Даниал Ахметов үш шенеунікке қатаң сөгіс жариялады
Семейдегі инфекциялық ауруханада өлім-жітім көбейген
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 25 адам коронавирус індетінен қайтыс болды. 25 жағдайдың 22-сі Семейдегі бір ғана инфекциялық ауруханада тіркелген. ШҚО әкімінің тапсырмасы бойынша аталмыш ауруханада комиссия жұмыс істеген. Бұл туралы өңір басшысы Даниал Ахметов
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, бұл ауруханада кемшіліктер анықталған.
Біріншіден, аурудың барлық тарихында ҚР ДСМ COVID-19 емдеу хаттама тәртібінің толық сақталмауы байқалады.
Екіншіден, денсаулық паспорттарындағы деректерді ескере отырып, қосымша сырқаттарына қарай науқастарды емдеу, диагнозына түзету енгізу жүргізілмейді.
Үшіншіден, гормондық терапияны тағайындауда аурудың басталуы, зертханалық зерттеулер мен ЭКГ нәтижелері ескерілмейді.
Төртіншіден, ауруханаға жатқызылған соң бірінші тәулік ішінде науқастар КТ тексеруден өткізілмейді. Емдеу компьютерлік зерттеулердің нәтижелерін ескерусіз тағайындалады.
Бесіншіден, антибиотиктердің, диуретиктердің бірнеше тобын негізсіз тағайындаулар болған.
«Демалыс күндері менің Instagram аккаунтыма түскен Семей тұрғындарының шағымдарынан қалада КТ аппараттарының да істен шыққаны белгілі болды. Тексеру нәтижесінде бүгінгі таңда алты аппараттың тек екеуі ғана жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Осы фактіні жасырудан басқа, жағдайдың шиеленісуі кезінде жауапты тұлғалар тарапынан КТ жұмыс істейтін ауруханаларда аппараттың тәулік бойғы жұмысы ұйымдастырылмаған. Медициналық сапа және бақылау департаменті тарапынан да ешқандай шара қабылданбаған. Семейде коронавирус жағдайының ушығуына жол берілгеніне байланысты аталмыш салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасарына, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының Семей бойынша орынбасарына, жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігеріне қатаң сөгіс жариялау тапсырылды», - деп жазды өңір басшысы.
Сонымен қатар, бүгіннен бастап Семейге облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ілияс Мұхамеджан бастаған жұмыс тобын жіберіледі. Олар қала «жасыл» аймаққа шыққанға дейін сол жерде жұмыс істейді. Сондай-ақ, әрбір өлім жағдайын тағы да егжей-тегжейлі тексеріп, істен шыққан КТ пайдалануға беруде ең шұғыл шараларды қабылдау міндеттелді.