Қордай қақтығысына 1 жыл. Масаншыда не өзгерді?

2020 жылғы қақтығыс кезінде 11 адам қаза тапқан

Фотолардың авторы: Әсет Құндақбаев

Бүгін Қордай қақтығысына бір жыл болды. 2020 жылдың 7 ақпанында Масаншы ауылында жаппай тәртіпсіздік болып, оған Бұлар батыр, Сортөбе, Ауқатты және Қаракемер ауылдарының жігіттері де қатысты. Дүнген диаспорасының 19 мың өкілі тұратын Масаншы ауылының астаң-кестеңі шықты. Бір мыңдай адам қатысқан топтық төбелестен 11 адам ажал құшып, қырықтан астам тұрғын жарақат алды. Ұлтаралық қақтығыстан кейін Жамбыл облысының әкімі мен оның орынбасары, Қордай ауданының әкімі, өңірдің бас полицейлері қызметтен кетті. Azattyq Rýhy тілшісі қырғыз шекарасына жақын орналасқан ауылдарға арнайы барып, тұрғындармен тілдесіп қайтқан еді.

Қақтығыс кезінде үйі көлігімен қоса өртеніп, жапа шеккен жанның бірі – Юсуф Паруов. Жанып кеткен «Жигулиі» әлі жатыр. Ақсақал былтырғы қорқыныш көңілінен кеткенін, еңсесін көтеруге халықтың көмектескенін айтады. Баспанасын биіктетіп қана қоймай, көлемін де кеңейткен екен. Мемлекет 2,5 млн теңге төлесе, қалған қаржы асар арқылы жиналған.

«Өрттен 4 млн теңгенің мүлкіне шығын келді. Мемлекет те, ауылдастарым да көмектесті. Міне, үйімді жаңалап, 260 шаршы метрге кеңейттім. Газды да қосып берді. Оны да бөліп төлейміз. Үйіміз жылы, жарқырап тұр. Президентке, облыстың, ауданның әкіміне рақмет айтамын», - деді ақсақал.


Юсуф Паруов

«ҚЫЗДАРЫН ЕРТЕ КҮЙЕУГЕ БЕРЕДІ»

Әбдібек ақсақал қақтығыстың түп-төркіні тереңде деп санайды. Айтуынша, дүнген диаспорасы ұзақ жыл оқшауланып өмір сүріп келген. Жергілікті жұртпен жаға жыртысуына мемлекеттік идеологияның әлсіздігі себеп деп санайды ол.  Жер жыртып, жуа терген елдің тұрмыстық жағдайы жақсы болғанымен, бірлікке, татулыққа шақыратын ортақ жұмыстар назардан тыс қалған. Қақтығыстың себебін арыдан іздеген билік қоғамдық келісім кеңесін құрып, түсіндіру, татуластыру жұмыстарын жүргізді. Араздасқан қос ұлт ақыры бірін-бірі қонаққа шақырып, кезек-кезек құрбандық шалды.

«Кеңес үкіметі тараған соң дүнгендер автономды қоғам секілді жергілікті қазақтармен араласпай, олардың тілін, дәстүрін, салтын сыйламай, оқшауланып өмір сүрді. Балаларын егінге салып, мектепке жібермеді, мұғалімерді ренжітті. Халық біртұтас болуы керек, жер бәрімізге ортақ. Отан қорғауда дүңген ағайындар әскерге бармауға тырысады. Қордай ауданы бойынша жылына шамамен 5 жігіт қана әскерге кетеді екен. Қыздарын ерте күйеуге береді. 9-сыныптан соң тұрмысқа шығарып жібереді. Біз бұл туралы да олармен сөйлесіп, түсіндірдік. Қыз сенікі болғанымен, ол Қазақстанның азаматы, болашағы бар әрі оның физиологиялық өсуі толық қалыптаспаған дегенді айттық. Бұлардың әр ауылында 4-5 мешіттен бар. Бір үйді сатып алады да, ешкімнен рұқсат сұрамай мешіт салады. Ол жерде не оқылып, қандай уағыз айтылып жатыр, оны ешкім бақыламаған. Осы мәселемен де айналыстық», - деді Қордай аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов.


