$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.04.2021, 11:49
Қоғам

«Спутник V» вакцинасын алғандар екпеден кейінгі әсерімен бөлісті

Сарапшы маман вакцинацияға қатысты кеңесін берді

«Спутник V» вакцинасын алғандар екпеден кейінгі әсерімен бөлісті
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Қазақстан халқы коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын салдырып жатыр. Алғашқы кезеңде ресейлік вакцина медицина мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, мұғалімдер мен оқытушыларға салынса, наурыз айының соңынан бастап елімізде ерікті түрде жаппай вакцинациялау басталды. Вакцина еріктінің тұрғылықты мекенжайына қарасты ауруханада тегін егіледі. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі екпе алушылармен байланысып, олардың вакцинациядан кейінгі жағдайы туралы сұрап білді.

Алматылық Айгүл Мұқиева 49 жаста - төрт баланың анасы, педагог. Былтыр жазда коронавирус жұқтырып, кейін коронавирсқа қарсы вакцина аламын деп шешім қабылдаған.

«29 наурызда екпе алдым. Созылмалы ауруым жоқ, тек қан қысымыма байланысты гипотоникпін. Бір апта бұрын анализ тапсырып едім, антидене жол болып шықты. Екпеден кейін денемде тұмау кезінде болатын әлсіздік пайда болды, ине салған қолым көтертпей ауырды. Түстен кейін үйде оранып ұйықтадым. Ұйқыдан тұрсам, үстім малмандай су. Тер ыстық шәй ішсем де тоқтамады. Ешқандай дәрі ішпедім. Түн ортасында біраз дене қызуым көтеріліп, басым солқылдады. Екінші күні түске дейін бүкіл денем көтертпей ауырды. Бірақ температура болмады. Әлсіздік, аздап бас ауруы болды. Алайда, тамаққа деген тәбетім өзгермеді. Үшінші күні таңертең оянғанда, еш ауырлық сезінбедім. Аздаған әлсіздік болып, бұлшық еттерім ғана ауырып тұрды. Қазір жағдайым жақсы, дәрігер 21 күннен кейін екпені қайта алуға келуімді айтты. Бастапқыда үйдегілер, туыстарым «Екпені алып қайтесің, бұл жәй ғана саясат қой» деді. Түбінде бәріміз екпе алатын сияқтымыз, дұрысы өздері «тегін саламыз» деп шақырып тұрғанда қазір алған дұрыс деп шештім. Қорқынышпен өмір сүруден шаршадым. Бұрынғыдай мектебіме барып, сабағымды беріп, шәкірттеріммен, әріптестеріммен арқа-жарқа болып отырғым келеді. Менен кейін отбасымдағылар да екпе алуға шешім қабылдады», - деді кейіпкеріміз.

Коронавирус вакцинасын салдырғандардың бірі - 59 жастағы Ержан Нұркенұлы. Ол гипертония және бронхитпен ауырады.

«Екпе салған қолымда бірден ауырлық пайда болды. Алғашқы күні дене қызуым 38,2 болды,  басым мен оң жақ иығым қақсаған соң нурофен іштім. Содан соң үш күн (температурасыз) әлсіреп жүрдім. Тұмау кезіндегідей сезім болады. Алғашқы күні ғана ауыр тиді, қалған уақытта өзімді жақсы сезіндім. Әйелім - медицина саласының маманы. Ол бәріміздің екпе салуымыз қажеттігін және оның зиянынан пайдасы көбірек екенін жарты жылдай түсіндірді (күліп). Соңында мен «жеңіліп, осыдан бір апта бұрын екпе салдырдым. Вакцинациядан кейін де масканы шешуге болмайды екен. Ең бастысы пандемия аяқталса болды, осы індеттің салдарынан анамнан, туыстарымның біразынан айырылдым. Мамандар бұл індеттің қаупі жайлы босқа айтып жүрген жоқ. Соларды тыңдағанымыз дұрыс шығар», - деді Ержан.

НЕГЕ ЖҮКТІ КЕЛІНШЕКТЕР МЕН БАЛАЛАРҒА ЕКПЕ АЛУҒА БОЛМАЙДЫ?

Екпеге байланысты қазақстандықтар тарапынан түрлі сұрақтар туындауда. Солардың бірқатарына медицина докторы, биолог Ботагөз Кәукенова жауап берді.

- Сіз екпе алдыңыз ба?

- Иә.

- Вакцинация қажет пе?

- Иә.

- Екпе не үшін керек?

- Вирустың таралуын азайтып, пандемияның аяқталуына үлес қосу.

- Қазақстанда қандай екпелер бар?

- Қазір тек «Спутник V».

- Екпені сатып алуға бола ма?

- Дәл қазір жоқ. «Қара нарықта» қандай да бір екпелер туралы айтылып жүрді. Бірақ мемлекет бақылауынан өткен екпені ғана алған дұрыс.

- Кімдерге вакцина салдыруға болмайды?

- Екпе компоненттеріне аллергиясы барларға, анафилатикалық шок алғандар екпе алуға болмайды. Сондай-ақ, дәл қазір қандай да созылмалы ауруларыңыз болса, жүкті келіншектер мен балаларға алуға болмайды.

- Емізулі баласы барларға ше?

- Әзірге жоқ. Аталған мәселе зерттеліп жатыр. Омырау сүтінде антидене табылды деген ақпар бар.

- Жасы 65-тен асқандарға екпе егуге бола ма?

- Иә.

- Не себепті балаларға вакцина алуға болмайды?

- Балаларды қандай да зерттеуге пайдалануға болмайды. Себебі олар не істеп жатқандарын толықтай түсініп, ғылыми зерттеуге қатыса алмайды. Білетінім, Pfizer вакцинасын 12 жасқа дейінгі балаларға сынауды бастады.

- Екпе бедеулікке апармай ма?

- Жоқ, бұл өте ескі миф. Екпе тек локальды түрде әсер етеді, оның үстіне олар түрлі механизмдер арқылы антиденелердің пайда болуына әсер етеді. Әр вирус белгілі бір жасушаларға ғана кіре алады. Коронавирустың қауіптілігі – ол түрлі клеткаларға кіре алады.

- Екпенің әсері бірнеше жылдан кейін шығады деп жатыр. Бұл қаншалықты рас?

-Жоқ, компоненттер ағзада өте тез бұзылады. Сіз бүгін ішкен парацетамол 2 жылдан кейін өз эффектісін бермейді ғой. Екпе де сол сияқты.

- Ресейде өндірілетін «Спутник V» пен Қазақстанда өндірілетін «Спутник V» вакцинасының айырмашылығы неде?

- Ешқандай. Қарағандыда екпені өндірмейді, тек Ресейден келген қосалқы қосылыстардан жинайды. Екпенің бірінші партиясы Гамалеи атындағы орталыққа (екпе жасаушылар) жіберілді. Ресейде екпені бір ғана орталық емес, рұқсаты бар бірнеше зауыт өндіріп жатыр.

- Екінші дозасын 21 күннен кейін ектіру міндетті ме?

- Жоқ, сәл кешірек ектіруге де болады, бірақ одан ерте емес. Мамандар екінші рет ектіру мерзімі 21 күннен 60 тәулікке деп отыр.

Жазып алған: Айжан Қалиева, Алматы

Серіктес жаңалықтары