ШұғылCOVID-19: Қазақстанда 14 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

Қазақстанда былтыр 131 адам донор кезегі жетпей көз жұмды

2020 жылдан бастап ағза доноры болудан емханаға бармай-ақ бас тартуға болады

Фото: wsj.com

Қазақстанда бүгінде ағза доноры тапшы, ал донор кезегінде тұрған 3128 адам бар. Олардың 100-ге жуығы жыл сайын кезегі келмей өмірден өтеді. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрінің қатысуымен өткен қоғамдық тыңдауда республикалық трансплантациядан кейінгі пациенттер қоғамдық бірлестігінің президенті Сандуғаш Орынбаева мәлімдеді.

«2016 жылы 86 адам ағза ауыстыру операциясына жете алмай көз жұмды. 2018 жылы олардың саны 131 адамға жетті. Яғни 44% артты»,-  деді ол.

Сондай-ақ Сандуғаш Орынбаева қазақстандықтардың көбі өлгеннен кейінгі донорлық мәселесін дұрыс түсінбейтінін айтты.

«Халық денсаулығы туралы кодексте 2009 жылдан бері келісім презумпциясы туралы пункт бар. Яғни, сіз қайтыс болғанға дейін ағзаңызды пайдаланудан бас тартпасаңыз, автоматты түрде рұқсат берген боласыз. Енді, сіз 2020 жылдан бастап донорлықтан бас тартуға емханаға бармай-ақ қол қоя аласыз», - деді Орынбаева.

Ал «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова соңғы жылдары донор тапшылығы қатты байқалатынын айтты.

«Биыл донор тапшылығы жоғары. Артқа кету байқалады. Тамыз айынан бері кардиохирургия орталығында бірде-бір жүрек, өкпе трансплантациясы жасалған жоқ. Жыл басынан бері бас-аяғы 9 жүрек, 3 өкпе трансплантациясын жасадық. Ал орталықта жүрек ауыстыру бойынша 138 адам, өкпе ауыстыру бойынша 12 адам кезекте тұр. Бірақ, біз көмек көрсете алмағаннан кейін, жыл сайын 30 адам кезектен шығып қалады», - дейді төраға орынбасары.

Оқи отырыңыз: «Әлі өмір сүргім келеді»: Донор болу туралы депутаттардың пікірі

Бұған дейін БАҚ беттерінде қайтыс болған адамның ағзасын донор ету бойынша Солтүстік Қазақстан, Қостанай жән Ақмола облыстары алда тұрғаны, ал оңтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш аз екені айтылған. Мұндай пікірді Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Әділ Жұмағалиев білдірген еді.

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртанов Парламент қарауында жатқан «Халық денсаулығы туралы» кодекске қатысты сұрағы бар белсенділер мен БАҚ өкілдеріне арнап қоғамдық тыңдау өткізді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан