$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.04.2021, 17:54
Қоғам

«Ауылдың берекесі кетті»: Қызылорда облысында жерге таласқан ауыл халқы екіге бөлінді

Тұрғындар полицияның көзінше төбелесе беретін болған

«Ауылдың берекесі кетті»: Қызылорда облысында жерге таласқан ауыл халқы екіге бөлінді
Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылынан береке кетті. Жергілікті тұрғындар жерге таласып, бір-бірімен қырық пышақ болған. Қырман басындағы қырқысты тоқтатуға құқық қорғау органдары да қауқарсыз. Төбелеске тек жастар емес, аяқ-қолы сау ақсақалдар да араласып кеткен. Ал, бөлінген елін біріктіруге аудан әкімінің әлі келер емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ерегес егістікке таластан туындаған

Қоғалыкөл тұрғындары жаппай төбелесті бұған дейін ауыл ішінде өткізіп тұрса, қырқыс соңғы бірнеше күннен бері қырман басында көрініс тауып келеді. Трактордың тіркемесі мен жүк келіктеріне мінген жігіттер күн сайын егістік басына асығатын болған. Ондағы ойлары трактор тізіндеп, соқа салу емес, жай ғана жұдырықтасу. Бүтін бір ауылдың бұлайша бүлінуіне қалталы азаматтардың күріш егуге қаржы шығарып, аңқау елдің жерін қолдануы себеп. Күріштің құны көтеріліп, мемлекеттен қаржылай қолдау көбейгелі ауыл адамдарына «инвесторлар» жиі келетін болған. Қалталылардың сөзіне сенгендер жерді сырттан келгендер игерсін десе, «Жамбыл-2030» ЖШС қарасты негізі топ күрішті үлескерлер өздері егуі керек деп санайды.

«Біз осында кеше де келдік. Прокурор да, аудан әкімі де болды. Қызылордадан инвестормыз деген қалталылар шығып, біздің заңды жерімізге техникаларын әкеліп, рұқсатсыз жыртып жатыр. Егістікте жүрген техникаларын тоқтаттық. Ақыры соңы төбелеске ұласты. Инвесторлардың айтағымен келген жігіттер арақ ішіп алған. Кейбірінің үлесте жері де жоқ, ақша төлеген соң төбелесуге келгендер.

Біз төбелесейін деп келіп тұрған жоқпыз. Істі сот шешу керек, сот жүріп жатыр. Заң кім жағында, солар жұмысын жалғастырсын. Өтірік құжат жасап, қол жинау арқылы ауыл халқының егістік алқабын баса көктеп алуға жол бермейміз. Әділдік болсын. Техниканы түнде тоқтатсақ, теңертең тағы келіп, жер жыртып, соқа салып жүр. Бұның артында ақшалы адамдар тұр. Бұл басынғандық. Біздің техникамыз гаражда тұр, он күн болды, соттың шешімін күтіп жүрміз», - деді «Жамбыл-2030» ЖШС директорының міндетін уақытша атқарушы Берік Әлекеев.

Ауыл ақсақалдарының сөзінше, күріш құны арзан кезде жердің игерілмейтін бөлігі көп болған. Соңғы жылдары күріш қымбаттап, тұқым, тыңайтқышқа, алынған өнімге субсидия жақсы төленетін болған соң, жерге көз тіккен инвесторлар көбейіп кеткен. Қаржысына сенген сырттың адамдары жас жігіттерге ақша тықпалау арқылы азғырып, әрі ауылды «көркейтеміз» деген уәделермен жік салып келеді екен.

«Жасым 75-ке келді. Осы жасқа келгенше мұндай бассыздықты көрмеппін. Бұған халық кінәлі емес. Соңғы екі-үш жыл болды, сырттан осылай инвестормыз деп келіп, ауылдың берекесін алады. Күріш уақытылы егілмейді, дұрыс өнім ала алмаймыз. Бір инвестор жер менікі деп шу шығарады, екіншісі жігіттерді азғырып, жерді біз пайдаланамыз деп шулатады. Жер біздікі, мына жерде менің еңбегім бар, терім сіңген. Өмірім осы ауылда өтті. Ауылдағы 3,5 мың халықтың бәрін танимын. Отбасыма тиесілі 10 гектар жерім бар. Аудан прокуроры, әкімі жоғарыдан келгендердің сөзін сөйлейді, халықты тыңдап тұрған жоқ. Қара халық әбіржіп бітті, ауылдан береке кетті. Биліктегілер мен сырттан келгендер шаршатып бітті. Бұлай жалғаса берсе адамдар жазым болады. Жастар тыңдап тұрған жоқ, төбелесеміз деп бір-біріне жүгіріп жатыр», - деді Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Шәкірбек Сыздықов.

Күріштің қиындығын халық, қызығын инвестор көреді

Ауыл халқы инвесторлардан әбден шаршағанын айтады. Мәселен, 100 гектар жерге күріш өсіріп, оны жинап алуға шамамен 20 миллион теңге жұмсалады. Онда да шығынның жартысын мемлекет өтеп береді. Ауыл адамдарына 100 мың теңгенің шамасында айлық төлеп, ала жаздай жұмыс істеткізетін «инвестор» күзде әлгі 100 гектардан орташа алғанда 500 мың тонна күріш жинап, 50 миллион теңге табыс табады екен. Халықтың жерін тегін пайдаланып үйренген «инвестор» су мен салықтың да ақшасын төлемей, елді алдап үйренген дейді ауыл халқы. Бір гектар жері үшін әр тұрғын дивиденд ретінде бір қап күріш алса, соған қуанып қала береді. Шындығында инвестор тапқан пайдасына қарай жыл сайын ауылды көркейтуге де қаржы бөліп отыруы тиіс. Бірақ, құрғақ уәдені үйіп төгуді үйренген кәсіпкерлер аудан басшыларымен ауыз жаласып-ақ, тірлігін тындырып кете беретін көрінеді.

«Бұған дейін де төбелес болды, жерімізге баса көктеп кіргендер шекемді жарды. Сырттан келгендер ауыл адамдарын бір-біріне қарсы қойып, соның кесірінен осындай жанжал шығып жатыр. Бұл даудың басталуына Қайрат Нұрсейтіов, Ғани Ботабаев деген азаматтар себепкер болды. Ботабаевтың «Инвесторда 2 миллиард, менде 700-800 миллион теңге бар. Қорықпаңдар, жерді тартып аламыз, мәселені шешуге көп болса 10 миллион теңге кетер» деп жік салған ұраны аудан көлеміне тарап кетті. Халық ашынып тұр. Қызылордадан келген дөкейлер бізді басынып, 450 гектар жерімізді жыртып тастады. Жерге таласқан Қоғалыкөл ауылының тұрғындары бір-бірімен төбелесіп жатыр. Бұны аудан әкімі көріп отыр, жоғарыдағылар біржақты қарап, қалталыларды жақтап келеді. Инвесторлардан шаршадық», - дейді ашуға булыққан «Жамбыл-2030» ЖШС директорының орынбасары Сағынтай Исмағұл.

Жер дауы руаралық айқасқа айналып кетті 

Егістіктің басына кезекті рет төбелесуге жиналған жігіттерді елуден астам полиция әрең тоқтатқанмен, қос тарапты күні бойы тарата алмады. Араға аудан, ауыл әкімдері, прокурор келсе де, бас араздығы бар адамдар таяқтаспай тарқамауға бел буған. Топтық төбелес арқылы күш сынасуға келгендердің ішінде қариялар да жүр. Мұндағы жұрт билікке де сенбейтін болған. Ал құқық қорғау органдары ашық айқасқа шақырып тұрған азаматтарды көрсе де, қарсы әрекет жасаймай, тек күзетшілік міндетін атқарумен келеді. Ауылдың адамдары жер таласының соңы рулық айқасқа айналып кеткенін, бұлай жалғаса берсе адам шығын болуы мүмкін екенін айтады.  

«Ауылда қойы қоралас адам едік. Әңгіменің ашығы, рулық ерегес күшейіп кетті. Бұрынғы инвестор Қайрат Нұрсейітов бастаған адамдар осы әдісті пайдаланып отыр. Өзі жоламайды, өзгелерді айтақтап отыр. Ақшаның буы. Оны қуып шығып едік, басқа рудың адамдарын қосты. Ауылды қарызға батырды, соңғы екі жылда жиналған өнімнің дивидентін де берген жоқ. Сламбек Қаюпов деген мектептің директоры жастарды жасырын жинап, оларды араңдатып келеді. Ауылдағы екі руды бір-біріне қарсы қойып отыр. Жастар жалған намыспен бір-бірін тыңдамайды. Ботабаев бастаған адамдар жиында қариялардың батасына қол жаймайды. Олар осы беттерінен қайтпай отыр», - деді тағы бір қоғалыкөлдік Сырым Алдакешов есімді жігіт.

«Қосымкөл деген жерде де дауға жиналдық. Осы жерде кеше кешке де қырғын төбелес болды. Оның алдында ауылдағы қырман басында қырқыстық. Бірін-бірі аямайды. Кеше де жаппай төбелес болды. Бұлай жалғаса берсе адам шығыны болуы мүмкін. Мектеп директоры шаруашылыққа араласып, бәрін бүлдіріп жүр. Ру-руға бөліп, жер арқылы халықты екіге бөліп тастады. Мектепті қарық қыла алмай жатып жерден үлес алғысы, пайда тапқысы келеді. Жасырын жиналыс жасап, жігіттерді үгіттеп, айтақтап жатқанын бірнеше рет көрдік. Ондағы ойы: бір-екі жылдан соң зейнетке шыққанда шаруа қожалығын бөліп, соны басқарғысы келеді.

Ауыл тұрғындарының соққыға жығылғанын прокурор, полиция басшылары көріп отыр. Бірақ, тоқтатпайды. Сонда заң қайда? Ботабаев деген басқа жақтан келген. Былтыр да ауылға инвестор әкеліп, ақыр соңында жұмысшылардың айлығын төлемей, алдап кеткен. Судың 5 млн теңге қарызын төлемеді. Зейнетақыға аударым жасамады, салықты да төлемейді. Дивидендті де бермей кетті. Өйткені өзгенің жерін тегін пайдаланып үйренген. Биыл тағы бір қалталы азаматтарды тауып әкеліпті. Біз инвестор деп келіп, тонап кететін адамдардан шаршадық», - деді Беркімбай Бисенов есімді тұрғын.

Қожалықтың қарызын төлеп береміз

Ауылдағы даумен қатар Қызылорда қаласында сот отырысы да өтіп жатыр. Оған себеп, бір топ жігіттің «Жамбыл-2030» ЖШС заңды директоры, мекемені ұзақ жыл басқарған Болат Рүстемовті орнынан сырттай алып, өздерінің құжат жасауы. Директорлыққа ауылдың ақын баласы атанған, бұрын шаруада жұмысы болмаған жас жігіт келген. Кетпеннің орына төбелестің таяғын ұстаған қарсы тараптың жігіттері өздерінің инвесторы, Қызылорда қаласынан келген Нұрлан Жомартов есімді жігіттің сөзіне, уәдесіне сенеді.

«Бізді осы жаққа «Жамбыл-2030» ЖШС-ның жаңа директоры шақырды. Енді ақша салып, техника алып жатырмыз. Биыл бірінші рет осында келдік. Қалада күріш өңдейтін зауытымыз бар, «Асыл дән» деген компанияның атынан келіп отырмыз. Ауылдағы шаруашылықтың 240 миллион теңге қарызы бар екен. Соған қарамай олардың қарызын төлеп береміз, ауылдағы қырман, кеңсе, қоймаларды жаңалаймыз деп келдік. Оған 60 миллион теңге жұмсаймыз. Бұндай дау болатынын білген жоқпыз. Жаңа директор мен бұрынғы инвестор бізді шақырды. Біз бұларды бір аптадай зерттедік, сосын сатып алайық деп келдік. Қазір сот жүріп жатыр, соның шешімін күтеміз. Құжаттарымыз қолымызда. Көктемнің бір күні күздің бір аптасына тең. Жер жыртуды тоқтатпаймыз. Біздің мақсатымыз – ауылды біріктіру. Біз штатқа 60-80 адамды жұмысқа аламыз. 5 жылға арналған жоспарымыз бар. Жоспармен жүрсек ауылдың бәріне жұмыс табамыз», - деді кәсіпкер Нұрлан Жомартов.

Шаруалары шатқаяқтап, көктемгі дала жұмыстарын жүргізгеннің орнына күндерін төбелеспен өткізіп жатқан жұртты татуластыруға, мәселені шешуге аудан тұрмақ, облыс әкімдігі де қауқарсыз секілді. Олардың бұған дейінгі әрекеттерінен көңілдері қалған халық істің нүктесін сот қойсын деген пікірде. Аудан прокуроры болса бұндай ұрыс-керістің «дәстүрге айналғанын» айтты.  

«Заң талабы бойыша үлескерлер жалпы жиналыс жасап, талқыға салады. Жиналыстан бір ай бұрын газетке жариялап, хабарлама беру керек. Барлық үлескер талқылға салып, көпшіліктің дауысымен ешіледі. Қазіргі пандемия кезінде ондай жиналыс жасауға мүмкіндік жоқ. Мына тұрған әрекетіміз де заңсыз. Егіс науқаны басталып кеткендіктен жер бөлінбейді. Бұл ауылдағы жағдай бүгінгі күні осындай деңгейге жетіп отыр. Шаруашылықта 4 бригада бар. Әр адамның 1,3 гектар үлесі бар. Болат Рүстемовтің («Жамбыл-2030» ЖШС заңды директоры) жағына қанша бригада барғысы келеді, үлкескерлер санын есептеп, өздері жеке күріштерін еге береді. Мына қарсы жаққа қанша үлескер барса, оларда өздеріне тиесілі жерін пайдалана береді. Күзде, пандемия бітетін шығар, сол кезде жалпы жиналыс жасап, бөлінгісі келетіндер өздері жеке шығады. Екі жақты бір мәмлеге келтіре алмай жатырмыз. Соңғы айда осы ауылға төрт рет келдік. Жыл сайын осындай дау. Инвесторы бар, директоры бар, қос тараптың басшыларын бір-бірімен  кездестіре алмай, қоса алмай жатырмыз. Өткенде қырманның қасында да осындай текетірес болды», - деді Қызылорда облысы Сырдария ауданының прокуроры Ерлан Алмазұлы.

Қоғалыкөл ауылындағы адамдардың көбі «Жамбыл-2030» ЖШС-не біріккен. Шаруашылықта екі мың гектардан астам күріш алқабы бар. Жер үлесі 1400-ден астам ауыл тұрғынына тиесілі. Егістікте 146 адам жұмыс істеп, күріш өсірумен айналысқан.

«Жер жетеді. Төрт бригада бар. Әзірге жерді екі-екі бригададан бөліп алайық. Халықтың тыныштығы үшін. Қазір құжат жүзінде бөлінуге уақыт жоқ. Біз ішкі мәселелерге араласа алмаймыз, шешетін өздері. Осындай жағдайға жеттік. Әлі де кеш емес. Жер жетеді. Уақыты келді, жерге дән түсу керек. Екі жақтан 5-10 адамнан сайланған адамдар шықсын. Сонымен келісейік», - деген Қызылорда облысы Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Лекеровтың сөзін халық тағы да тыңдамады.

Ұрандатқан ел сырттан келгендер техникаларын алып кетсе ғана тынышталамыз дегенді кесіп айтты. Қызылкеңірдек болған сырдың елі бұлайша дауласып, жанжалдасу оқиғалары соңғы екі жылда Қызылорда облысында күрт көбейіп кеткенін айтты.

Әмірболат Құсайынұлы, Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары