Алматылық депутатты соққыға жыққандар 12 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін
Алматылық депутат Мұрат Әділхановты соққыға жықты деп айыпталған ағайынды екі жігіттің ісі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Айыпталушыларға қатысты сот үкімі 25 қарашада шығады
Алматыдағы мәслихат депутаты, меценат Мұрат Әділхановты 7 тамыз күні соққыға жыққан. Айыпталушы екі жігіт өздерінің тонау туралы ойлары болмағанын, тек арадағы мәселені «жігітше» шешкілері келгендерін айтып, тағылған айыппен келіспей отыр.
Айыпталушының бірі Олжас Қалияқбаров жәбірленуші депутаттың жүргізушісі болған. Ал, Әділхановты кеңсесінің алдында тепкіледі деп айыпталған Асхат Әбішев кәсіпкер екен. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 192 (қарақшылық) және 200-баптары (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша іс қозғалған. Егер қылмыстары дәлелденсе, олардың әрқайсысы 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Алайда, айыпталған азаматтардың адвокаттары тағылған айыпта асыра сілтеушілік, тергеу ісінде заң бұзушылықтар бар деп сотта наразылықтарын білдірді. Ал, депутат Мұрат Әділханов сот отырыстарының бірде-бірінде бой көрсетпеген. Оның сөздерін судьяға прокурор Дәурен Халықов оқып берді. Арызда көрсетілгендей, депутат пен Асхат Әбішевтің арасында төбелес болған. Ал, жүргізуші ажыратуға, көмек көрсетуге мүлдем әрекет етпеген.
Депутатты соққыға жығу оқиғасы 7 тамыз күні таңғы сағат 9:30 шамасында «Көктем Гранд» бизнес орталығының алдында болған. Айыптау парағында бетперде тағып, ойыншық тапанша ұстаған және пышақпен қаруланған Асхат Әбішевтің лифт алдында депутатқа тап бергені жазылған. 40 жастағы айыпталушы Әділхановты ұрып-соғып, ұялы телефоны мен портфелін тартып алған. Әрі құны 60 миллион теңге тұратын «Mercedes benz S-class» маркалы көлігін мініп қашқаны жазылған. Айыптау актісі бойынша, бұл оқиғаның барлығын Әділхановтың 30 жастағы жүргізушісі көріп тұрған.
Сондай-ақ тергеу материалдарында айыпталушылардың меценат Мұрат Әділхановқа жалпы көлемі 15 млн 817 мың теңге шығын келтіргені көрсетілген.
Алайда, айыпталушы Асхат Әбішев бұл заттардың бірін де алмағанын, тек бастығынан үнемі қорлық көрдім деген інісінің «намысы» үшін сөйлесу мақсатында келіп, істің төбелеске ұласып кеткенін айтты. Асхат Әбішев өзінің де әлеуметтік жағдайы жақсы екенін, өзгенің затына мұқтаж еместігін жеткізді.
«Мен паркингке еркін кіріп, төбелестен кейін ешқайда қашпай, асықпай шығып кеттім. Сосын таксимен үйге келдім. «Көлікті мініп қашты, заттарымды ұрлады» деген айыптармен келіспеймін. Олжас жақын інім, маған үнемі бастығының кемсітіп, нұқып сөйлейтінін айтатын. Мен інімнің намысы үшін бардым. Депутат бола тұра, қол астындағы адамды кемсітуі қалай? Інім тек жақсы жалақы үшін шыдап келді. Ол екі күннен кейін айлығын алып, жұмыстан кетем деп жүрген. Мен онымен төбелесейін деп келгем жоқ. Мені мазақ қылған соң ұрдым», - деді сотта айыпталушы Асхат Әбішев.
Мұрат Әділханов бұл жолы да сотқа қатыспады. Оның қорғаушысы депутаттың Алматыда еместігін және жұмыстан қолы тимей жатқанын, әрі Әділхановтың өзіне қастандық жасағандарға мүлдем кешірім бермейтінін жеткізді. Ал айыпталушылардың адвокаттары тергеу ісінің әу бастан біржақты жүргізілгенін айтып, Медеу аудандық ПБ тергеушісі Л.Әбітбектің айыптау актісімен келісе алмайтындықтарын айтты.
«Заңсыз айыпталуар тағылып отыр. Бұл әдеттегі бұзақылық істердің бірі ғана. Олар «белгілі тұлғаға» тиіскені үшін он жылдан астам мерзімге соттауға әрекет етіп жатыр. Материалдық шығындарды да сол үшін бірнеше есе көбейтіп көрсетті. Заттардың құны айтылғанмен, оны дәл сол бағаға сатып алғаны туралы ешбір түбіртек те, дәлел де жоқ. Тіпті, көлікті кім мінгені де дәлелдебеген, белгісіз. Жәбірленушінің сөздері бір-біріне қарама қайшы. Алғашында шығынды 5 миллион деп көрсетсе, арада ай өткенде оны 15 миллионға дейін жеткізді. Жәбірленуші заттарын біресе қолында ұстағанын, тағы бір жауабында көлігіне қойып кеткенін айтты. Тіпті, сол сәтте оның қолында 5 миллион теңгенің болғанына да еш дәлел жоқ. Шындығында, ешбір материалдық шығын келмеген», - деп қарсылық білдірді Әбішевтің адвокаты Айбол Түменбаев.
Ал, тағы бір айыпталушы Олжас Қалияқбаровтың адвокаты Шолпан Исмаилова қорғауындағы азаматтың оққағар емес екенін және куәгер болғаны үшін ауыр айып арқалап отырғанын айтты.
«Біз айыппен мүлдем келіспейміз. Қалияқбаров жалғыз ғана куәгер болса да, күдікті саналды. Шығын көлемі өскенмен, оған сараптама жасалмады. Тергеу жұмыстары қысыммен, қорғаушының қатысуынсыз жүргізілді. Олжастың бар кінәсі - жәбірленушінің жүргізушісі бола тұра өмірін тәуекелге тігіп, оған араша түспеуі. Айыпталған азаматтардың алдын ала сөз байласып, тонаушылық жасауға уәделесуі де дәлелденбеген. Бұл абсурд», - деді адвокат Шолпан Исмаилова.
Тараптардың бүгінгі жарыссөзінен соң прокурор судьядан Қалияқбаровты 11 және Әбішевті 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Судья Кеңшілік Әбділдинов үкімді 25 қараша күні айыпталушылардың соңғы сөзінен кейін шығармақ. Ал, жәбірленуші, меценат Әділхановтың сот шешімін тыңдауға келу-келмеуі әзірге белгісіз.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы