$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.08.2021, 15:36
Қоғам

«Командирлер тұрғысы келмейді». Алматы іргесіндегі әскери қалашықтың тұрғындары шағымданды

Қалашықта дәріхана жоқ, дүкендегі баға тым қымбат

«Командирлер тұрғысы келмейді». Алматы іргесіндегі әскери қалашықтың тұрғындары шағымданды

Алматы қаласының іргесіндегі - Іле ауданына қарасты Мұхамеджан Түймебаев ауылы «Первомайские пруды» шағын ауданында орналасқан әскери қалашықты Қорғаныс министрлігі ұмыт қалдырған. Тоз-тозы шыққан үйлерден, ойылып біткен көшелерден мезі болған тұрғындар Azattyq Rýhy редакциясына хабарласып, көмек сұрады.

«Біздің қалашық әлі күнге дейін Қорғаныс министрлігі балансына тиесілі. Яғни, өкінішке қарай, қалашықтың тіршілігі үшін осы министрлік жауапты. Қалашығымызда ешқандай дені түзу көше жоқ, жолдардың бәрі ойық-ойық. Тұрғын үйлер қирап, қабырғалары шіріп тұр. Су құбырларын тат басқан, сол себепті жиі апат болып, суға жете алмай отырамыз. Жылыту жүйесі де әрең істеп тұр: үнемі бір апат болып, өшіп қалады. Қазандықтар жұмыс істемейді, біз әлі күнге дейін үйлерді мазутпен жылытамыз. Балалар ойнайтын алаң атымен жоқ. Апатты жағдайға жеткен ағаштардың саны көп. Олар талай рет құлап, канализацияның быт-шытын шығарды. Кәріз жүйесі де оңып тұрған жоқ. Дұрыс істемейді», - деді осы қалашықтың тұрғыны Анна Викторовна.

Біздің редакцияға хабарласқан Анна Черепанова Алматы қаласында туған. Өмірін әскери салаға арнаған зейнеттегі әкесімен бірге осы қалашыққа көшіп келген. Айтуынша, қалашықта медициналық пункт те, мектеп те жоқ.

«Бұрын біздің қалашықта бір балабақша бар еді. Оның ғимараты апатты, балаларға қауіпті деп танылып, жабылып қалды. Алайда, оның қазіргі атауы нөмірі 17 тұрғын үй, яғни, қирап тұрса да, адамдар қоныстанған. Ең жақын мектеп пен медициналық пункт көрші Ашбұлақ елді мекенінде. Тіпті, біздің қалашықта дәріхана да жоқ. Бір-екі дүкен бар, бірақ өте қымбат. Ашбұлақта нан 85 тг тұрса, біздің дүкендерде 120 теңге», - дейді Анна Викторовна.

Ал Ерұлан Жамаладдин есімді тұрғын қалашықта алда-жалда табиғи апат болса, тұрғындардың өлі не тірі екеніне ешкім мән бермейтінін айтады.

«2015 жылы қатты жаңбыр жауып, жиырма шақты пәтердің шатырын жұлып кетті. Тұрғындар сол кезде шатыры жоқ үйде жатты. Шатырдың орнына клеенка жапсырды. Ол кезде біз Қорғаныс министрлігінен көмек сұрадық. Бірақ, ақыр соңында әркім өз шатырын өзі істетті. Бұрын газ бар еді, қазір баллон қолданамыз. Электр жарығы да өше береді. Банкомат деген атымен жоқ. Астанаға қарай жолға шыққан көліктер тез-тез жүреді, ал біздің көшелер ойық-ойық қой. Бір рет үйіме келген қонағымды көшеде көлік қағып кетті. Біз көшелерге камера қойдырта алмаймыз. Қазір жүргізушілер адам қағудан емес, айыппұл төлеуден қорқады ғой. Сол себепті, біздің өлі, я тірі екенімізде ешкімнің ісі жоқ. Бұл - «естен шығып кеткен» қалашық», - деді Ерұлан мырза.

Әскери қалашық зейнетке шыққан әскери қызметкерлерге арналған. Ерұлан мырзаның айтуынша, қалашықта 2 мыңға жуық тұрғын бар.

«1,5 мыңы – зейнеткерлер. Гарнизон басшысы, бәрі осында тұрса, дұрысталар еді. Бірақ қалашықта басшылар тұрмайды. Бір командирге осы қаладан үй беріп еді, қашып кетті. Тұрғысы келмейді», - дейді Ерұлан Жамаладдин.

Ал Анна Викторовна қалашықтағы жастар және өздері құрған «билік органы» туралы айтты.

«Жастар аз, олар негізінен Алматыға барып, жұмыс істейді. Тоғызда басталатын жұмысына, оқуына жету үшін таңғы алтыда шығады. Себебі - кептеліс.

Бізде әкім деген жоқ. Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын тұрғындар өздері Тұтынушы кооперативін құрған. Ол жергілікті әкімдіктің қызметін атқарған. Біз сол кооперативтке барып, қалашықтағы мәселелерді жазатынбыз. Бірақ оның бәрі мағынасыз іс, себебі, оны әрі қарай жоғарыдағы лауазымды тұлғаларға алып барсақ, тыңдайтын ешкім жоқ. Мысалы, биыл жылдағыдай жылыту маусымы басталса, құбырлар атылып, қазандықтар істен шыға бастайды. Алайда, оны жөндеп беретін ешкім жоқ. Биыл жылу өзі бола ма, жоқ па, ол да белгісіз», - дейді Анна.  

Бұған дейін Қорғаныс министрлігіне арыз-шағымдарын жазғанымен, ешкім жауап бермеген. Сол себепті әскери зейнеткерлерден құралған қалашықтың тұрғындары БАҚ арқылы мына өтінішін жеткізді:

«Бізді ұмыт қалдырған. Ешкімнің қолға алғысы, тыңдағысы келмейді. Біз күресінге тастағандай өмір сүріп жатырмыз. Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің өкілдері тұрғындардың подъездерін бояйтын бояу да бермейді. Үйіміздің шатыры бұзылса, жауыннан тесілсе, оны да өз қаражатымызға жөндеттік. Коммуналдық қызметтердің дұрыс орындалуы үшін құбырларды, электр жүйесін, кәріз жүйесін жөндеуден өткізсе екен деп сұраймыз. Жолдардың жөндеу көріп, балалар ойнайтын алаң салынғанын қалаймыз».

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары