$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.11.2019, 16:01
Жаңалықтар

Алматыдағы индустриалды аймақта жоспарланған 41 жобаның тек бесеуі ғана жұмыс істеп тұр

Қазіргі таңда 100 гектардай жер игерілмей бос жатыр 

Алматыдағы индустриалды аймақта жоспарланған 41 жобаның тек бесеуі ғана жұмыс істеп тұр

Алматының шағын және орта бизнес өкілдері қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа шағымданды. Олар индустриалды аймақтағы жердің аса қымбаттығынан кәсібімізді жүргізе алмай отырмыз дейді.

Қазір индустиалды аймақта машина жасау, құрылыс индустриясы, фармацевтика, тамақ және химия өнеркәсібіне бағытталған өндіріс орындарының құрылысы жүріп жатыр. Бастапқы жоспар бойынша 41 жоба іске асуы керек болған. Алайда, кейбірінің әлі қазығы да қағылмаса, өзгелерінде құрылыс кешеуілдеп басталған. Мұнда инфрақұрылым толық тартылғандықтан шағын және орта кәсіп иелері де жұмыс істегісі келеді. Алайда, жер бағасы тым қымбат.

«1 гектар жер алу үшін 600 мың долларың болуы керек дейді. Мен мәселен, сабын шығаратын шағын зауыт ашайын деген едім. Талпынысымнан түк шықпады. Жер алмастан бұрын 600 мың доллар ақшаң бар екенін дәлелдеуің керек. Біздің ақшалай айналым тек 5-10 миллион теңге ғана. Бизнес-жобамызды осылайша бекітпей тастады», - дейді алматылық кәсіпкер Ырысбек Тоқтасын.

Бизнес өкілдерінің айтуынша, Алатау ауданындағы индустриалды аймақта бос жатқан жер көп. Қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбай да бұл ақпаратты растап отыр. Оның мәліметінше, қазіргі таңда 100 гектардай жер әлі игерілмеген. Олардың иелерінен алдымен ескерту беріліп, болмаған жағдайда жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылады. Қазірдің өзінде 2 компания жерді қайтарып берген. Олар алып зауыт саламыз деп, қоршаудан басқа түк істемепті. Жыл соңына дейін дәл осындай тағы 8 компания алған жерін қайтарып беруі тиіс.

«Бұл жерлерде 3 жылдан бері ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Олардың орнына жаңа инвесторлар таптық. Бірақ, бере салатын артық жер жоқ. Комиссия өкілдері ақылдасып, кімге қанша жер беру керектігін шешеді. Комиссия құрамының 70 пайызы бизнес өкілдері», - деді С.Тұяқбаев.

Оның айтуынша, шағын және орта бизнес өкілдерінің әрбіріне жер берілмейді. Оларға арнап ортақ ғимарат тұрғызылмақ.

«Индустиралды аймақта барлығы 316 гекатар жер бар. Оның 200 гектары игерілген. 100 гектарын өзге кәсіпкерлерге береміз. Ал, шағын және орта бизнес өкілдеріне арнап инсвесторлар арқылы 2 ғимарат салынып жатыр. Кәсіпкерлер бұл орындарды жалға алады. Салынып жатқан ғимараттардың әрқайсысы 11,5 мың шаршы метр. Жалға алудың шаршы метрі 1000 теңгеден болады», - деп түсіндірді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.

Бұған дейін индустриалды аймақта мемлекеттің 27 миллиард теңгесіне инфрақұлым: газ, су, жарық жүргізіліп, асфальтқа дейін тартылған. Жоспар бойынша аумақта құны 155 миллиард теңгені құрайтын 41 жоба іске асуы керек еді. Әзірге тек 5 зауыт қана жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында картридж шығаратын «DOC Co.LTD» ЖШС, қағаз қаптарын жасайтын «Almapack Co.LTD» ЖШС, қияр мен қызанақ өсіретін «BRB APK» жылыжай кешені сынды өндіріс орындары бар.

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалиннің сөзінше, қазір аймақта тағы 12 зауыт салынып жатыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары