«Рас, әлі бәрі мінсіз емес». Шпекбаев шенеуніктердің дөрекілігі, дастархан жаю, сыйлық алу жайлы
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асырудың бастапқы 5 жылдығын қорытындылады
Бүгін - жемқорлыққа қарсы күрес күні. Осыған байланысты агенттік төрағасы facebook парақшасында кезекті жазбасын қалдырып, Қазақстандағы жемқорлықпен күрес қалай жүргізіліп жатқаны жайлы жазды.
«Біріншіден, мемлекеттік аппарат неғұрлым ашық және айқын бола түсті. Азаматтардың ақпаратқа қол жетімділігін кеңейту және халықпен кері байланыстың сапасын арттыру есебінен мемлекет пен қоғам арасындағы қашықтық азайды.
Мемлекеттік мекемелерде 800-ден аса оpen spaсe пен фронт-кеңселер және 100-ден аса сервистік әкімдіктер ашу арқылы Айқындылық қағидаты жүзеге асты. Агенттік 4 облыста азаматтарға тегін құқықтық көмектер мен кеңестер беретін, қолжетімді диалог алаңы ретінде де пайдалануға болатын сервистік антикор-орталықтарын ашты. Мұндай орталықтар жақында әрбір өңірде жұмыс істейтін болады», - дейді А. Шпекбаев.
Агенттік төрағасы жемқорлықпен күресте үкіметтік емес сектордың да рөлі күшейгенін, азаматтардың құқықтық санасы өскенін айтты.
«Екіншіден, үкіметтік емес сектордың рөлі біршама артты. Мұнда «Nur Otan» партиясының, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестер маңызды орын алады. Қоғамдық ұйымдар сындарлы диалог форматына көшті, тиісінше біз мұндай серіктестік қандай нәтиже беретініне көз жеткіздік. Мысалы, Агенттік жанындағы арнайы мониторинг топтары азаматтық бақылауды күшейте отырып, мемлекеттік басқарудың бірқатар салаларындағы өзгерістерге жол ашты. Біз парламентаризмді дамыту қорының қолдауымен ел бойынша ашық бюджеттердің интерактивті карталарын іске қостық. Азаматтардың құқықтық санасы да өсуде. Бүгінгі таңда әр өңірде сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою жұмыстарына күш-жігерін жұмсауға даяр белсенді және бірбеткей адамдар бар. Мен ондай азаматтардың жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанына қуаныштымын», - дейді.
Үшіншіден, ауқымды цифрландыру жұмысы, сондай-ақ фронт-кеңселері бар 348 халыққа қызмет көрсету орталығының желісі мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы тұрмыстық жемқорлықты азайтып, тұтынушыларға жаңа бетбұрыс жасалған.
«Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейі біршама артты. «Әдеп деңгейі қаншалықты жоғары болса, жемқорлық тәуекелі соншалықты төмен болады» деген формула бүкіл әлемде табысты жұмыс істеуде. Біз де қалыс қалмауымыз тиіс. Шенеуніктердің дөрекілігіне, маскүнемдігіне және басқа да жөнсіз мінез-құлықтарына қоғамның уақтылы назар аударуы, сондай-ақ әдептің қатаң бақылауға алынуы ескі жағымсыз әдеттерді жоюда. Рас, әлі де бәрі кіршіксіз емес. Дегенмен іссапар кезінде тексерілушілер мен бағынысты қызметкерлерді әуре-сарсаңға салу тыйыла бастады. Барған жерінен сыйлық алуға, оларға дастархан жайғызуға болмайтынын әркім түсінді. Мерекелерде тәтті-дәмдіге лық толы кәрзеңкелер түгілі, болмашы сыйлық алудың өзі әдепті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы өрескел бұзу болып бағаланатынын барлық мемлекеттік қызметшілердің қаперіне салғым келеді», - дейді агенттік төрағасы.
Бесіншіден, мемлекеттік аппарат жасарып келеді. Отандық және шетелдік жетекші университеттерде білім алған басқарушылардың жаңа легі мемлекеттік органдардың корпоративтік мәдениетін жақсы жаққа қарай өзгертуде. Оның көпшілігі әділдік, адалдық, сатылмаушылық қасиеттерін өз бойларына сіңіріп қана қоймай, оны өзгелерге де белсенді насихаттауда екен.