Әбдібек Сейілханов

ҚАҚТЫҒЫС ҚЫРУАР ҚАРЖЫЛЫҚ ШЫҒЫНҒА ӘКЕЛДІ

Қираған 103 нысанның 65-ін қалпына келтіруді мемлекет мойнына алды. Қалған үйлер қайырымдылық қорлары арқылы жиналған ақшамен жөнделді. Идеологиялық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік жағынан қалыс қалған ауылдарға бюджеттен 35 миллиард теңге бөлінді. Газ, су, жол, мектеп сынды барлығы 392 жоба қолға алынды. Баспанасынан бөлек, бүлінген дүниесі де өртенген 41 отбасының әрқайсысына 530 мың теңгеден берілді.

«65 нысанның 11-і заңсыз салынған. 54 ғимарат ұлттық компаниялар арқылы бөлінген 213 миллион теңгеге жөнделді. Қордай ауданындағы 392 жобаны іске асыруға 35 миллиард теңге бөлінді. 22 ауылды көгілдір отынмен қамтуға 10,6 миллиард теңге жұмсалады. Қазір Отардағы 12 елдімекенге газ құбырын тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталғанда Қордай ауданының 95 пайызы табиғи газбен қамтылады. 6,9 миллард теңгеге 6 ауылдың жолы толықтай жөнделді. 2,7 миллиард теңге ауыз су проблемасын шешуге жұмсалып жатыр», - деді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев.


Ерлан Орынбаев

Ауданда 1290 адам үй кезегінде тұр. Әкімдіктің мәліметінше, биыл көпқабатты 4 тұрғын үй салынып, 230 отбасына беріледі. Бұдан бөлек, 12 мың адам жер учаскесін алып, баспана салуға өтініш берген. Бөлінген 2,3 миллиард теңгеге 3 шағын мөлтекауданның инфрақұрылымы жасалып, жазда 1700 адамға жер берілмек. Қазір толықтай дүнгендер тұратын ауылда екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сана серпілісінен соң қазақ мектебіне, қазақ сыныбына балаларын берген дүнгендер саны күрт көбейген.

«5 АЙДЫҢ ІШІНДЕ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНЕМІН»

«Көріп тұрсыздар, қазір тірлік қайнап жатыр, Масаншыда жағдай тұрақты. Халық ертеңіне сенімді. Түнгі көшелер жарық, саябақтар салынды. Халықтың көбі осы жерде ғана емес, өзге облыстарға да барып жермен айналысады. Тату тұру үшін кішкентай мәселе болса да бірден шешіп отыратын болдық. Қазір қазақтар тұратын Қаракемер ауылының ақсақалдарымен жиі кездесеміз, ақылдасамыз. Ең бастысы, біз мемлекеттік тілді үйренуіміз керек. Уағыз айтатын имамдар да қазақ тілін үйреніп жатыр. Тілді білген ұлт сол халықтың бір бөлшегі дегендей, курстарға қатысып жатырмыз. Бұл – біздің балаларымыздың болашағы, өмірі. Мен де 4-5 айдан соң қазақ тілінде еркін сөйлейтін боламын. Қақтығыс осындағы адамдардың өміріне түбегейлі өзгеріс әкелді», - деді Қордай ауданы Масаншы ауылдық округінің әкімі Рамазан Малиев.


Рамазан Малиев

Аудан орталығында қазақ тілін оқытатын орталықтар ашылғанымен, Сортөбе мен Масаншыдағы курстар тоқтап қалған. Тіл үйрен деп талап қойған билікке дүңгендер мамандардың жоқтығын айтып отыр. Өйткені жоғарыдағы ауыл тұрғындарының 99 пайызы тек дүнген ұлтынан құралған. Қақтығыстың себебі мен салдарын кеш те болса анықтаған билік енді идеологиялық жұмыстарды күшейте бермек. Айтпақшы, әскер қатарына барғысы келетін дүнгендер саны да көбейіп, күзде қырық шақты дүнген жігіті сарбаз атаныпты.

Ал, қақтығысқа жыл толса да, ауылдарды полиция әлі тәулік бойы патрульдеп келеді.

Әмірболат Құсайынұлы, Жамбыл обылсы 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.