ШұғылАналық капитал: депутаттар дүниеге келген әр сәбиге 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды

«Танысым сыйлады»: Қайрат Закирьянов қар барысының терісін қайдан алғанын айтты

Ол аталған тері шынайы аң емес, қолдан жасалған деп отыр

Бүгін Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтың жұмыс кабинеті көптің талқысына түсті. Кабинеттің іші халықаралық деңгейдегі бағалы орден-медальдардан бөлек түрлі аң-құстың тұлыбымен толтырылған. Африканың арыстаны, сілеусін, қасқыр, қар барысы мен қос аққудың қатырылған терісі келген қонақтың көзін де, көңілін де өзіне бірден аударады. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген Қайрат Қайруллаұлы бұл кабинетінен бөлек, өзі атып алған аңдардың мумиясы сақталған тағы екі музейі барын айтты.

Әлеуметтік желідегі шу боксшы Жанқош Тұраровтың жариялаған фотосынан кейін шықты. Ол Закирьяновтың қабылдауында болған. Кейін профессормен түскен фотосуретін өзінің Instagram-парақшасына жүктеді. Артынша, көпшіліктің сынына ұшырады. Табиғат жанашырлары Қызыл кітапқа енген қар барысының терісін Закирьянов қалай және қайдан алғанын түсіндіруді талап етті.

Белгілі болғандай, Закирьянов бүгінге дейін әлемнің жүзден астам елінде болып, жыл сайын аңға шығуды әдетке айналдырыпты. Ол атып алған трофейін қатырып мумияға айналдырады да, кабинеті мен музейіне экспонат етіп қояды екен.

«Аңға шығуды алғаш рет 1991 жылы Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы университетінің ректоры болып жүргенде бастадым. «Сайга» мылтығын сатып алып, содан бастап аю, қасқыр, елік сынды аңдарды аттық. Аңшылыққа рұқсатым бар. Аң-құсты көзсіз ата бермеймін, браконьер емеспін. Қызметім Алматыға ауысқаннан кейін аңшылыққа шетелге баруды әдетке айналдырдым. Аңшылық менің хоббиім, атып алған аң-құсты академияның спорт базасына қойғызамын», - деді профессор Қайрат Закирьянов.

Профессор Африка, Еуропа, Шығыс Азия елдерінде және солтүстік полюсте аңшылықпен айналысқанын мақтанышпен айтады. Ол Оңтүстік Африкада – арыстан, Замбияда – зебра, Намибияда – түрлі антилопалар мен жирафқа дейін атып алған. Тіпті, Аустралияда аулаған алып аллигаторын да Алматыға әкеліпті.

«Оңтүстік Африканың мына еркек арыстанын үш жыл бұрын атқам. Министрлігінен арнайы рұқсатын алған соң, жергілікті екі жігіт жол көрсетті. 7 жасар арыстанды екі оқпен құлаттым. Бірінші оғым шабына, екінші оқ арыстанның маңдайына тиді. Терісін шынайы, тірі арыстан секілді сақтау үшін арнайы фабрикада бальзамдаттым. Аңшылыққа академияның ақшасына бардым, бұл аңдар менің меншігім емес. Осы оқу орнының мүлкі. Мына арыстанды атып әкелуге отыз мың доллардай кетті, негізі 70-80 мың доллар тұрады, өзара қарым-қатынасқа байлансты құнын арзандатты. Атуға, әкелуге қанша ақша кеткені туралы құжаттардың бәрі бухгалтерияда бар », - деді аңшы академик.

Ол Жаңа Зеландия мен Гренландияның топырағында да аңшылық құрған. Алайда, атпаған ак-құсым әлі де көп дейді. Жыл сайын шекара асып кететін Закирьянов былтыр Канадаға барып, теңізден морж ұстауды жоспарлаған екен. Алайда, карантинге байланысты бұл ойы жүзеге аспаған. Есесіне Алтай тауларына барып, сондағы аңдарды ермек қылыпты. Арасында Қаскелеңде қырғауыл атқанын айтады.

Ал кабинетіндегі сілеусін, қасқыр мен аққудың мумиясын достары 50 жылдық мерейтойында сыйлаған. Жұрттың ашуын тудырған қар барысының терісін де танысы 20 жыл бұрын сыйға берген екен. Алайда, ол шынайы емес, қолдан жасалған жасанды тері дейді профессор. Алайда, біз барғанда ол теріні орнынан таппадық.

«20 жылда көптеген адам кабинетімде осы аңдардың терісімен суретке түсті. Ұзақ жылдан бері тұрған терілердің неге бүгін қоғам назарын аударғанына таңым бар? Қар барысының шынайы емес, жасанды терісін танысым менің 50 жылдық мерейтойымда сыйлаған. Шу шыққан соң оны өзіне беріп жібердім», - деді Закирьянов.

Аңшы-профессор әлі де тың. Бұдан кейін де аңшылықты жалғастыра беремін дейді. Ендігі арманы өз коллекциясын «Африка бестігімен» толықтыру. Ол бестікке арыстан, леопард, піл, мүйізтұмсық және буйвол кіреді. Ал, оның қанжығасында арыстан мен буйволдың бар екенін ескерсек, Закирьянов енді қалған үшеуін атып алу үшін Африкаға аттануы мүмкін.

Айта кетейік, бүгін аталған фотосуретке байланысты Экология министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Ведомствоның баспасөз хатшысы Самал Ибраеваның айтуынша, министрліктің Алматы облысы бойынша инспекциясы Полиция департаментіне хат жолдап, істі тексеруді сұраған.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы