Құмар ойынға құмартатындар азайды
Қазақстанда ойын бизнесінің табысы екі есеге дейін төмендеген
Құмар ойындар мен бәс тігуге қатысты Қазақстандағы ұйымдар 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 9,7 млрд теңге көлемінде пайда тауыпты. Алайда, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда шамамен екі есеге дейін аз (42,2%). Бұл туралы LS хабарлайды.
Өңірлер арасында әдеттегідей Алматы облысы көш бастап тұр, себебі Қапшағайда казино мен ойын автоматтар залына рұқсат етілген. Бұл облыстың республика бойынша үлесі 9 айдың қорытындысы бойынша 74,2%-ды құрап, табысы 7,2 млрд теңгеге жеткен. Алайда, үш тоқсанда мұндағы ұйымдардың кірісі 29,2%-ға азайған. Жалпы, 2019 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіш те өте төмен болды.
Екінші орында Ақмола облысы, онда 1,3 млрд теңгеге қызмет көрсетіліп (4,5% өсім), Алматы қаласы - 544,5 млн теңге (15,6% төмен), Жамбыл облысы - 250,9 млн теңге (1,7 есе қысқарған), Атырау облысы - 112,4 млн теңге (2,2 есе өскен), Нұр-Сұлтанда - 99,5 млн теңге (24,9% қысқарған).
БҚО-да құмар ойындардан түскен қаржы 27,7 млн теңге (30,6% өсім), Қызылорда облысы - 6,1 млн теңге (2,7 есе өскен), Қарағанды облысы - 5,4 млн тенге (2,9 есе қысқарған), Шымкентте – 2 млн теңге (35,3 есе азайған), Маңғыстау облысы – 1,8 млн теңге (26,6 есе азайған), Аққтөбе облысы – 1,1 млн теңге (11,2 есе азайған), ШҚО – 896 мың тенге (35,3%-ға азайған).
Сондай-ақ, Қостанай, Павлодар, СҚО, Түркістан облыстарында бұл бағытта ешқандай кіріс жоқ.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, үш тоқсанның қорытындысы бойынша ойын бизнесінің салық төлемі 28,7%-ға азайған.