Түркістанда әлсіз топтағы отбасылар пәтерлі болғанын бірнеше жыл бойы білмей келген
Пәтер дауы сотта қаралып жатыр
Түркістанда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалға берілген пәтерлерді пысықайлар пұлдап жіберген. Мемлекеттік баспананы үлестірудегі былықтарды кезегін күтіп сарылған көпбалалы аналар кездейсоқ, онда да екі жылдан соң бір-ақ біліп отыр, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Алты баланың анасы Халима Қаюмова жалдамалы үй үшін балаларының аузынан жырып, ай сайын 20 мың теңге төлейді. Үйдің іші тас суық. Жалғызбасты келіншек отынын үнемдеп, бір ауық жылытады. Өзі күнұзақ базарда нан сатып күн көреді. Сондықтан балаларын былтырдан бері мектеп-интернатқа беріпті. Үй кезегіне 2013 жылы тұрған. Бірақ мамандар үнемі «кезек келмеді» деп қайтаратын көрінеді. Сөйтсе оған 2 жыл бұрын 3 бөлмелі пәтер бұйырыпты.
«Менің атыма АКТ шыққан, договор бәрі, шешім барлығы менің атыма шыққан. Барлығын көрсетті. Сөйтіп сенбедім, ертең келіңіздер, үйлеріңізді барып көрсетеміз деді. Бардық, бірақ ол жерде ешкім есікті ашпады», - дейді Түркістан қаласының тұрғыны көпбалалы ана Халима Қаюмова.
Білуінше баспанасында әлі күнге бөтен біреу тұрып келеді, сатып алған көрінеді. Пәтер дауы сотта қаралып жатыр. Түркістан қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі пәтерде заңсыз тұрып жатқандарды мәжбүрлеп шығару үшін сотқа жүгінген.
Түркістандағы Отырар шағын ауданына қарасты пәтерін ала алмай жүргендердің тағы бірі - Мейрамгүл Алдабергенова. Төрт баланың анасы заңды баспанасының әзірге сыртынан қайтып жүр. Айтуынша, пәтер үлестіруге құзырлы бұрынғы тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы алдап келген көрінеді.
«Доскіден көріп кете беріңдер» деп қайтара береді... Жәнібек деген жігіт келіп «үйіңіз осындай, сізге беріліп қойған» деді. Оған да шүкір. Келем, үнемі адам болмайды бұл үйде. Квартираға ақша төлеумен-ақ өміріміз өтіп жатыр», - дейді Мейрамкүл Алдабергенова.
Тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары Түркістанда жалпы 29 пәтердің заңсыз беріліп кеткенін анықтаған. Кейбірі баспаналарды өз бетінше босатыпты да. Қазір 15 пәтердің дауы сотта қаралып жатқаны белгілі болды.
«Жалған құжат жасап берген азаматтарды анықтау бойынша біздің бөлім тарапынан ішкі істерге, прокуратураға хат жолданды. Осы кісілердің пайдасына шешіледі сот процесі. Себебі бұл кісілер заңды иесі, неше жылдан бері кезек реттілігімен күтті», - деді Түркістан қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Жәнібек Көпеев.
Түркістанның полиция басқармасы «жалған құжаттар жасау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары әлі де жүріп жатқанын хабарлады.