$ 494.87  520.65  4.91
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.12.2019, 12:41
Қоғам

Қазақстанда немересі үшін ата-әжесі алимент төлеуі мүмкін

Бүгін Әділет министрі Марат Бекетаев осындай шетелдік тәжірибені Қазақстанға енгізуді қолдаймын деп мәлім етті

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің үкімет сағатында жеке сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Алимент өндіру – сот орындаушыларға түсетін бүкіл арыздың тең жартысын құрайды деген министр Италияның сот жүйесіндегі бір фактіні мысалға келтірді.

«Бұл Қазақстан үшін жаңа ұсыныс. Сондықтан, бұл ұсынысты белсенді түрде және публика алдында талқыламай тұрып, күн тәртібіне шығаруға болмайды. Дегенмен, шетелдік тәжірибені зерттеу кезінде Италияның өте бір қызықты тәжірибесіне тап болдық. Италияда, борышкер, яғни, бұрынғы күйеуі алимент төлемесе, Италияның заңы бойынша ол қарызды борышкердің ата-анасына төлетуге болады. Яғни, судья «ата-ана осындай жетесіз бала тәрбиелесе, онда оның қарызын төлеуге міндетті» деген шешім шығарады. Оның үстіне, ол бөтен бала емес, ол немере. Ал, ата-әже немерелерін қамтамасыз ету керек», - дейді министр.

Марат Бекетаев бұл ұсынысты заң жобасына енгізу үшін алдымен жан-жақты талқылау керек дейді.

«Бұл тәжірибені қазір жалпыұлттық талқылауға шығаруды жоспарлап отырмыз. Әрине, борышкер өз қарызын өзі төлеу керек, ата-әжесіне төлету дұрыс емес деген пікірлер де бар. Бірақ, қызық тәжірибе, қарап көрейік», - дейді ол. 

Айтқанымыздай, ұсынысты жаңа заң жобасына енгізіп үлгеру үшін, талқылауды қазірден бастау керек.

 «Мен өз басым осы норманы енгізу керек деп санаймын. Бұл оң нәтиже береді. Егер ата-анасы зейнеткер болса, олардың  мүлкі, яғни, пәтері, машинасы бар. Немерелері мектепке баратын киім таба алмай отырғанда, ата-әженің мүлкін пайдалануға болады», - деді министр.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары