3 жасар қазақстандық бүлдіршін автокөлік ұтып алды
Нұр-Сұлтан қаласының үш жасар тұрғыны Диана Әлиева рождестволық жәрмеңкенің бас жүлдесі – автокөліктің иесі атанды
Жеңімпаздың анасы Эльвира Әлиева қайырымдылық жәрмеңкесінде ойнатылған үш билетті де қызы таңдағанын жеткізді. Солардың бірінен ұтыс шыққан, деп жазады Sputnik Қазақстан.
«Лотереяға ешқашан қатысқан емеспін, әділ ойналатынына сенбейтін едім. Осы жолы қайырымдылық жәрмеңкесі болған соң, қатысуға бел будым. Күтпеген жерден жеңімпаз атандық. Бұл билеттерді менің қызым таңдады. Сондықтан автокөлік те соның ұтысы»,- дейді астаналық әйел.
Ең ірі ұтыс – көгілдір түсті 2019 жылғы Lada Granta автокөлігі. Оны «Азия Автомен» бірігіп Ресей елшілігі ұсынған.
Сондай-ақ, елордалықтар лотереядан Лондон, Париж, Франкфурт, Рига, Таллин, Токио, Әбу-Даби, Шарджу, Бангкок қалаларына саяхат, Карпаты және Карловы Варыдағы қонақ үйлерде демалыс, тағы басқа көптеген қымбат және эксклюзивті жүлделер ұтып алды.
Биыл рождестволық қайырымдылық жәрмеңкесі 12-ші рет өтіп отыр.
Жыл сайынғы іс-шара түрлі қайырымдылық жобалары мен ұйымдарға қаражат жинайды. Сондай-ақ, жәрмеңкеге қатысатын ондаған елшілікке өз елінің мәдениеті мен ұлттық тағамын таныстыруға мүмкіндік береді.