Ерекше қажеттіліктері бар адамдар eGov арқылы креслоға тапсырыс бере алады
Тағы 6 жаңа қызмет іске қосылды
Жақында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тағы 6 жаңа қызмет іске қосылды. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Енді eGov порталында ымдау тілі маманы, жеке көмекші немесе санаторий-курорттық емделу қызметтеріне тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ міндетті гигиеналық құралдарға тапсырыс, кресло-арбалар, есту аппараттары, протездер және т.б. ұсыну бойынша қызметтер қолжетімді болды.
«Барлығы ыңғайлы әрі оңай. Қажетті құрал мен арбаны алу мақсатында ХҚКО-да кезекте тұрудың қажеттілігі жоқ. Бар болғаны, eGov порталы арқылы тапсырыс бере отырып, Қазпошта курьерлері барлығын жеткізеді. Бізге жаңа енгізілімдер туралы мұқтаж адамдардың білгені маңызды және оған көмектесетін жігіттер бар екендігі қуантады. Оның себебі, Instagram желісінде мені @qazymcenter жігіттері белгілеп, eGov порталында қолжетімді қызметтер туралы роликтер түсіріпті. Осы ауқымды жұмыстары үшін оларға алғысым шексіз!», - деп жазды министр.