Елімізде құстың 150 түрі жойылып кетуі мүмкін
Орнитологтар дабыл қақты
Отандық орнитологтар болжамымен бөлісіп, Қазақстанда құстың 150 түрі жойылып кетуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы АstanaTV хабарлады.
Ғалымдар Таяу Шығыстағы соғыстарды құстардың жойылу себептерінің бірі деп атады. Себебі, көші-қон құстарының жолы Сирия арқылы өтеді. Бұл елдегі қарулы қақтығыс салдарынан құстардың саны азайып бара жатыр.
«Бозторғайлар жойылып барады. Бұрын тек Зайсан қазаншұңқырында бозторғайдың 11 түрі болған. Қазір дала «үнсіз», - дейді орнитолог ғалым Борис Щербаков.
Құстардың жойылуына тағы бір себеп – мейрамхана бизнесі. Еуропалық кафелердің мәзіріне жаңа тағам түрлерін енгізу сәнге айналған. Сондықтан мейрамхана иелері ұшып, қоныстанып жүрген құстарды аулайды.
«Көптеген құстың түрі ауланады. Мәселен, Майамиде мейрамханалар мен асханалар үшін 20 миллион ұсақ құстар ұсталған. Осыдан 5 күн бұрын Еуропа арқылы ұшып, орын ауыстырып жүрген бұлбұлдарды, торларды және өзге де құс түрлерін ұстап, мейрамхана үшін қолданып жатқаны туралы белгілі болды. 200-500 құстан тұратын топтан Африкаға тек 20-30-ы ғана жетеді екен», - дейді орнитолог ғалым.