Алматыдағы алып «тиін» Жаңа жылда жаңаша кейіпке енеді
«Атакент» көрме кешенінің алдында тұрған алып «тиіннің» Жаңа жыл қарсаңында қалай безендірілетіні белгілі болды
Биіктігі 12 метр шығатын арт-нысан түрлі түске боялып, жарқыраған шамдармен көмкерілмек. «Атакент» алдындағы алып тиінді безендіру жұмыстары 1 желтоқсанға дейін аяқталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әу баста 7 тонна металл, 4 тоннадай ағаш жұмсалған «тиіннің» жаңа сұлбасын жеке компания жасап, оны әкімдік бекіткен. Түрлі-түсті бояуда жарқырайтын арт-нысанды өзгертуге нақты қанша шам мен бояудың кететіні белгісіз. Сан мыңдаған шамдармен көмкерілетін алып тиін алдағы уақытта да түбегейлі алынбайды.
«Біз нақты шешімге келдік. Өз қаражатына жасайтын серіктес те таптық. Тиіннің жаңа макеті дайын. Ол әртүрлі түстермен боялады және жаңажылдық жабдықтармен көмкеріледі. Тиіннің жақтау ағаштары мен қаңқасы сырланды. Жақында әрлеу, бояу, көмкеру жұмыстары басталады. Қала әкімдігі ұсынысты мақұлдады. Алдында оны эстетикалық тұрғыда өзгерту туралы жоспарымыз тоқтатылған еді ғой. Енді ол алынбайды. Тиінді ұзақ мерзімге қалдыру үшін өзге де жоспарымыз бар. Жоба әлі жасалып жатыр», - Funk креативті агенттігінің PR-менеджері Светлана Шевкунова.
2018 жылдың шілде айында әлемдегі ең үлкен алып «тиін» Алматыда бой көтерді. 13 тоннадай салмағы бар тиінге 23 миллион теңге жұмсалған. Оның 15 миллионы мемлекет тарапынан бөлінсе, қалғаны жеке компанияның есебінен жұмсалды. Британдық суретші Алекс Ринслердің жобасы бойынша жасалған тиін пішіндес инсталлицияға наурыз айында ұлттық бас киім кигізіп, қолына 5 метрлік жауқазын гүлі «ұстатылды». Тиінді Наурыз мерекесіне орай безендіруге 170 мың теңге жұмсалған еді. Ал осы жолы қанша ақша керек деген сұрағымызды жоба жетекшілері жауапсыз қалдырды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы