Түркістанда апалы-сіңілілер бөтелке жинап, бұзылған үйдің кірпіштерін өткізіп жүр

Олардың жай-күйінен хабардар ауылдастары қазақстандықтардан қаржылай көмек сұрайды

Түркістанда апалы-сіңілілер бөтелке жинап, бұзылған үйдің кірпіштерін өткізіп жүр
Фотоколлаж

Түркістандық апалы-сіңілі бөтелке жинап, бұзылған үйдің кірпіштерін өткізіп күн көріп жүр. Бұл туралы олардың ауылдастары айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Салтанат пен Роза Садықовалар туғалы Түркістан облысы, Мақтаарал ауылында тұрады. Екеуінің де өз отбасылары жоқ, өйткені апалы-сіңілілер тұрмыс құрмаған. Бала күндерінен тұрмыс тауқыметін көрген әйелдер әлі де әлеуметтік осал топтағылардың қатарында күн кешіп жүр. Ал көршілерінің жай-күйінен хабардар ауылдастары қазақстандықтардан қаржылай көмек сұрайды:

«Әпкелеріміздің үйі ешқандай жөндеуге келмейді, қираудың алдында тұр. Қолымыздан келгенше ағайын болып, ел болып екі немесе үш бөлмелі баспана тұрғызсақ деген ниеттеміз. Осы екі әпкемізге қолдан келгенше көмек берейік», - дейді көршісі Марат Шербаев.

«Осы үйде туып-өскенмін. Әке-шешеміз қайтыс болған. Қайбір жылдары арықтағы су арнасынан асып, үйді су алған. Содан бері үйдің бұрыш-бұрышы түсіп жатыр. Әкімдікке де бардық, бірақ көмек жоқ. Көмек сұрай-сұрай аяқтан тоздық», - дейді Салтанат Садықова.

Салтанат Садықованың туған әпкесі Роза Садықова ІІІ-топтағы мүгедек. Сол үшін бауырына сіңілінен басқа қарайласатын адамы жоқ. Тұрақты жұмыс болмаса да, екі әйел аракідік қара жұмыстан тиын-тебен табады.

«Жақын маңда бір бұзылған ғимарат бар. Біз соның кірпіштерін сатамыз. Арасында бөтелке жинап, оны да сатамыз. Ол зейнетақымызға үстінен қосымша ақша ғой. Соған азық-түлік аламыз. Тіршіліктің ұятты тірлігі жоқ. Солай жан бағып жүрміз», - дейді түркістандық тұрғын.

Көмек сұраған жандарға қол ұшын созып, қаржылай қолдау білдіремін деушілерге арналған реквизиттер:

KASPI GOLD: 4400 4301 5358 8337

KASPI BANK ШОТЫ: KZ23722C000019128531

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.