Балаларды оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі балалардың тамақтары ұрланып жатыр
Аталған орталықта ем қабылдап жатқан жасөспірімнің анасы тамақтың дұрыс мөлшерде берілмейтінін айтты
Республикалық балаларды оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі балалардың тамақтары ұрлануда. Әлеуметтік желіде аталған орталықта ем қабылдап жатқан жасөспірімнің анасы осылай дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бейнежазба авторы тамақтың дұрыс мөлшерде берілмейтінін айтып шағымданған. Яғни, тиісті 320 грамм орнына 210 грамм тамақ салынған.
«Мен ДЦП диагнозы бар жасөспірімнің анасымын, қазір біз "UMC" КҚ Балаларды оңалтудың ұлттық орталығында ем қабылдап жатырмыз. Ұлымды бала күнінен осы жерге оңалтуға алып келемін. Бірақ асхананың сапасы мен қызмет көрсетуі адам шошытады! Біздің мұнда орналасқанымызға екі апта болды. Осы аралықта үшінші рет осындай жағдай болды. Мен асхана қызметкерлерінің немқұрайлығын байқадым. Қызметкерлер балаларға норма бойынша тамақ бермейді», - деп жазылған.
Шағымданушы орталықта ата-анасыз жатқан балалардың да бар екендігін айтып, Денсаулық сақтау министрлігі мен тиісті органдардан тексеріс жүргізуді сұрады.
«Ата-анасыз жатқан балалардың кейбірінің елордада еш туыстары да, таныстары да жоқ. Қалай ойлайсыздар, балалар осындай мөлшердегі тамаққа қаншалықты тояды?! Меніңше мүмкіндігі шектеулі балалардың тамағын ұрлау бұл –масқара! Тексеріс жүргізіп, басқарушыны ауыстыруларыңызды сұраймын!», - деп жазды автор.