Білім министрлігі Дүниежүзілік банктен қарыз алып, Үкіметтен 400 млрд теңге сұрап отыр
Бұл қаражатты мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсамақ
«Azattyq Ruhy» тілшісінің Дүниежүзілік банктен алған займ көлемі туралы сұрағына Білім министрлігі қағаз жүзінде жауап береміз деді. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наталья Жұмаділдаева талқыланып жатқан педагог мәртебесі туралы заң жобасы ең өзекті мәселе – электронды күнделік мәселесін шешпейтінін айтты.
«Бұрын мектеп ұстаздарының бас ауруы - қағазбастылық болса, оқытудың заманауи әдістері мен цифрландыруға көшкеннен кейін олар компьютерден бас алмайтын болды. Министрлік ұстаздар толтыратын құжаттардың тізімін жасаған еді. Соған сәйкес, мұғалімдер небары бес-ақ құжат толтырады. Бірақ, білім беру базасын толтыру, электронды күнделік жүргізу, оқу жоспары мен сыни ойлауды бағалау жүйесін толтыру үшін мектептің материалдық базасы жеткіліксіз, ең бастысы, сапасы нашар интернетке тап болады.
Осы жұмыстардың барлығын орындау үшін мұғалімдер мектепте көп отырады, өздерінің жеке телефондары мен интернет трафиктерін пайдаланады, үлгермесе, үйіне барып, тағы да шұқшияды. Осы өте ауқымды құжаттарды электронды түрде толтыру үшін ұстаздардың сабағына дайындалып, оқушылармен жұмыс істеуіне уақыт қалмайды. Ал, мұғалімнің негізгі миссиясы – сабақ үйрету. Сондықтан мына сұраққа жауап беріңізші: осы мәселені шешу үшін министрлік қандай шара қолданбақ? Өйткені, осы заң жобасы бұл мәселелерді шешіп отырған жоқ», - деді депутат.
Білім министрінің айтуынша, мұғалімдерді жылдам интернетпен, заманауи техникамен қамту үшін Үкіметтен 400 млрд теңге сұралып отыр. Оның үстіне, Дүниежүзілік банктен қосымша займ алынған.
«Біз кемшіліктер бар екенін мойындаймыз. Материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігін де, интернеттің жоқтығын да, баяу екенін де мойындаймыз. Осы мәселені шешудің екі негізгі жолын қарастырып отырмыз. Біріншіден, қазір біз білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын қарастырып жатырмыз. Мектептерді материалдық-техникалық базамен толық қамту үшін Үкіметтен 400 млрд теңге сұрап отырмыз.
«Қазақтелеком» компаниясымен интернетке қатысты жұмыс атқарып жатырмыз. Сонымен қатар, депутаттар былтыр өздері қолдаған, Дүниежүзілік банктен алған займ бар, сол займның арқасында 100 мыңнан аса техника сатып аламыз», - деді Асхат Аймағамбетов.
Үшінші мәселені қозғаған Асхат Аймағамбетов министрліктің құзіретін күшейтуді сұрады. Өйткені, министрліктің мұғалімдер толтыратын құжаттар базасын заңмен бекіту үшін Әділет министрлігінің алдында құзіреті жоқ болып отыр.
«Үшіншіден, жұмыс тобында министрлікке ұстаздар толтыратын құжаттар тізімін белгілеу үшін құзірет беруді сұрадық. Өйткені, өзіміз ұсынған, мұғалім толтыруға тиіс бес құжат тізімін Әділет министрлігінде тіркей алмай жүрміз, өйткені, біздің ондай құзіретіміз жоқ. Сондықтан, бұл мәселені жұмыс тобында көтергеніміз, осы тізімді Әділет министрлігінде тіркесек, онда мұғалімдер тек бес құжат толтырады дегенді заңмен бекітер едік», - деді Асхат Аймағамбетов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан