ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

МКК Абхазия және Осетиядан көлік сатып алатындарға ескерту жасады

Аталмыш автокөліктерді Қазақстан аумағында еркін жүру үшін заңдастыруға бола ма?

Коллаж

Абхазия және Оңтүстік Осетиядан әкелінген автокөліктерді кедендік тазартудан кейін пайдалануға болады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазір Абхазия және Оңтүстік Осетия автокөлік құралдарын сатып алу мүмкіндігі халықтың қызығушылығын арттырды. Осы автокөлік құралдарын сатып алып, ел (Қазақстан - ред.) аумағында еркін жүру үшін заңдастыруға бола ма? ҚР Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер осы сұраққа жауап берді.

Аталған автомашиналар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағына Ресейдің өткізу пункттері арқылы уақытша әкелінеді, олар өз мәртебесі бойынша шетелдік тауар болып есептеледі (яғни ЕАЭО тауарлары емес) және кедендік бақылауда болады.

«Егер көлік құралының иесі Абхазия, Оңтүстік Осетия заңды тұлғасы болса - көлік құралының кедендік декларациясы (КҚКД), ал егер көлік құралының иесі осы республикалардың резидент жеке тұлғалары болса - жолаушылар кедендік декларациясы (ЖКД) уақытша әкелуді растайтын құжат болып табылады», - деп ескертті комитеттегілер.

ЕАЭО Кеден кодексінің 264-бабының 6-тармағына және 275-бабының 2-тармағына сәйкес, уақытша әкелінген көлік құралдары ЕАЭО кедендік аумағында декларанттың, яғни көлік құралын әкелген тұлғаның, нақты меншігінде және пайдалануында болуы керек.

Дегенмен, бүгінде Абхазия және Оңтүстік Осетиядан уақытша әкелінген көлік құралдары ЕАЭО кедендік аумағында болған кезеңде, заңмен белгіленген шектеуді бұза отырып, сенімхат бойынша (иелену, билік ету немесе иеліктен шығару құқығымен) ҚР азаматтарына сату орын алғаны белгілі.

Бұл ретте, Абхазия және Оңтүстік Осетияның тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын ЕАЭО кедендік аумағына әкелуді және ҚР-ның резиденттеріне беруді жүзеге асырған тұлғалардың, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал сомасына қарай кедендік төлемдерді төлемей және Қазақстан аумағында пайдалану мақсатында осындай көлік құралдарын сатып алған тұлғалардың әрекеттері қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық сипатқа ие.

«Осыған орай, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанның барлық азаматтарына Абхазия және Оңтүстік Осетия мемлекеттік тіркеуінде тұрған әрі уақытша әкелінген көлік құралдарын сатып алған жағдайда, кедендік тазартудан өткізіп, кедендік баждар мен салықтарды төлегеннен кейін ғана Қазақстан аумағында аталған көлік құралдарын пайдалануға болатынын ескертеді», - делінген МКК жауабында.