Ақтөбе облысында 830 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы ұрланған
Қаржының жүйелі түрде ұрлануы салдарынан облыс бюджеті жыл сайын 250 миллион теңгедей қаржыдан айрылып отыр
Экономикалық тергеу қызметі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлері соңғы 2 жыл ішінде бюджет қаржысын ұрлау фактілері бойынша 178 тергеу жүргізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» сайтына сілтеме жасап.
«Екі жыл уақыт аралығында бюджет қаржысын жымқырған 91 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа жіберілген. Қаржы ұрлауға қатысы бар азаматтардың мемлекетке келтірген жалпы шығыны 830 миллионнан астам теңгені құраған. Қаржы ұрлығы көбінесе құрылыс, коммуналдық шаруашылық және жол салаларында жасалған», – деп мәлімдеді облыстық прокурор көмекшісі Мирғали Ашықбаев.
Құқық қорғау органдары келтірілген залалдың нақты мөлшерін және қылмыскерлердің кінәсін анықтау әрқашан мүмкін бола бермейтінін, сондай-ақ, келтірілген шығынның тек 60-70 пайызын ғана орнына келтіруге болатынын айтты.Себебі, құрылысты жүргізген компаниялар «банкротқа ұшырадық» деп жариялайды екен.
Айта кетерлігі, қаржының жүйелі түрде ұрлануы салдарынан облыс бюджеті жыл сайын 250 миллион теңгедей қаржыдан айрылып отыр.