Алматыда депутатты соққыға жыққан ағайынды екі жігіттің әрқайсысы 10 жылға сотталды
Олжас Қалияқбаров пен оның ағасы Асхат Әбішев алдағы 10 жылын қатаң режімдегі түрмеде өткізеді
Алматы қалалық мәслихатының депутаты, меценат Мұрат Әділхановқа шабуыл жасаған ағайынды екі жігітке сот үкімі шықты. Енді Олжас Қалияқбаров пен оның ағасы Асхат Әбішев алдағы 10 жылын қатаң режімдегі түрмеде өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оқи отырыңыз: Алматылық депутатты соққыға жыққандар 12 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін
Сондай-ақ, жазаға кесілген екеу меценатқа қомақты өтемақы да төлеуі тиіс. Депутаттың жүргізушісі мен оның ағасына ҚР Қылмыстық кодексінің 192 (қарақшылық) және 200-баптарында көрстеліген (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) қылмысты жасады деген айып тағылды.
«Әбішев Асхат Жұмаханұлын ҚР Қылмыстық кодексінінің 192 бабы, 4-тармағының 2-бөлігінде және 200-бабы 1-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп табылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Бұлтартпау шарасы үкiм заңды күшiне енгенге дейiн қолданылады. Жазаны өтеу мерзімі 2019 жылдың 9 тамызынан бастап есептеледі. Қалияқбаров Олжас Кәкімғалиұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 193 бабы 4-тармағының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және ол осы бап бойынша 10 жылға бас бостандығынан айрылсын», - деді судья Кеңшілік Әбділдинов.
Депутаттың арызы бойынша ауыр жаза арқалаған қос жігіт Мұрат Әділхановқа 12 миллион 987 мың 858 теңге материалдық шығын төлеуге де міндетті. Миллиондардан бөлек моральдық өтемақы мен мен мемлекетке төлейтін ақша тағы бар. Ұзақ жылға жаза арқалаған қос қылмыскер де, олардың адвокаттары да үкіммен келіспейтіндіктерін айтты.
Бұдан соң қарулы күзет сот залын шұғыл бостауды талап етті. Қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесіне жіберілетін қос ағайындының адвокаттары аппелациялық шағым түсірмек.
«Біз үкіммен келіспейміз. Айыптау негізсіз және дәлелденбеген деп санаймыз. Іс материалдарымен түк дәлелденген жоқ. Сондай-ақ, тонау да, ұрлау да, залал да ешқандай расталған жоқ. Депутат болғандықтан осылай жаза берген шығар», - деді адвокат Шолпан Исмаилова.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы