әлеуметтік инновациялық университеті. Лицензиясы тоқтатылған оқу орындарына бір ай уақыт берілді. Осы мерзім ішінде кемшіліктерін жоймаса, іс сотқа жіберіледі. Әрине, алда-жалда жабылып жатса, онда білім алып жатқан студенттеріміздің қиналмауын қарастыруымыз керек», - деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, бүгін Білім министрлігі жоғарғы оқу орындарындағы тексерістің қортындысын жариялаған болатын.