Шымкентте бір мектепте екі директор басқарып отыр
Ата-аналар бұрынғы директордың қайта оралғанына қарсы
Шымкенттегі білім ордасында ұл-қызы оқытып отырғандар нақты кімнің директор екенін ажырата алмай отыр деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Ата-аналардың айтуынша, №125 мектептің заңды басшысы бар. Бірақ былтыр өз еркімен жұмыстан кеткен экс-директор сот арқылы қызметіне қайта кірісіпті. Бұрынғы басшының қайта оралғанына ата-аналар ғана емес, мұғалімдерде қарсы көрінеді. Олар қалалық білім басқармасына келіп, талап қойды.
«Мектепте сыбайлас жемқорлық белең алғаннан кейін ол кісі елдің арыздары мен мектептегі мұғалімдердің арыздарымен шеттетілді. Тергеу жүріп жатыр, әлі біткен жоқ. Қайтадан мектебімізде сыбайлас жемқорлыққа жол беріле ме деп қорқамыз», - дейді № 125 мектептің мұғалімі Меруерт Қайырова.
Ұжымның білуінше, экс-директор былтырғы қарашада өз өтінішімен жұмыстан кеткен. Алайда, енді сот арқылы келдім деуі қисынсыз деп шуласты. Тіпті келе сала айлығымызды тоқтатып тастады деп отыр.
Ал сот қаулысымен қайта орнына тағайындалған басшы болса, өзіне шаң жуытпады. Ол мұның бәрі өзіне жабылған жала деп отыр.
«Оның бәрін құзырлы орындар тексерді. Бәрін қарады. Егер мен заң бұзсам құзырлы орындар мені осы уақытқа дейін жазасын шығарар еді. Менің жасыратын түгім жоқ», - дейді директор Әсет Сатыбалдиев.
Айтпақшы, өз орнына ақпан айынан бастап конкурстық негізде директор болған бұрынғы орынбасары жұмыстан шығарылмайтынын айтты. Ол қазір денсаулығына байланысты еңбек демалысында екен. Ал білім басқармасының басшысы қазіргі директор сот қаулысына сәйкес автоматты түрде директорлықтан босап қалады деп түсіндірді. Шаһардың бас педагогының өзі экс-директордың жұмыста қалғанын қалап отырмағанын жасырмады.
«Мен соттың қаулысын орындауға міндеттімін. Соттың қаулысына ол бұрынғы бұйрығы жойылғаннан кейін автоматты түрде сол мектептің директоры болып табылады. Мен Жоғарғы сотқа кассациялық шағым бердім», - дейді Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Қош, сонымен аталған мектепте кімнің директор болып қалмағын жоғарғы сот шешеді. Бірақ бас ұстаздың бұл жауабына да қанағаттанбаған қайнарбұлақтық бір топ ата-ана, енді білім министрлігіне хат жазамыз деп тарасты.