Үсік, нөсер және жел: 29 сәуірде Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді

Бірқатар өңірде үсік түсіп, найзағайлы жаңбыр мен қатты жел күтіледі

Үсік, нөсер және жел: 29 сәуірде Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді
Фото: istockphoto.com

29 сәуір, сәрсенбі күні Қазақстан аумағының басым бөлігінде антициклон жотасының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Сонымен қатар метеорологтардың нақтылауынша, елдің батысында, солтүстік-батысында және солтүстігінде, сондай-ақ оңтүстіктің таулы аймақтарында жаңбыр жауып, найзағай болады, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін.

Бұдан бөлек, республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі, ал оңтүстікте жел екпіні күшейіп, дауылды сипат алуы ықтимал.

«Түнде бірқатар өңірдің солтүстігі мен шығысында үсік жүреді: Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында -3°-қа дейін, Ақтөбе облысының батысы мен солтүстігінде және Абай облысының орталығында -2°-қа дейін, Ақмола, Павлодар және Қарағанды облыстарының кей бөліктерінде -1°-қа дейін төмендейді», – мәлімдеді «Қазгидромет» баспасөз қызметі.

Сондай-ақ бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Мәселен, Атырау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Солтүстік Қазақстан облысының батысында, Павлодар облысының солтүстігінде, Абай облысының орталығында және Қызылорда облысының шығысында өрт қаупі жоғары болады деп күтіледі.

Ал Жетісу облысының оңтүстігі мен шығысында төтенше деңгейдегі өрт қаупі болжанып отыр.

Еске салайық, бұған дейін еліміздің бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды.